Балаларда белең алған не ауру?

1006

0

Күз мезгілі басталып, күн суытқан кезде түрлі вирусты аурулардың,  әсіресе, тұмау, жедел-респираторлы вирусты инфекцияның белең алатыны белгілі.  Биыл да ауа райының тұрақсыздығына байланысты жедел-респираторлы вирусты инфекцияның (ЖРВИ) таралуы күрт артуда.

Өткен 9 айда облыс көлемінде жедел-респираторлы вирусты инфекцияның 17721 жағдайы тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 2155-ті құраған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 31 процентке жоғары.

–    Жедел эпидемияға қарсы шараларды қабылдау мақсатында жыл сайын қазанның 1-нен бастап апталық мониторинг жүргізіледі. Желтоқсан айынан бастап халықтың жедел-респираторлы вирусты инфекция мен тұмауға шалдығу жағдайына күн сайын мониторинг жасалады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мамандардың мәлімдеуінше, өткен екі айда вирусты инфекция әсіресе, балалар арасында жиілеген. Мәселен,  қыркүйек айында жедел жәрдемге 18 жасқа дейінгі балаларға түскен шақыртулар 11475-ті құраса, қазанда 17105 болып, 32,9 процентке көбейген. Ауруханаға тасымалдау  2 айда 24 процентке артқан. Оның ішінде ЖРВИ диагнозымен шақыртулар саны 51 процентке көбейген. Аталған аурумен  ауруханаға жатқызылғандар 54 процентке артқан. Әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауруханаға жатқызу қыркүйек айымен салыстырғанда 54,5 процентке жоғары. Пневмониямен ауруханаға жатқызылғандар саны қазан айында 100-ге жетіп, оның 84 проценті 5 жасқа дейінгі балалар үлесінде болып отыр.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетованың берген мәліметіне сүйенсек, биылғы эпидмаусымда облыс көлемінде ЖРВИ-дің 2162 жағдайы тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 262,9-ды құрады. Ауруға шалдыққандардың 58 проценті, – 14 жасқа дейінгі балалар.

Зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының деңгейі 187 жағдайға дейін төмендеген. Биылғы 9 айда тұмау  тіркелмеген.

–    ЖРВИ, тұмау, пневмония аурушаңдығы бойынша биылғы 10 айда барлығы 3327 бала емделіп шықты, былтыр 2433 бала ем алған болатын. Ал 9 айда ЖРВИ-мен 733 науқас емделіп шықты, оның 627-сін 14 жасқа дейінгі балалар құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 1277 болған. Көрсеткіштің аз болу себебі биылғы сәуір айынан қыркүйекке дейін аурухана толықтай коронавирусқа қарсы инфекциялық стационар болып бейімделуінде, – деді ол.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, елімізде ЖРВИ және тұмаумен аурушаңдықтың көтерілуі алдыңғы эпидемиялық маусымдарды талдау бойынша қаңтардың аяғы мен ақпанның басына келеді. Мамырда бірлі-жарым жағдай тіркелді. Елде тұмау вирусының айналымына мониторинг жасау және вирустың жаңа штамдарын анықтау түрінде ауруды қадағалаудың тиімді жүйесі қамтамасыз етілген. Тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алуға қаражат бөлінеді.

–    2021-2022 жылғы эпидмаусымға бөлінген қаражат көлемі 70,9 млн теңгеден 78,6 млн теңгеге дейін көбейіп, 80186 доза вакцина сатып алынды. Егу жұмыстары қыркүйек айының 15-нен бастап жергілікті емханаларда жүргізілді. Облыс бойынша 82383 адам тұмауға қарсы вакцинамен қамтылды. Оның 80383-і жергілікті бюджет есебінен егілсе, 2000-ы жұмыс берушілер тарапынан қамтылды, – деді Әлия Әбдіқайымова.

Осы орайда мамандар аурудың алдын алу мақсатында тұрғындарды көпшілік ортада аз болуға, әсіресе балаларды жиын-тойларға апармауға, санитарлық талаптарды сақтауға шақырады және дене қызуы көтеріліп, ауырған жағдайда баланы емханаға, ауруханаға апармас бұрын жедел жәрдем немесе емханадан дәрігер шақыртуға, яғни, баланы неғұрлым оқшаулап ұстауға кеңес береді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<