Балалар хирургиясының атасы

403

0

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Алтын адам» сыйлығының иегері Камал Сәруарұлы Ормантаев 1936 жылы 11 қыркүйекте Қармақшы ауданы «Октябрь» ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1963 жылдан Қазақ Ұлттық медицина университетінде ассистент, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1980-1985 және 1993-2001 жылдары Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры болды.

Негізгі ғылыми еңбектері балалар хирургиясына арналған. Балалардың бас сүйегі және миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетіл­діріп, оның патогенезін анықтауда ке­шенді зерттеулер жүргізді. Бассүйек пен миға жасалатын операцияның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйігін зерттеп және оны емдеудің алты жаңа әдісін анықтады. Сондай-ақ іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тә­сілін ұсынды. Ол Қазақстанда педиатр­лардың, балалар хирургтерінің, анес­тезиолог-реаниматологтарының, ор­то­пед-травматологтарының ғылыми мек­те­бінің негізін қалады.

1971 жылы хирург медицина ғы­лымдарының докторы, 1972 жылы профессор, 1981 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, 1994 жылы Қазақстан ҰҒА-ның академигі атанды. ҚазГМУ балалар хирургиясы кафедрасының мең­герушісі қызметін атқарды. 40-тан астам авторлық куәлігі және 1 па­тенті бар. Жыл дәрігері номинация­сы бойынша «Алтын адам» (2000, 2001 жж) сыйлықтарын алған, «Тарлан-2004» ғылым жөніндегі жүлденің иегері. Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты (1999 ж), «Парасат» орденімен марапатталған. Қызылорда қаласының құрметті азаматы.

Тарихқа үңіліп, назар аударатын болсақ, Сырдың киелі топырағынан ғұ­лама ғалымдар, академиктер, ғылым докторлары шығып, медицина сала­сының дамуына, оның өсіп-өркен­деуіне ұлан-ғайыр еңбек сіңіріп, ха­лық денсаулығының жаңаруына ай­тар­лық­тай үлес қосқаны баршаға мә­лім. Со­лардың көбінен өзінің ерен еңбе­гімен, қайрат-қажырымен оза шауып орын алған Камал Сәруарұлы Ормантаев ағамыз еді.

Әкесі Сәруар 1941 жылы қыркүйекте соғысқа кетіп, бір жарым жылдан кейін жарақат алып, елге қайтып оралған. Камал ағамыз мектеп-интернатта оқып, 1953 жылы үздік бітіріп шықты. Сол кезде әкесі Сәруар: «Сен осы балалар дәрігері болсайшы» деп кеңес береді. Айтқанындай, 1954 жылы Алматы мем­лекеттік медицина институтының сту­денті атанды.

Ізденімпаз, еңбекқор шәкірт ылғи да ұстаздарының көңілінен шығып жүрді. Доцент Фатима Мусабаева, оның күйеуі, сол кездегі Денсаулық сақ­тау министрінің орынбасары Халық Мусабаев, Михаил Брякин сынды ұс­таздары мен жанашырлары – Камал Сәруарұлының өмір жолында өшпес із қалдырған жандар. Кезінде әскери хирург болған профессор М.Брякин өте қатал, бірақ аса әділ адам болған. Ол «Хирургия – полувоенная дисциплина!» деп, тәртіпті талап еткен. Міне, Камал Ормантаев та тәртіппен жұмыс істеуді осындай кісілерден үйреніп, Брякинге аспирантураға түсті. Ал 1966 жылы «Балалар миының шайқалуы» деген тақырыпта кандидаттық қорғайды.

Ғылым жолы айтуға оңай болғанмен, асқаралы асу, оған таудай талабыңмен қоса асқан жігер, қажымас қайрат керек екенін жақсы түсіне білді.

1966 жылы Мәскеуге докторанту­раға шақырылды. Ол кезде үйлі-баран­ды, бір ұл, бір қыздың әкесі еді. Көңілі алаң болып жүргенде Одақ астана­сындағы академик В.Стручковтан «Ме­дицина ғылымдарының кандидаты К.Ормантаев докторантураға жі­бе­рілсін» деген бұйрық келіп, Мәс­кеуге жол тартты. Докторантураны аяқ­та­май, небәрі 32 жасында Алматы мед­институтының кафедра меңгерушісі бо­лып тағайындалды. Сол кафедраны 43 жыл бойы басқарып, құрметті кафедра меңгерушісі атанды.

