Балаларға қорған болған хирург

1244

0

«Армысыздар, Қазақ елі! Бүгін тағы қуанышты күн! Тағы бір періштемізді аман-есен үйіне шығарып салдық. «Некротикалық энтероколит, ІV дәрежелі. Тоқ ішек некрозы, перфорациясы. Жайылған нәжісті-фибринозды перитонит. Терминальды сатысы» диагнозымен түскен нәрестеге төртінші тәулікте «Лапоротомия. Ревизия. Адгезиолизис. Илеоцекальді аймақ резекциясы. Илеостома. Санация. Іш қуысын дренаждау» операциясын жасағанбыз.

Нәрестенің жағдайы түскен кезде де, операциядан кейін де өте ауыр болды. Неонатальді хирургия бөлімі ұжымының аянбай еңбек етуінің арқасында нәрестеміз аман қалды. Бірақ періштемізге операцияның екінші кезеңі қажет еді. Екінші этапты өзімізде жасауға жүрегіміз дауаламады. Бір рет аман қалды, екіншісінен аман алып шыға аламыз ба деген сұрақ тұрды ойымызда. Өйткені дәл осындай илеоцекальді аймақты нәрестелерімізге резекциялаған аймаққа анастомоз жасап көрмеппіз. Анасына барлық жағдайды, болуы мүмкін асқынуларды, қайғылы жағдаймен аяқталу қаупі бар екенін түсіндіріп, еліміздің орталық клиникаларына жолдауды ұсындық. Анасы «маңдайымызға жазылғанда көреміз, сіздерге сенеміз, еш жерге алып бармаймыз» деді. Нартәуекел деп, Витебск бойынша тоқ ішек қалта қалыптастыра отырып, аш ішекті Т тәрізді етіп анастомоз жасадық. Отадан кейін нәрестеміз қайтадан қиын кезеңдерді бастан өткізді. Тәңіріміз жарылқап, ата-баба аруақтары қолдап, нәрестеміз аман-есен үйіне шығарылды! Осылайша ата-ана сенімін ақтап, қоржынымызға тағы бір операция тәсілін еншіледік!»

Бұл – облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігері Болат Маханбетияровтың әлеуметтік желіде  жуырда ғана жариялаған жазбасы.  Қым-қуыт тіршілікке толы дәрігерлік қызметте жүріп әлеуметтік желіде де белсенді болуға  көп маманның мойны жар бермесі анық. Ал Болат өзі жасаған қиын оталарды, түнгі кезекшілікте кездескен ерекше оқиғаларды, қызметте қолданған тың тәсілдерді желіде жариялап, дәрігерлік мамандықтың қыр-сырын, қиындығы мен қызығын көпшілікке жақын таныстыруды әдетке айналдырған. Хирургтің жазбаларынан медицина мамандарының күрделі де аса жауапкершілікке толы қызметіне қанығып, олардың ерлігіне бас иесің.

Болат Үмбетиярұлы 1984 жылы дүниеге келген. Қарапайым, көпбалалы отбасында өскен ол 2002 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2008 жылы үздік дипломмен аяқтаған. Интернатураны академия базасында балалар хирургиясы кафедрасында өтеді. Еңбек жолын 2009 жылы облыстық медицина орталығында балалар хирургі болып бастайды. Балалар хирургі бола жүріп, жаңа туған нәрестелер арасында туабітті ақауы бар сәбилердің хирургиялық патологиясына көңіл қойып, туабітті ақауларды анықтап, емдеумен айналыса бастайды. 2011 жылы Санкт-Петербург қаласында неонатальді хирургия бойынша білімін жетілдіреді. 2016 жылы Санкт-Петербургте тағы да білім жетілдіру курсынан өтеді. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда «Северанс» клиникасында неонатальді хирургия бойынша білімін жетілдіріп, туабіткен ақауларға жасалатын операциялардың ерекшеліктерін игеріп, ота жасау тәсілдерін жандандыра түседі. 2018 жылдан бастап облыстық балалар ауруханасының хирургия І бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.

– Ата-анам: «Адамның қолынан келмейтін іс болмайды, адамның істегенін адам істейді. Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегенді жиі айтып отыратын. Осы сөздерді өмірлік ұстанымым ретінде пайдаланамын. Қиналған кезде әрдайым есіме түсіп, қайта жігерленемін. Жалпы хирургиядан бөлек, неонатальді хирургияға қызығушылығым артып, жаңа туған нәрестелердің туабітті ақауларымен айналыса бастадым. Нәрестенің дене бітімі қандай нәзік болса, ішкі ағзалары да сондай. Уақытынан бұрын босанған, аз салмақты нәресте ақаумен туылса, жағдай қиындай түседі. Операция жасаған науқастарымның ішінде ең аз салмақтысы – 600 грамм. Ең қиыны 1500 грамм салмақтағы шақалақтың өңеш атрезиясына операция жасау болды. Осылайша күнделікті жұмыс барысында түрлі салмақтағы нәрестелерді, түрлі ақауларды көре береміз. Бір күнде ақаумен туған бірнеше балаға ота жасаған кездер де болды. Операция жасамасақ қайғылы жағдай орын алады, жасасақ үміт оянады. Үмітіміз ақталған сайын жұмысқа деген ынта-жігеріміз де арта түседі. Медицина – командалық жұмыс. Аурухананы біртұтас команда десек, науқастың амандығы осы команданың тұтастығына байланысты. Жалғыз мен емес, барлық әріптестерім жұмыс барысында осындай қиындықтарға тап болады. Біздің жұмысымызды қарапайым жұрт біле бермейді. Сол себепті әлеуметтік желілерге атқарған жұмысымыз туралы жазбалар жүктеп отыруды ойладым. Ол да қосымша жұмыс, бірақ қажет. Сондықтан уақытымды тиімді пайдалануға тырысып, үлгергенімше жазамын, – дейді дәрігер.

Антына адал, кәсібін бәрінен жоғары қоятын саулық сақшысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<