Сыр медицинасы серпінді даму үстінде. Оны кейінгі жылдары бірінен соң бірі салынып, ел игілігіне беріліп жатқан заманауи денсаулық сақтау нысандары мен алынып жатқан озық технологиялы құрал-жабдықтар, жасалып жатқан күрделі оталарға қарап айта аламыз. Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы бір жетістіктің куәсі болдық. Атап айтқанда, көпбейінді облыстық ауруханада бір күнде үш науқасқа жасалған бүйрек трансплантациясы сәтті өтті.
Алғашқы трансплантация 41 жастағы әйел адамға жасалды. Реципиенттің ағасы донор болып, бүйрегін берді.
Екінші трансплантация 20 жастағы жігітке жасалып, донор ретінде науқастың 54 жастағы анасы қатысты.
Ал үшінші пациент – 43 жастағы әйел, донор болған оның жұбайы.
Трансплантацияны көпбейінді облыстық аурухананың бас дәрігері, трансплантолог, PhD Жасұлан Баймаханов, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары, PhD Ербол Серікұлы және А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының трансплантологтары Ернұр Белгібаев, Елшат Нәбиевтің командасымен бірлесіп жасады. Қазір науқастардың жағдайы орташа ауыр, тиісті ем қабылдауда.
Айта кету керек, бұған дейін ауруханада 8 рет бүйрек, 1 рет бауыр алмастыру отасы сәтті аяқталды. Оның ішінде биыл тамыз айында бір күнде екі науқасқа бүйрек ауыстыру операциясы жасалған болатын.
Жалпы аймақта кейінгі жылдары жоғары технологиялық медициналық қызмет көлемі артып келеді. Жоғары технологиялық медициналық көмек – бұл ғылыми технологияларды, диагностика мен емдеудің инновациялық және бірегей әдістерін қолдана отырып көрсетіледі. Көмектің бұл түрi стационарлық жағдайларда ұсынылады. Бүгінде облыста жоғары технологиялық медициналық көмек түрлері көпбейінді облыстық ауруханада көрсетіледі.
Биыл 10 айда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жалпы сомасы 706,7 миллион теңгеге 104 жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілді. Ал 11 айда облыстық ауруханада 9071 ота жасалса, оның 130-ы жоғары технологиялық медициналық көмекке жатады. Мұндай оталардың жиі жасалуы мамандардың біліктілігіне де байланысты екені сөзсіз. Осы орайда өңірде денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдерінің клиникаларында біліктілігін арттырған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кейінгі 3 жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 375 млн теңге бөлінді. Негізгі басымдық ана мен бала денсаулығын қорғауға беріліп, 84 акушер-гинеколог, 44 неонатолог, 42 реаниматолог, 19 педиатр дәрігерлер оқытылған. Неонатологтарға арналған Ресей мемлекетінің профессорларымен көшпелі мастер-класс өткізіліп, 40 медицина қызметкері қатысқан.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





