Күмісбай Нұрмаханұлы өзінің 40 жылдан астам еңбек жолында облыстық аурухананың балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, бірінші санатты дәрігер, қалалық аурухананың хирургия бөлімінің хирургі, облыстық балалар ауруханасының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығына, антына адал дәрігер ретінде ұжымдастары мен пациенттерінің алғысына бөленді. Өмір мен өлім арпалысында жан аямай еңбек етіп, бар білімі мен білігін салып қаншама баланы құтқарып қалғаны бірінші өзіне, онан қалды әріптестеріне аян. Туа бітті ішкі ағзалар аномалиясы, туа біткен жамбас буын шығуы, туа біткен саусақ табан аномалиясы, қисық мойын секілді көптеген жедел әрі күрделі оталарды сәтті өткізіп, «алтын қолды» дәрігер атанды.
Сыр өңіріндегі балалар хирургиясының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, аймақ медицинасы тарихында есімі алтын әріппен жазылатын бірегей хирург Күмісбай Оразбақов 80 жасқа толып отыр.
Күмісбай Нұрмаханұлы 1941 жылы 1 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1958 жылы Сырдария ауданы «Коммунизм» совхозындағы орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы медициналық училищенің фельдшерлік бөліміне оқуға түседі. Ол еңбек жолын 1960-1961 жылдары Қызылорда қаласындағы республикалық психоневрологиялық ауруханада бастайды. 1964 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін Алматы медициналық институтында білім алады. 1970 жылы туған жерге оралып, облыстық аурухананың хирургия бөліміне балалар хирургі ретінде жұмысқа қабылданады. 1971 жылы Шымкент облыстық ауруханасында балалар хирургиясы бойынша интернатурадан өтеді.
Күмісбай Оразбақов өзі таңдаған хирургия саласының қыр-сырына үңіліп, оны зерттеуден, кәсіби біліктілігін арттырудан жалыққан емес. Осы мақсатта ол Мәскеу, Ленинград, Қазан, Новокузнецк қалаларында ішкі ағза хирургиясы, жаңа туған нәрестелер хирургиясы, балаларда кенеттен болатын аурулар, жарақат кезіндегі жедел көмек және күтімі бойынша біліктілік курстарынан өтті. Білікті хирург, майталман маманның еңбегі, өткен жолы, жасаған оталары кейінгі жас дәрігерлерге үлгі-өнеге. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет» грамотасымен, басқа да көптеген марапаттармен марапатталған.
Күмісбай Нұрмаханұлы – білікті дәрігер ғана емес, сонымен бірге отбасында үлгілі әке, немере-шөберелерінің сүйікті атасы атанып отырған бақытты қария. Ол мыңдаған жас жеткіншектің өмірін құтқарушы ретінде ата-аналардың да, айналасындағылардың да алғысын алған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<