Бізді табыстырған – медицина

2341

0

Фото: кейіпкердің архивінен

Медицина өте үлкен сала. Халық денсаулығы жолында мыңдаған адам қызмет етіп жасап, науқастардың алғысына бөленіп келеді. Бұл салада отбасымен бірге еңбек ететін жандар да аз емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Қанат Жукешев солардың бірі.

Білікті маманның ауруханада қызметін бастағанына біраз уақыт болды. Осы жылдар ішінде ол өзін жауапкершілігі зор, міндетіне тиянақты қарайтын дәрігер ретінде көрсете білді. Талай науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетіп, дертінен айығуға септігін тигізіп келеді. Баланың бабын тауып, денсаулығын жақсартуға зор еңбегін сіңіруде.

Бізді табыстырған – медицина

Айта кету керек, Қанат Талғатұлының өмірлік жары да медицина саласының маманы. Меруерт Аққайырова облыстық перинаталды орталықта дәрігер – неанотолог болып абыройлы қызмет жасайды. Аяулы жан шала туылған нәрестелерді күтіп – бастауда, тиісті ем – домын жасауға жоғары кәсіби біліктілігін көрсетуде.

«Біз Қарағанда мемлекеттік медициналық академия табалдырығында таныстық. Аққұба, мінезі жұмсақ Меруертті бір көргеннен ұнаттым, кейін отбасын құрдық. 12 жыл бойы дәм-тұзымыз жарасып келеді. Көп балалы отбасымыз, 5 перзенттің ата – анасымыз.

Расымен, бізді табыстырған – медицина. Бір салада еңбек еткеннен кейін бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Айтатын ортақ әңгімеміз бар. Кейде бір-бірімізбен ақылдасып, кеңес сұраймыз. Мен қашанда жарымды қолдап отырамын. Мамандығымызды ерекше мақтан етеміз», – дейді Қанат Талғатұлы.

Бүгінде Қанат Жукешевтің шаңырағы шаттыққа толы. Өз антына адал, міндетін зор жауапкершілікпен атқаратын жандар перзенттеріне үлгі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<