Ел дамуының динамикасы жергілікті халықтың өсімімен, көрсеткіштерімен өлшенеді. Денсаулық сақтаудың тиімді жүйесі – адами капиталды дамытудың негізгі құрамдас бөлігі. Қазақстан халқы санының өсуі, азаматтардың өмірінің ұзаруы медициналық-демографиялық ахуалдың жақсаруымен байланысты. Денсаулық сақтау саласындағы кластерлік әдісті қолдануды арттырып, жаңашылдыққа бой ұрған іргелі ұжым Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы.
Жаңарған инфрақұрылым, жаңғырған жүйе
Бұған дейін тек облыс орталықтарында ғана болған емдеу мекемесінің аудан орталығынан бой көтеруі – денсаулық саласына оң көзқарастың, ел әлеуетінің көрінісі. Мұнда ауданның 54932 тұрғынына, көршілес Байқоңыр қаласы, Арал, Қармақшы ауданы тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Озық үлгідегі медициналық-диагностикалық құрал-жабдықтар, керек-жарақтармен қамтылған орында 161 жоғары білімді дәрігер, 770 орта буын қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында Денсаулық сақтау саласының үздігі Көбек Наршабай, Бақытгүл Әлішева, Ғалымбек Баймаханов, Серік Айбасов, «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Раушан Қауовалар бар. Сондай-ақ жоғары санатты дәрігерлер акушер-гинеколог Айгүл Медетбаева, интервенционды кардиолог Кенесары Баспаев, кардиолог Ләззат Жұбанова, невропатолог Гүлмария Дәрменова, Жаңыл Барақбаева, реаниматолог Асылбек Жиенбаев, акушер-гинеколог Сәуле Құтекеева – тәжірибесі толысқан мамандар.
Ауруханада анестезиология және реанимация, терапия, хирургия, гинекология, ақылы емдеу, кардиология, перзентхана, оңалту, балалар бөлімдері бар. 238 төсек-орын тәулігіне 250 тексерілуші қабылдауға қауқарлы. Ауруханаға қарасты емхана терапевт, педиатр, бейінді мамандар – кардиолог, невропатолог, окулист, лор, маммолог, эндокринолог, проктолог, уролог, фтизиатр, стоматолог, балалар невропатологі, нарколог, психиатр, рентгенолог, гинекологпен қамтылған.
Аудан тұрғындары жаңа аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 фельдшерлік бекет игілігін көруде.
Шалғайдағылар да шет қалмайды. Өткен жылы «Қазақстан халқы» қорынан жылжымалы медициалық кешенге қол жеткізген. Құрамында рентген, УДЗ, көз, құлақ, қан қысымын өлшейтін аппараттар бар мамандар кесте бойынша аралап, алыстағы ағайынның ахуалын аңдайды.
Осы жылы денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен облыстық онкологиялық орталықтан келген әмбебап медициналық кешеннің көмегі көп болды. Жапондық жаңа құрылғы компьютерлік томограф, ультрадыбыстық тексеру аппараттары қатерлі ісікті ерте сатысында анықтайды.
Барлық баланы профилактикалық-медициналық тексеруден өткізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Аудандағы 37 мектеп медициналық кабинетпен жабдықталған.
Қазір омырау обыры жасарып келеді. Бұл бағытта маммолог маман жасаған тұжырымдама мен оқылымды облыстағы мамандар да оқып, науқастың жағдайын жақсаруға бірлесе әрекет жасайды. Егу жұмыстары басқа аудандарға қарағанда жақсы деңгейде. Тәулік бойы емдеумен, күндізгі стационармен қамтамасыз етілген. Былтыр «Бозкөл», «Кәукей», Абай елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар халық қажеттілігіне ұсынылған.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу арқылы бұрын тек үлкен қалаларда болатын күрделі операцияларды жасауға қол жеткізілген. Ангиограф аппаратын 2017 жылы республика бойынша аудандар ішінде алғашқы болып алып, жүрек-қан тамырлары жағдайын анықтап, ота жасау жолға қойылған.
Материалдық-техникалық жабдықтармен бірге көлікпен қамтамасыз ету маңызды, биыл 20 жаңа көлік алу жоспарланған. Жүйелі жұмыс толық құраммен жүзеге асады. Емдеу орындарында маман тапшылығы жоқ.
Бүгінде ел бойынша денсаулық сақтау саласын одан әрі жаңғыртуға, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектердің сапасын жақсартуға және олардың халыққа қолжетімді болуына, сондай-ақ жүйені цифрландыруға ерекше маңыз беріліп отыр. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қиындық жоқ. Науқастың жағдайын жақсартуға телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сынды сандық технологиялар мүмкіндігін пайдалану жолға қойылған. Қағазбастылықтан арылған мамандар санды жүйе жүйелілікке жол ашып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік тудырғанын айтуда.
Алғашқы медициналық көмек көрсету қашан да маңызды. Қызмет түрі азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, бәріне қолжетімді.