1971 жылы Қазақстаннан бірінші болып Мәскеуде балалар хирургиясынан докторлық диссертация қорғады. Жұмысы тікелей осы салаға байланыс­ты болған соң, Камал Сәруарұлы ана мен бала денсаулығы жайлы үнемі ой­лап әрі жанашырлықтан осы салаға бүйрегі бұрып тұратын.

Көп жылдан бергі қажырлы еңбегі, ұйымдастыру қабілеті ескеріліп, 1980 жылы Ана мен баланы қорғау институтына, қазіргі педиатрия және балалар хирургиясы институтына директор болып тағайындалды. Келер жылы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дін­мұхамед Қонаевтың қабылдауында болды. Жылы шыраймен қабылдаған Дінмұхамед аға жағдайды біліп, өзінің жұмыс жасап жатқан саласында қандай талап-тілегінің бар екенін сұрайды. Институт жартылай барақ типтес ескі үй, адам еңсесін басып тұратын және айналасында дұрыс қоршауы да жоқ, маңайындағы жер үйлермен араласып кеткен, көзге қораштау көрінетін. Осы кездесуді пайдаланып бар жағдайды жайып салмаса, кейін кеш болатынын ұққан Камал аға:

– Институттың ғылыми-зерттеу ор­талығы әрі ана мен балаға арналып жасалған емдеу мекемесі. Ғимараттың әбден тозығы жеткен, кішкентай, оның үстіне бұл институт – республикалық деңгейдегі мекеме. Шетелдерден қо­нақ­тар жиі келіп тұрады, – деп сол кез­дегі облыстық аурухана үшін салынып жатқан ғимаратты сұрайды.

Димаш ағамыз Қамекеңнің ұсыныс­тарын қағазға түртіп алып, жылы шырай ризашылықпен шығарып салды. Көп ұзамай институт жаңа ғимаратқа көшірілді. Камал аға:«Біздің қазақ хал­қының тарихында Димекеңнің орны да, жөні де бөлек. Ол кісі уәде берді ме, соны міндетті түрде орындайтын. Жа­ратылысынан ерекше сабырлы, ұс­тамды жан болатын» деп үнемі айтып отыратын.

Біз күнделікті өмірде көп жағ­дай­ларды, болып жатқан кейбір келең­сіз тірліктерді пендешілік деген ұғым­мен жай ғана жылы жауып қоя сал­ғы­мыз келеді. Ал шындығына келе­тін болсақ, мұның артында бір-бірі­мізді кө­реалмаушылық, қызғаныш, іштар­лық, арамдық пиғылдың жатқанын бай­қамасқа болмайтын сияқты. Мұндай жағдайлар Камал ағамыздың басынан талай рет өтті. Өйткені ол жастайынан танылды, өзі таңдаған мамандығының шыңына жетті, академик атанды. Өмір­дің сан түрлі қиындығын бір адамдай жеңе білді.

1984 жылы Қазақ ССР Денсаулық министрлігі оны Педиатрия инсти­ту­тының директоры қызметінен боса­тып жіберді. Өмірде аққа қара жа­ғыл­майтыны рас. Мұны естіген Димаш Ахметұлы Камал Сәруарұлын қабыл­дауына шақырып, анық-қанығын сұ­райды. Комиссия жіберіп тексертіп, оның шындыққа жанаспайтын жала еке­нін анықтағаннан кейін қызметіне қай­та кірісуіне рұқсат береді.

Мұндай жағдай кейін тағы екі рет қайталанады. Осының бәрі Камал аға­мызды қажытқаны рас.

Балалар хирургиясының атасы,

Қабыл болған елінің берген батасы.

Құдайдан кейін құдірет

берген бойына,

Бұл сөзімнің болмаса керек қатасы.

Сәбилер үшін дәрігер болып

жаралған,

Алғыс пенен ақ батадан нәр алған.

Ана мен бала болсын деп әркез

ұдайым,

Ойында оның тек адалдық,

ақ арман.

Сағындық аға, өзіңді ойлап

сағындық,

Көңіліміздің дастарқанын

кең жайдық.

Артыңда қалды ғылымның шексіз

мұрасы,

Емес пе ол ұрпаққа қалған кен,

байлық.

Жатқан жерің жайлы болсын,

жан аға,

Еңбегіңе берілмей кетті шын баға.

Жатқан жерің жайлы болсын,

жәннатта,

Иманды етсін Жасаған Алла тағала!

Сағындық ШӘМШИЕВ