Балам тамақ ішпей, құсып, ыстығы көтерілген соң, әдеттегідей үй жағдайында емдемек болдым. Бірақ берген дәрілерім әсер етпей, жөтеліп, өкпесі сырылдап қалды. Асқындырып алармыз деп қатты қорықтық. Жедел жәрдем шақырып, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына бардық. Қабылдау бөлімінде дәрігер «жатып ем алу керек» деп ауруханаға жатқызды. Құжаттарымызды реттеп, пульмонология бөлімшесіне бардық. Бөлімше бала мен анаға толып тұр. Қала тұрғыны Гүлнұрдың екі баласы бірдей ауырса, Айжамал үш баласымен жатыр.
Дәрігерлер не дейді?
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 360 төсек-орын бар. Пульмонология бөлімшесі 65 балаға арналған. Қазір сол бөлімшеде 124 бала ем алып жатыр. Дәрігерлер науқас балалар артқан соң төсек-орынды көбейткен.
«Балалардың ауру белгілері ұқсас. Шағымдары – дене қызуының түспеуі, іш өту, жөтел, өкпедегі сырыл. Бір ғана қыркүйек айында 307 бала емделіп шықты. Олардың 112-сі пневмония, 195-і жоғары тыныс жолдарының инфекциясын жұқтырған. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғарылаған, − дейді аурухананың педиатр-дәрігері Қарлығаш Елубайқызы.
Стационарға жатқызу көрсеткіші көбеюі салдарынан модульді стационарда 180 төсек ашылған. Онда да балалар ем алып жатыр. Әлеуметтік желі балалардың жаппай ауыруына байланысты жазбаларға толды. Бірі ауруханаға шағым айтса, енді бірі алғысын білдірген. Медина Нұрлан есімді бала алғаш ауырып балалар ауруханасына түскен, ондағы емі нәтижесіз болып, қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. «Немерем бұрын-соңды бұлай қатты ауырмаған еді. Тұмауратып қалса да жеңіл өтетін. Даусы шықпай, тіпті жылай алмай қалды. Қызуы түспеген соң тіпті қорықтық. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының білікті дәрігерлеріне мың алғыс. Немеремнің беті бері қарады» дейді Мединаның әжесі Эльмира.
Аталған ауруханада жедел- респираторлы вирусты инфекциямен ауырған 200 науқас ем алуда.
– ЖРВИ, тұмаудың эпидемиологиялық маусымы басталып, ауа райының да өзгеруіне байланысты науқас саны көбейіп, қосымша модульдік стационар ашылды. ЖРВИ диагнозымен қатар ауруханада жедел-ішек инфекциясымен түсетін науқастар саны да жоғары болып отыр. Түсетін науқастардың басым көпшілігі балалар. ЖРВИ-мен ауырған науқастарда кездесетін негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, әлсіздік, жөтел. Ауруханаға жатқызылған науқастың жағдайына қарай емдеу хаттамасына сәйкес ем жүргізіледі. ЖРВИ, тұмаудың эпидемиологиялық маусымында қалалық емханаларда сүзгі бөлімі жұмыс жасайды. Жеңіл жағдайдағы науқастар, ауырғанына 1-2 күн болған және қосалқы аурулары болмаған жағдайда емханаға жүгіне алады, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-эпидемиологі Гүлбақша Жексенбай.
COVID емес пе?
«СOVID-19» дертімен балалар жаппай ауырады деп болжам айтқан кім еді? Балаға ең күшті антибиотиктерді беріп жатырмыз. Қызуы түспейді. Әрі құсып, әрі іші өтіп, жөтеліп дереу өкпесі сырылдап қалатындай бұл қандай мықты вирус?» дейді редакциямызға хабарласқан Гүлжахан әжей.
Ата-аналардың алаңдаушылығын жеткізіп, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарластық. Мамандар коронавирустан қорғану шараларын әлсіретіп алмау керек деп отыр. «Жыл басынан бері облыс бойынша коронавирус індетіне шалдығудың 6346 дерегі есепке алынды. Оның ішінде 1203 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Облыс ақпан айынан бері «жасыл» аймақта. Содан бері облыс көлемінде коронавирус бойынша тұрақты эпидахуал қалыптасқан. Пандемия әлі аяқталған жоқ, сондықтан вакцинация мен ревакцинацияның пайдасы зор. Ол тек COVID-19-дан емес, барлық инфекциялық аурулардан, ауа тамшылары арқылы таралатын вирустардан қорғануға көмектеседі. Бүгінгідей күн суытып, түрлі вирустық аурулардың таралу уақыты басталған кезде бұл аса маңызды» деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Балаңыз вакцина алды ма?
Облыстық денсаулық сақтау басқарамасы басшысының ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова балалардың жаппай ауруы жыл сайынғы ЖРВИ деп отыр.
– Жылда күз мезгілінде ЖРВИ, тұмау аурулары жиі кездеседі. Оған ауа райының қолайсыздығының әсері себеп. Ал іш өту, құсу жағдайларына келер болсақ, бұл қазіргі жүріп жатқан ротовирустық гастроэнтериттер деп айтылады. Ол да – вирустың бір түрі. Бұл іш өту, құсу белгілерімен өтеді, яғни вирустан өршіген шабуыл деп айтуға болады, – дейді жауапты маман.
Дәрігер мұның алдын алу жолы тұмауға қарсы вакцинация салдыру дейді. Қазір тұмау екпесімен 90,8%-ы қамтылды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 18792 бала екпе алды, жүкті әйелдердің 2 452-ы қамтылды. Тұмау мерзімі басталғанға дейін ең тиімді әдіс – вакцина салдыру. Ол тұмауды жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі. Вакцинация бала үшін қауіпсіз. Ауыр жағдайда ЖРВИ инфекциясымен балалардың түсуін алдын алуда емхана деңгейінде үйдегі стационар, күндізгі стационар жұмыстары күшейтілді, − дейді Мая Миранбайқызы.
Қала тұрғыны Талғат Меңдібаев, «Үйдегі кішкентай бала ауырып, жедел жәрдем шақырғанбыз, «кешіріңіз, қазір нәрестелерге шақырту көп, күтесіз, бәрінде температура, ренжімеңіз» деді. Бұған кешегі салқында жылудың уақытылы берілмегені де әсер етіп отыр. Үй салқын болған соң балалар суықтап қалған. Жылуды 15 қазанда қосамыз демей, ауа райына сай дайын болуы керек қой. Не болды енді, балалар жылында балаларды ауыртып алдық?» деп әлеуметтік желіге ренішін жазды. Ал қала әкімдігі «Қаладағы барлық жылу орталықтары толық іске қосылды. Бесінші қазаннан бастап барлық нысандарға жылу берілді. Қалған жұмыс тұрғындардың өзіне байланысты. Пәтердегі құбырлардың ауасын шығарып, КСК мамандарымен байланысу керек» деп хабарлады.
Дәрігерлер баланың жеке бас гигиенасын сақтау, мектеп оқушылары, ересек адамдар да қолын жиі сабындап жылы сумен жуу керектігін айтады. Ауыз қуыстарын шаю, үйді желдетіп отыру да маңызды. Баланы жасына сай құнарлы тамақтандырып, жылы суды көбірек ішкізуге кеңес береді.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<