Басымызды қатерге тікпейік!

952

0

  Міне, бір жылдан  астам уақыт бойы індетпен бірге өмір сүрудеміз. Әлемдік тарихтан белгілісі, адамзаттың   аштықтан кейінгі дұшпаны – түрлі індет, яғни,  эпидемиялық және инфекциялық аурулар болды.

Әсіресе, тұрғындарының саны көп қалалар, елді-мекендер өзара қарым-қатынастың жылдам дамуына байланысты адамзат өркениетінің ортасы ғана емес, сонымен қатар, сан түрлі індеттердің  де ошағына айналды. Індетке қарсы тұратын мүмкіндіктер қалыптаспаған кезде, ірі қалалардың әрбір тұрғыны кез келген сәтте індет кесірінен тұтас отбасынан айрылу қаупін үнемі ұмытпай өмір сүретін.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында тұрғындардың көбеюі мен көлік қатынастарының жетілуі адамдарды эпидемия алдында барынша дәрменсіздікке жеткізді. Алайда екінші жартысындағы ғылымның дамуы індеттердің ауқымын, қуатын төмендетті. Әр екі-үш жыл сайын біз жаңа кеселдермен кездесудеміз. Мысалы, 2002-2003 жылдары А типті пневмония, 2005 жылы құс тұмауы, 2009 шошқа тұмауы, 2014 жылы эбола шықты.

Дегенмен, бұлардың барлығы зор апатқа ұшыратқан жоқ. Бұл  түрлі вакциналар мен антибиотиктер және зарарсыздандырудың жаңа технологияларымен қамтылған медицина саласының жетістігі.  Бірақ бұл уақытша жеңіс болып, індеттің басқа түрлері  өз кезеңін күтіп жатуынан сақтана алмаймыз.  Эпидемиялардың қайтып келмейтініне ешкімде кепілдік жасай  алмайтынына  2019  жылы көзіміз жетті.

Коронавирус індеті бір жыл бұрын тарай бас­тағанда-ақ мұның бүгін-ертең ауыз­дық­талатын ауру емесі белгілі болған. Өйткені аз уақытта   әркім­нің әлсіз тұсынан шап беретін вирус  әлемге таралды. «Пандемияға дейінгі  жағдайға тезірек оралудың бірден-бір жолы – ұжымдық иммунитет», – дейді мамандар. Ұжымдық  иммунитет  деп  белгілі бір топ­тың басым бөлігі ауырып болған немесе тиісті вакцина салдырған  жағдайды айтамыз.   

Жалпы  тәжірибеге сүйенсек,  оның   екі жолы бар.  Біріншісі – ұжымдық им­муни­тет қалыптасқанша вирус­тың күндердің күнінде барлық жерге таралуын күту. Бірақ мына індеттің беталысы ауыр болғандықтан бұл – өте күмәнді жол.  Екіншісі – сақтану шараларын барынша ұстанып,  вакцинаға қол жеткізу.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәлелдеуінше, вакцинаға көп сенім бар. ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесустің өзі вакцина болмайынша, әлемнің ешбір елі эпиде­мияны тоқтата алмайтынын алға тартып отыр. Вакцинадан қорқудың  реті  жоқ. 

Өзіміздің және отбасымыздың, айналамыздың  қауіпсіздігін  сақтаудың жауапкершілігін  жіті  сезінуіміз керек. Қазір денсаулық пен өз өмірімізді сақтаудың кезеңі. Денсаулық – Алланың берген аманаты. Оны сақтау – әрбіріміздің  міндетіміз. Расында, денсаулық пен уақыт адам өміріндегі ең қажетті нығмет.  Нығмет пен аманатқа қиянат жасаған адамның әрекеті – өзінің өміріне қиянат жасағанмен тең.  Бұл мәселе де алдымен әрқайсымыз өзімізге әділетті болуымыз қажет деп түсінемін.

Індеттен сақтанудың «бес алтын ережесін» барынша ұстануымыздың маңыздылығы айтпаса да түсінікті.  Пандемия көрсеткендей,  індеттің таралуының    басым үлесі   көпшілік ортада болуға  тиесілі.  Қазір той тойлап  қызық қуатын, ағайындардың басына қауіп төндіріп ас беретін уақыт емес.  Қазір тікелей кездесе алмағанмен, тікелей хабарласа алатын  мүмкіндік  жеткілікті.  Заманның  осы  талабына  уақытша  болса да ауысқанымыз жөн.  

Ауызашар, отбасылық  басқа да көпшілік шараларды шектеуде жауапкершілікті әр адам өзінен  бастауы тиіс. Әрине, өмір бар жер де өлім бар. Оған барып көңіл айту дәстүріміз. Дегенмен,  бұл жағдайда да өзіміздің, отбасымыздың, туған-туыстарымыздың өмірі мен болашағын естен шығармаған жөн. Ардақты Пайғамбарымыздың «Өзгеге және өзіне зиян келтіруге болмайды» деп айтқаны бар. Ислам дінінің ғалымдары да: «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады», – деген.

 Жалпы айтқанда, әлемде індет күшейе берсе, ол құдайдың қарғысы емес, адамдардың біліксіздігі, жауапсыздығының  салдары деп түсінуіміз керек. Сақтық  шараларына  немқұрайлы қарап, орны толмас өкінішке қалмайық, ағайын!  

Індет әсерінен баласы әке-шешесімен,  бауыры  бауырмен қоштаса да, бейіт басына барып топырақ  сала  да алмағанын басымыздан өткізгенімізден сабақ алайық!  Вирус жаныңызда жүр.

Н.БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат хатшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<