Кеше 12-18 жас аралығындағы балаларға «Pfizer» вакцинасын егу басталды. Алғашқы болып Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 70 студенті ата-аналарының келісімімен вакцина салдырды. Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов қатысты.
− Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы ұсынған «Pfizer» вакцинасының ерекшелігі – оның құрамында вирус болмайды. Бүгінде барлық емханаларда дайындық жұмыстары пысықталған, − деді Жангелді Мырзагелдіұлы.
Аймақтағы медицина мамандарын дайындайтын іргелі оқу орны да әзірлік жұмыстарын жүргізген.
Қызылорда медициналық жоғары колледжі директорының орынбасары Бақыт Егізбайқызының айтуынша, студенттерге пандемия уақытында вакцинациялаудың маңызы, оның құрамы туралы толық ақпарат берілген. Топ сағаттары, мамандармен кездесулер ұйымдастырылды. Ата-аналармен zoom арқылы жиналыс жасап түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. 70 ата-ана келісім берді. Оқу орнында 14 жастан асқан 9, 15 жастағы 316, 16 жастағы 424, 17 жастағы 413 студент бар. Медициналық мамандықта оқып жатқан соң студенттерге вакцина салдыру туралы шешім қабылдау қиынға соқпайды деп ойлаймын, − деді ол.
Зәуре Сәдуақасова мейіргер ісі мамандығында 3 курста оқып жүр. Вакцина, салдыруға өзі шешім қабылдапты. Оған ата-анасы да қолдау білдірген. Ол бірінші медициналық тексеру кабинетіне кірді. Жалпы тәжірибелі дәрігер Мөлдір Абдуллаева мен спикер-эпидемиолог Райхан Каметова бақылап, дене қызуын, қан қысымын өлшеп, денсулығына қатысты сұрақтарын қойып, анкета толтырды. Дәрігерлердің шешімінен соң №1 емхананың мейіргері Анель Кеңесбай Зәуреге «Pfizer» вакцинасын салды. Студентке үш күн инъекция орнына су тигізбеу керегін, ыстығы көтерілсе парацетамол ішіп, екпенің орны қызарса да ештеңе жағуға болмайтынын, жазылып кететінін түсіндірді. Дәрігерлер бақылауынан соң Зәуренің жағдайын сұрадық.
− Жағдайым жақсы. Бас айналу, жүрек айну секілді белгілер жоқ. Вакцина салдыруға өзім шешім қабылдадым. Болашақ мейіргерлер вакцинадан қорықсақ, өзге жұрт қалай салдырады? Сақтық қажет. Сондықтан өзімнен бастайын дедім. Ата-анам да менің шешіміме қарсылық білдірмеді, − дейді ол.
«30 минут бақылау» бөлмесінде тынығып отырған Хадиша Қуантханованың да жағдайын білдік. Екінші курс студенті жағдайының жақсы екенін айтты.
− «Pfizer» вакцинасы туралы ұстаздарымыз айтты. Өзім де қосымша ізденіп оқыдым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтын да қарадым. Құрамында вирус болмайтынын білдім. Қазір COVID-19 әлем елдерінде қайта көбейіп жатыр. Сондықтан сақтық жасап, салдырып алғаным дұрыс болды, − дейді Хадиша.
Қала тұрғыны Жанар Жақыпова вакцина салдырған баласының қасында болды.
− Балам вакцина салдыратынын айтты. Қасында болып, жағдайын көзіммен көргім келді. Отыз минуттан соң жанына бардым. Жағдайы қалыпты. Балаларымыздың саулығы маңызды, − деді ол.
Айта кету керек, аймағымызға «Pfizer»-дің 23 400 дозасы жеткізілді. Ол ата-аналардың келісімімен 12-18 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанына 42 күн болған бала емізетін әйелдерге салынбақ.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<