Бүйрек трансплантациясы: донор мен қаржы жетіспейді

4994

1

Бүйрек − адамның маңызды ағзасының бірі. Оның адам бойында 24 сағатта 180 литр қанды сүзіп, 1 минутта 80 мен 120 мл қанды сүзгіден өткізетін қызметі бар. Осылай ағзаны тазалап, қалдықтарды несеппен бірге шығарып, теңгерімді электролит деңгейін ұстап, қан қысымын реттейді. Оның қызметі бұзылса бүрісіп қалады. Басқа ағзалардың жұмысын баяулатады. Мұнан соң бүйрек аурулары, тас түзілу пайда болады. Біздің облыста бүйрек трансплантациясы бойынша 105 адам кезек күтуде. Өкініштісі, он бес жыл бойы кезегі келмеген жандар бар.

Бүйрек трансплантациясының күту парағында еліміз бойынша 4200 адам тұр. Тізім Қазақстан бо­йынша біріктірілген, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орта­лық арқылы басқарылады. Кезе­гін күткендердің бірі қала тұрғыны Нұрсұлтан Дәстенов «бас­панамның жоқтығынан бұрын, бүйрек салдырта алмай жүргенім жаныма батады», − дейді.

− Отыз үш жастамын. Екі балам бар. Газды сусынды (Coca-cola) көп ішетінмін, түнімен кино, футбол қарап уақытылы ұйықтамайтын едім. Екі бүйрек бірдей жұмысын тоқтатып, I топ мүгедегі болып қалдым. Аптасына екі рет гемодиализге қатынап жүрмін. Келетін науқастармен тілдесемін. Кезекте тұрғанына он жылдан асқан жандар да бар екен. Бұл кезекке мен де тіркелдім. Мемлекет донор тауып береді деген үміт жоқ. Шет елде ота жасатуға болады. Бірақ қаражат қол байлайды, − дейді ол.

Көпбейінді облыстық аурухананың бүйрек  аурулары бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты штаттан тыс нефролог Лиза Нұрсұлтанова елімізде донор мәселесі жолға қойылмағанын айтады. Мемлекет назар аударса, мәйіттік донорлар көбейіп, күту парағында тұрған науқастарға қолдау болар еді дейді дәрігер.

− Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың облыс бойынша кординаторы ретінде елімізде науқастарға донор табу мәселесін заңға енгізу керектігін айтар едім. Донор табу және трансплантация − өзекті мәселе. Бір адамның донор болу туралы шешімі келесі адамды құтқарып қалуы мүмкін. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі де жолға қойылмаған. Мидың өлімі болғанына көз жеткізсе де ағзасын алуға жақындары келісім бермейді. Бұл мәселені заңда қайта қарау қажет, − дейді дәрігер.

Бір ғана мысал, бүйрек трансплантациясының саны бойынша Беларусь әлемде үздік 10 елдің қатарында, ТМД елдерінің арасында 1-орында. Ағза трансплантациясы қызметі жоғары деңгейде тұрған бұл мемлекетте күту парағына жазылғаннан кейін операцияға дейінгі уақыт бір жылға жетпейді.  Бүйрек трансплантациясын Минск және Беларусьтің барлық облыс орталықтары жүзеге асырады. Мәселен, АҚШ-та жүргізуші куәлігін алған кезде әр азамат «көлік апатына немесе басқа да апатты жағдайға душар болып, өлім аузына түссем, ағзамды донорлық мақсатқа пайдалануға келісімімді беремін» деп қол қоятын көрінеді. Мәліметті орталық базаға тіркеп, қажет болған жағдайда пайдаланады екен.

Мәйіттік донорлық дамымай тұр

Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жыл сайын бүйрек ауруларына байланысты 300-ден астам науқасқа урологиялық ота және 50-60 шамасында бүйрек трансплантациясы жасалады.

− Өкінішке қарай мемлекетімізде қазіргі таңда мәйіттік донордан бүйрек трансплантациясы түрлі себептерге байланысты дамымаған. Мәйіттік донордан трансплантация жасалу өте аз кездеседі. Көбіне отаға өз еркімен келісім берген туыстық донорлар түседі. Оларды протокол бойынша зерттейміз, яғни толық жүрек-қан тамыр, тыныс жүйесін, ішкі ағзаларын, бүйректердің жұмыс атқаруын тексереміз, инфекциялар және ең бастысы реципиентпен үйлесімділік анализдері анықталады. Шетелдік деректер бойынша ауыстырылған бүйректің орташа жұмыс істеу мерзімі 25-30 жылға дейін. Бұл көп факторға тәуелді – донордың жасы және жанама аурулары, реципиенттің жанама аурулары, науқастың отадан кейін дәрі ішу режимін сақтап, күтініп жүруіне де байланысты, − дейді академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов kaz.nur.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Облыста 75 адам бүйрек салдырған. Олардың 3-іне мәйіттен алынған ағза, қалғанына тірі донор табылған. Қазақстан азаматтарына бүйрек трансплантациясы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін жасалады. Әйтсе де, отаға дейін науқастар қомақты қаражат жұмсаған. Шиелілік Ынтымақ Қапаров туыстық донор тапқанның өзінде отаға біраз ақша кеткенін айтты.

