COVID-тің өкпедегі ізі

845

0

Фото: ашық дереккөз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1993 жылдан бастап туберкулезді жаһандық проблема деп жариялағаны белгілі. Содан бері, жыл сайын 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні болып аталып өтіледi. ДДҰ мәліметтері бойынша туберкулез бүкіл әлемде адам өлімі себептерінің ондығына кіреді. Есепке сәйкес, 2018 жылы әлем бойынша 10 миллионға жуық адам туберкулезбен ауырған.

Ал біздің облыста мамандардың айтуынша, туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан. Кейінгі 5 жылда  аурушаңдықтың төмендеу қарқыны байқалады.  Мәселен, 2018 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 53,6 (422 жағдай) болса, былтыр 100 мың тұрғынға шаққанда 49,2-ге (407 жағдай)  төмендеген. 2020-2021 жылдары ауруды анықтау жұмыстары  карантиндік іс-шаралар салдарынан бәсеңдеген.

– Covid-19 жұқпалы кеселі өз әсерін тигізді. Алғаш анықталған науқастардың 57,5%-ның коронавируспен ауырғаны ресми түрде тіркелген болса, солардың ішінде 70%-да рентгенография суретінде пневмониядан кейінгі фиброзды  өзгерістер қалған, яғни, ауырып жатқан науқастардың иммунитетінің төмендеуі салдарынан туберкулез жұқтыруы мүмкіндігі жоғарылаған. Сонымен қатар, облыс бойынша ересектер арасында денсаулық индексі (ДИ) көрсеткішінің төмендігін байқауға болады, яғни,  тұрғындардың 45,2%-ын әртүрлі аурулармен есепке алынған науқастар құрап отыр. Оның  ішінде 58,5%-ы – тыныс алу жолдарының аурулары. Демек, денсаулығы нашарлаған адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулезге шалдығу көрсеткіші жоғарылайды. Ал жаңадан тіркелген балалардың 63%-ы туберкулезбен ауыратындармен қарым-қатынаста болған, 67%-да қарым-қатынастан соң  алғашқы  2 жыл ішінде анықталып отыр. Туберкулез – өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік ауру. Анықталған барлық жаңа деректердің ішінде негізгісі  –жұмыссыздар  40,3%, мүгедектер 5% және зейнеткерлер 22,3%-ды құрайды, қалғаны – студенттер, оқушылар, ұйымдастырылмаған, әртүрлі салада жұмыс істейтіндер, – дейді облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры   Әбдіғабит Әбләзім.

Сондай-ақ, мамандар  балалар мен жасөспірімдер арасында  туберкулез дертінің індеттік ахуалы  күрделі мәселенің бірі екенін айтады. Десе де,  аурушаңдық көрсеткіш бұл контингент  арасында былтырмен салыстырғанда төмендегені белгілі болды.

Атап айтқанда, облыс бойынша  0-17 жас аралығындағы балалар арасында аурушаңдық көрсеткіші былтыр 100 мың балаға шаққанда 15,8-ді (49) құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға төмендеген.  Одан бөлек,  жылдан-жылға туберкулездің жұқпалы түрінің төмендеуі байқалады. Мәселен,  былтыр барлық жаңа жағдайдың тек 37,1%-ын ғана туберкулез таяқшасын  бөлетін науқастар құраған, ал анықталған науқастардың 62,9%-ы туберкулез таяқшасын бөлмейтін болған.

–    Ауруды және оның дәрілерге тұрақты түрін ерте анықтау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған халықаралық стандарттарға сәйкес туберкулезді бактериологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикалаудың жеделдетілген әдістері енгізілді. Қазіргі кезде облыста ауруды және оның тұрақты түрлерін тез анықтауға, диагностикалауға арналған құрал-жабдықтармен қала бойынша облыстық фтизиопульмонология орталығы және аудандық деңгейдегі зертханалар қамтамасыз етілген (барлығы 7 аппарат XpertMTB/RIF). Бұл  туберкулездің нақты түрін анықтауға және туберкулез қоздырғышының сезімталдығына сәйкес қажетті ем тағайындауға мүмкіндік береді. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап фтизиопульмонология орталығында «Bioner» аппараты жұмыс істейді, ол 3,5 сағат ішінде изониазид, рифампицин препараттарына және 2-қатардағы дәрілерге сезімталдығын зерттей отырып, туберкулез микобактериясының ДНҚ-сын анықтайды. Сонымен қатар, туберкулез микобактериясын дәл анықтау үшін бактериоскопиялық және бактериологиялық әдістер қолданылады (патогенді арнайы қоректік ортаға себу арқылы анықтау). 2018-2019 жылдары USAID желісі бойынша Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында және Жаһандық қордың есебінен Қазалы, Сырдария, Шиелі аудандарында G-xpert аппараттары жеткізілді. қазіргі уақытта туберкулезді ерте диагностикалау үшін жеті G-xpert, бір «Bioner» аппаратында зерттеулер жүргізілуде, – деді орталық директоры.

Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға стационарды алмастыратын технологияларды қолдана отырып, туберкулезбен ауыратын науқастардың стигмасын, қысымын болдырмау үшін пациентке бағдарланған тәсіл, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек мекемелерінде  мобильді топтарда бақыланатын емдеу жүргізу, бейнебақылау  арқылы емдеу кеңейіп келеді. 2014 жылдан бастап республика бойынша біздің облыс алғашқылардың бірі болып жергілікті бюджеттен туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмекке үздіксіз қаражат бөлуде. Мәселен, былтыр 226026,6 мың теңге толығымен игерілген, 1230 науқас айына 31800 теңге көлемінде қаржылық көмек алған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 24 наурыз –  Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Биылғы ұран –  «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» Елімізде аурудың алдын алу, анықтау және емдеу тегін және мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

Ауруды ерте анықтаудың және нәтижелі емдеудің маңызды аспектісі халықтың ол туралы жалпы хабардар болуы және жалған пікірлердің таралмауына тікелей байланысты. Туберкулез – кез келген адам жұқтыруы мүмкін ауа арқылы таралатын жұқпалы ауру. Оған қарсы ұлттық науқан туберкулезден зардап шеккен адамдарды стигмадан, кемсітушіліктен, әлеуметтік оқшаулаудан қорғау және осындай жағымсыз жайттармен күресу үшін күш-жігерді біріктіруге ерекше көңіл бөледі.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<