54 жастағы қала тұрғыны Жанат Мұқанова үш-төрт жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып жүр. Донор талайларға өмір сыйлап жүргені үшін ақы сұрамайды. «Бір тамшы қаным арқылы өлім аузында жатқан адамға көмектессем, сол маған үлкен қуаныш» дейді ол.
14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық қан орталығы және «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Әлемнің саулығы үшін қан тапсыр!» ұранымен акция өтті.
Донорлық – қанға мұқтаж ауруға адамның өз қанын немесе компоненттерін ерікті түрде беруі. Жыл сайын қан және қан өнімдерін құюдың арқасында дәрігерлер миллиондаған жанның өмірін сақтап қалуда. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректері бойынша, көптеген елдердің қан қызметінде сапалы және қауіпсіз қан қорымен қамтамасыз ету мәселесі туындаған, сұраныс артуына байланысты аталған ұйым биылдан бастап барлық елде ерікті, өтеусіз донорлар арқылы қанның барлық қорымен қамтамасыз ету үшін шара қолдануда.
Облыстық қан орталығы директоры Серік Игембаевтың айтуынша, орталық базасында 22109 донор бар. Жылына қан тапсыруға 10 000-нан астам адам келеді. Оның ішінде белсенді түрде қан тапсыратын тұрақты донор саны шамамен 700-800-ді құрайды. Былтырдың өзінде 5595 литр қан препараты дайындалған.
– Қан тапсырудың адамды ынталандыратын әсері бар екені ғылыми дәлелденген. Қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда тұрақты түрде қан тапсыратын адамның өмір сүру ұзақтығы бес жылға артық болады екен. Сонымен бірге зерттеулерге сенсек, донорларда жүректің ишемиялық ауруы сирек кездеседі. Төтенше жағдай кезінде де жұмысымыз тоқтаған жоқ. Бұл орайда бізге әскери бөлімшелер мен ішкі істер басқармасы, жалпы құқық қорғау саласы мен медицина мекемелерінің қызметкерлері көмектесті. Оларға алғыс айтамын, – деді орталық директоры.
Шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметов донорларды атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді және сыйлықтар табыстады.
Бұл күні қала тұрғындары ерікті түрде қан тапсырды. Бір қызығы, олардың ішінде коронавирус инфекциясымен ауырып, індетті жеңген тұрғын да бар. Тұрғын аты-жөнін айтудан бас тартты. Өзінің айтуынша, ол 15 сәуірде анализ тапсырғанда індет жұқтырғанын білген. Бірақ аурудың клиникалық белгілері болмаған. Он төрт күн емін алған.
Мамандардың айтуынша, оның қанынан иммунды плазма дайындалады. Ол коронавирус инфекциясымен ауырып, ем алып жатқан ауыр жағдайдағы науқастарға құйылады.
– Коронавируспен ауырған адамның қанынан алғаш рет иммунды плазма дайындағалы отырмыз. Өйткені, ауырып-жазылған адамның ағзасында бұл ауруға қарсы антидене қалыптасады. Ол ауыр халде жатқан науқасқа көмектеседі. Бұрын-соңды иммунды плазма дайындаудан тәжірибеміз бар. Атап айтқанда, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасымен ауырған науқастардан дайындап жүрміз. Өйткені бұл – біздің өңірімізде жиі кездесетін аурудың түрі. Процесс қан тапсырушының келісімімен ғана жүзеге асады. Донор толық ақпараттандырылады. Қалыпты алынатын иммунды плазма 600 мл-ді құрайды. Ол үш дозаға бөлінеді. Індеттен айыққандардың көбі келісе бермейді. Сондықтан бұл кісіге алғысымызды айтамыз. Қазіргі жағдайға бейжай қарамай, өзінің бір тамшы қанымен бөлісіп, өзгенің өмірін сақтап қалуға үлес қосып отыр, – дейді орталықтың қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Рая Дәуітова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<