− Донор ретінде әуелі әпкемнің, кейін ағамның денсаулығын тексерттік. Қан топтары сәйкес келіп бауырым бір бүйрегін берді. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында барлық анализдері ақылы әрі қымбат. Мен донор тауып тұрсам да, 2 миллионнан аса қаражат жұмсадым. Бұл − қалтаға ауыр салмақ салатын қаржы. Жақын адамдарының бүйрегін беруге денсаулығы жарамаса қайтеді? Бұл мәселе неге мемлекеттік деңгейде шешілмейді?  Донор таппаса, қаржы таппаса, өле беруі керек пе? − дейді ол.

Ынтымақ өзінің отадан кейінгі жағдайының жақсы екенін айтады. Дегенмен аудандарда трансплантациядан кейін бақылап емдейтін дәрігерлердің жоқтығы қиындық туындатады.

«Жасанды бүйрек» – жалғыз көмек

Заманмен бірге қарыштап дамыған медицина гемодиализ – жасанды бүйрек аппараты арқылы адам өмірін ұзартып, олардың қоғамнан тыс қалмауына жағдай жасап отыр. Аптасына 3 рет 4 сағаттан бойындағы қанды арнайы қондырғы арқылы сүзіп, қайта құяды. Бүйректің қызметі бұзылған соң басқа ағзалардың жұмысына осылай көмектеседі. Біздің облыста 306 адам гемодиализге қатынайды. «Диаверум Казахстан» деп аталатын шведтік компанияның осындағы филиалы «ID Senim» серіктестігі бүйрек науқастарының қанын сүзгіден өткізеді.  Жапониядан әкелінген жаңа қондырғылармен жабдықталған гемодиализ орталығы Қызылорда, Қазалы қаласы және Жаңақорған кентінде жұмыс істеп тұр. Сырқат жандар Қармақшыдан қатынайды.

− Науқастардың жол ауыртпалығын азайту үшін наурыз айында Жалағаш ауданынан да орталық ашылмақ. Гемодиализ сеанстарын уақытылы алмаған жағдайда пациенттерде ентігу, қан қысымы жоғарылауы, қандағы калий мөлшерінің жоғарылауы, азот шлактарының жоғарылауы пайда болуы мүмкін. Бұл оның өміріне қауіп төндіреді. Қауіптің алдын алу үшін жылына 2 рет аймақтық  профилактикалық тексеруден өту керек. Негізі мұндай жағдай салқын тию, пиелонефрит, глумерулонефрит, қант диабеті, артериалды гипертензия, бүйректегі тас аурулары (коралл тәрізді тастар), киста, жүйелі қызыл жегі т.б. аурулар тудыруы мүмкін. Бүйрекке қысым түсірмеу, уақытылы ұйықтау, дұрыс тамақтану да маңызды, − дейді гемодиализ орталығының меңгерушісі Жанна Сыбаева.

Бүйректі сатып алуға бола ма?

«Сәлеметсіздер ме? Мен еріксіз өз бүйрегімді сатуға мәжбүрмін. Тез арада ақша керек. Жасым 20-да, денім сау, темекі тартпаймын». Ғаламторды ашсаңыз, осындай бүйрегін саудалағандардың жарнамасынан көз сүрінеді. Қара нарықта бүйректің бағасы 160000 АҚШ долларынан жоғары. Науқас пен донордың арасында делдалдар да бар. Әсіресе Пәкістандықтар кедейліктен бір бүйрегін ашық саудаға салуға кіріскен. Заңсыз трансплантация жасайтын жасырын емханалар ашылып, шет елден келушілер көбейген. Жасыратыны жоқ, трансплантацияның күту парағына ілінген жандар бүйрек сатып алғысы келеді. Біздің елімізде өз бетінше донор іздеп, оны саудалауға тыйым салынған. Қылмыстық кодекстің 116 – бабы (Тірі адамның органын трансплантациялау немесе пайдалану мен заңсыз тіндерді алу, сондай-ақ тірі адамның органдары және тіндерімен заңсыз әрекеттер жасау) бар.

Мәселеге назар аудармасақ, әлдебіреулердің өзімізде болмаса көрші елдерге барып, бүйрегін сатпасына ешкім де кепіл бола алмайды. Ал бүйрегін ақшаға сатып мүгедек болған жандар еңбекке жарамсыз болып қалады.  Елдегі мүгедектердің саны өссе, жұмыс күші де бәсеңдейді. Сондықтан бүйрек трансплантациясы туралы заң қабылдау қажет. Донор мәселесі шешімін таппай, бүйрек аурулары арта түсуде. Гемодиалез орталығына қатынап жүрген науқастардың дені жастар екенін байқадық. Бұл жастардың өз денсаулығына бей-жай қарайтынын  көрсетті. Дәрігерлер бүйрек ауруларының алдын алу маңызды екенін ескертеді. Жүйелі түрде тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға барып, профилактикалық тексерулерден өту қажет. Бүйрек аурулары анықталған жағдайда қажетті емді кейінге қалдырмай, ауруды асқындырмай дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын тапқан дұрыс.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<