Жеделдікке жол ашқан
Емханадағы заманауи офтальмолог жарықшақ шамы көз жанары жағдайын терең тексеруге мүмкіндік береді. Сыртқы тексеру кезінде көз бөліктеріне биомикроскопиялық зерттеу жүргізіп, күшті оптикалық үлкейту арқылы тірі тіндерін тексереді. Әсіресе, контактілі линзаны үнемі қолданатын адамдар үшін маңызды.
Жүрек-қан тамыр аурулары Қазақстандағы өлім-жітім себептерінің көшін бастап келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде осы аурулардың алдын алу мен емдеуге көп көңіл бөлінеді. Оталарды Қазалы көпсалалы орталық ауруханасының мамандары қазір ауданда жасайды. Жаңа ангиограф аппараты кез келген тамырдың үш өлшемді көрінісін көрсете алады. Бұл инсульттің алдын алуда маңызды. Қан тамырларын жақыннан көріп, аяқ тамырларының ақауын анықтайды.
Мұндағы рентген-эндоваскулярлық бөлімшеде ай сайын 50-60 ота жасалады. Өткен жылы отаға жүгінген 523 пациенттің 315-і аудан азаматтары болса, өзгелері Арал, Қармақшы, Байқоңыр, Қызылорда, Төретам, Астана, Ақтөбеден келген. Биыл 281 ота өткен. Емделушілер қатарында Тараз, Ақтөбе, астаналықтар да бар.
Дәрігерлер алдағы уақытта жамбастың варикозды кеңеюіне, аденома және жатыр миомасына ота жасауды жоспарлауда.
Аурухананың терапия бөлімі құрамындағы нейроинсульт бөлімшесі 2022 жылы ашылған. Тұрғындар арасында көптеп кездесетін жүрек-қан тамыры ауруларын анықтап, алдын алу мақсатында 20 орынға лайықтап ашылған бөлімшеде невропатолог дәрігер Гүлмария Дәрменова түрлі ем-шара жүргізеді. Церебральді ангиограф аппаратымен жасалған ота қызметіне жүгінетіндер көп екенін білдік. Коронарография әдісімен шап арқылы арнайы дәрілік сұйықтық жіберіліп, бас тамырларын бақылайтын мүмкіндік бар.
Ауру ахуалын ерте анықтап, жоғары технологиялық ота жасауға мүмкіндік беретін ангиографтың арқасында инфаркт, инсульттің алғашқы белгілерінен айыққандардың алғысына бөленген рентген-эндоваскулярлық бөлімшеден көрші аудандар тұрғындары үзілмейді.
– Байқоңыр қаласының тұрғынымын. 2019 жылдан бері жаңа аппаратпен ота жасалғанын естідім. Бұрын Астанаға сабылатынбыз. Қазір келгелі жақсымын, – дейді Омар Әлімбай.
Осы жылы аурухана базасында 70 орындық перинаталдық бөлім ашылып, 646 миллион теңге тұратын МРТ аппараты іске қосылған.
Ауруханадағы жаңа құрылғының бірі – ауыз қуысының ақаулары мен тіс ауруларының салдарын тексеретін рентгендік-сандық панорамалық аппарат. Оңтүстік Кореяның «Vatech» компаниясының өнімі тіс түбіріндегі асқыну мен салқын тию әсерінен пайда болған ісінуді, өзге де ақауларды анық, нақты көрсете алады. Құрылғыға түсіру қызметі ешқандай жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайын таңдамайды. Медициналық-санитарлық көмекті модернизациялау мен дамытуға, медициналық оңалту жұмыстарын жандандыруға үнемі көңіл бөлінетін емдеу орны алдағы уақытта да жаңа жабдықтармен қамтылмақ.
Орталық аурухананың кардиология бөлімінің меңгерушісі Ләззат Жұбанованың айтуынша, қолданыстағы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі арқылы мүмкіндіктерге жол ашылған.
– Есептеп қарасаңыз, коронарографияның құны бір науқасқа 500 мың теңге. Ал стент салған болса 2 миллион теңге кетеді. Порталмен бір күннің ішінде 20-ға дейін науқас түссе, олардың 6-7-сі стенттеуден өтеді. Оларды өздері төлесе, қолжетімсіз. МӘМС мүмкіндіктерін пайдалану тиімді, – дейді ол.
Өткен жылы скринингтік бақылаудан 12204 адам өтсе, олардан 1026 ауру белгісі табылған. Жыл басынан бері 5 айда 8842 жергілікті тұрғын тегін тексеру мүмкіндігін пайдаланған. Жыл ішінде 972 науқас анықталып, сауықтырылған.
– Біздің алдымызда тіркелген емделушілерге білікті және мамандандырылған медициналық жәрдем көрсету, аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметтің тиімді жүйесін арттыру арқылы тіркелген тұлғалардың денсаулығын жақсарту міндеті тұр, – дейді аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Әлішева.
Денсаулық – әлеуметтік игіліктің жиынтығы. «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы» дегенді ұстаным еткен ұжым алдағы уақытта да ауруды анықтау, олардың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілету, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі бірлескен ұсынымдарды ілгерілетуге күш жұмылдырмақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА,
Арайлым ЖҮСІПОВА (фото)
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<