Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың қатысуымен брифинг өтіп, медициналық ұйымдардың коронавирус індетіне қарсы дайындық жұмыстары туралы баяндалды.
– Қазіргі уақытта облыста коронавирус инфекциясымен ауырған және қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында барлығы 210 инфекциялық төсек-орын қалды. Бүгінгі күні 48 науқас ем алуда, жүктеме 22,8 процентті құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша күзгі маусымда пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам бар. Осыған орай облыстағы инфекция жұқтырған науқастарды уақытылы қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек тізімі жасақталуда. Тізімді жасақтау барысында коронавирус және вирустық пневмония науқастарына 1-кезеңде қолданылған дәрілік препараттар негізге алынды, – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының айтуынша, қажет болған жағдайда 21 инфекциялық және провизорлық стационар қайта ашылатын болады (жалпы саны 3000 орын). Сондай-ақ, 200 төсек-орынды тез соғылатын модульді инфекциялық аурухана құрылысына жер бөлініп, қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде (аяқталу уақыты 01.11.2020 ж). Денсаулық сақтау министрлігіне 96 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратына сұраныс берілсе, Дүниежүзілік банкі арқылы 2 дана ИВЛ аппаратын алу жоспарлануда. Ал жергілікті бюджеттен 4 флюро және 4 дана стационарлы рентген аппаратын сатып алу көзделген.
Болжамды екінші толқынға 3500 медицина қызметкерінің резерві құрылған.
– Көпбейінді облыстық ауруханасы және Қазалы ауданаралық ауруханасы жанынан демеушілік көмек арқылы оттегі станциясын құру жоспарлануда. Емдеу мекемелеріне сұраныстары арқылы демеушілік көмекпен орталықтандырылған оттегі беретін құрылғылар орнату жоспарлануда. Қыркүйек айында лизинг арқылы алынатын 40 дана автокөлік күтілуде. Сонымен бірге, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының демеушілігімен Қазалы ауданында 1 оттегі станциясы салынады (жалпы құны 79,3 млн теңге). Осы станциядан Арал және Қармақшы аудандарын, Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз ете аламыз. Екінші оттегі станциясы «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен көпбейінді облыстық ауруханасы базасынан салынады. Бұл қала аумағындағы ауруханаларды және Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтамасыз етеді. Ал үшінші оттегі станциясы Шиелі ауданында салынады. Қазіргі таңда қаражат мәселесі шешілуде. Жалпы індетпен күресудегі жұмыстар жалғасын таба бермек. Дегенмен, сақтық шараларын қатаң ұстанатын болсақ, біз бұл індетті жеңеміз,– деді басқарма басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<