Қазақстан Республикасының халқын дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін медициналық ұйымдар және ақылы негізде жеке меншік дәріханалық ұйымдар жүзеге асырады.
Қызылорда облысында фармацевтикалық қызметпен 328 дәріхана, дәріханалық пункт айналысады, оның ішінде 178-і Қызылорда қаласында орналасқан. Барлық дәріханалар – жекеменшік субъектілері. Дәріханалардағы дәрілік заттардың ассортименті кәсіпкерлік түріне байланысты (микро, шағын, орта, ірі) және орта есеппен 500-ден 5000-ға дейін аталымды құрауы мүмкін. Дәріханалардағы дәрілік заттардың қоры ай сайынғы қажеттілікке, маусымдыққа және халықтың сұранысына байланысты сатып алынады.
Соңғы 3-4 күн ішінде халық тарапынан ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс күрт артты. Мысалы, бір дәріханадан бір мезетте бұрын бір айлық қор болып есептелетін 2000 конвалюта Аспирин дәрілік затын сатып алу фактісі орын алған. Осындай жағдай наурыз-сәуір айларында халықтың жеке қорғаныш құралдарын жаппай сатып алуы салдарынан дәріханаларда жасанды жетіспеушіліктің туындауына әкелген болатын. Бүгінгі күні барлық дәріхана ұйымдарында жеке қорғану құралдары жеткілікті мөлшерде бар. Қазіргі уақытта дәріхана ұйымдары халықтың қажеттіліктері мен сұранысына сәйкес дәрілік заттарды сатып алуды жүзеге асырады.
Дәрілік заттарға өтінімдердің ұлғаюына байланысты дистрибьютор оларды кешіктіріп жіберуде. Қазіргі кездегі елімізде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты барлық фармацевтикалық ұйымдар қызметкерлерінің бір бөлігі «қашықтан» жұмыс жасауда. Кейбір дистрибьюторлық ұйымдарда қызметкерлер коронавирустық инфекция жұқтырған және қазіргі уақытта ем қабылдауда. Осындай дәрі-дәрмек тапшылығы республика бойынша барлық аймақта байқалады.
Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, дәріханада дәрігер жазып берген дәрілік зат болмаған жағдайда, дәріхана маманы дәрігердің келісімінсіз пациентке халықаралық патенттелмеген атауымен дәрілік заттың ең төменгі бағасынан бастап бар оның аналогтарын ұсынады немесе емдеуші дәрігермен келісім бойынша оны фармакологиялық аналогпен ауыстырады. Мысалы, «Азитромицин, таблеткалар 500 мг» дәрілік заты әртүрлі сауда атауларымен сатылады, атап айтқанда «Азибиот®», «Азитро®», «Азитромицин-Сандоз®», «Зинфект», «Зиромин», «Сумамед®», «Зитрокс», сол секілді «Парацетамол 500 мг таблеткалар» дәрілік заты «Эффералган», «Панадол», 5 өндірушіде «Парацетамол» сауда атауларымен сатылады.
Әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласы дәріханаларында ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды дәрілік заттардың болмауына, сондай-ақ оларға бағаның жоғарылауына байланысты шағымдардың көбеюіне орай департамент Қызылорда қаласы дәріханаларының дәрілік заттармен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ аталған дәрілік заттардың бөлшек саудада шекті бағаларының сақталуына мониторинг жүргізді.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде дәріханалардың көпшілігінде препараттардың мөлшері жеткілікті екені, ұсақ дәріханалық ұйымдарда кейбір антибиотиктер, ыстықты түсіретін және вирусқа қарсы дәрілік заттар жоқ екені анықталды. Қазіргі таңда дәрілік заттарды дистрибьюторлық қоймалардан алуға тапсырыстар жолданған. Бөлшек сауда бағалары Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген дәрілік заттардың шекті бағаларын сақтау мониторингі бөлігінде Қызылорда қаласының дәріханаларында шекті бөлшек сауда бағаларын арттыру фактілері анықталған жоқ. Жоғарыда көрсетілген бұйрықта 6191 дәрілік заттың атауына бөлшек және көтерме сауда үшін шекті бағалар бекітілді. Дәрілік заттардың шекті бағалары жылына екі рет: 10 шілдеге дейін және 10 қаңтарға дейін бекітіледі. Шекті баға – бұл қандай да бір дәрілік затты жоғары сатуға болмайтын баға, яғни, қандай да бір дәрілік заттардың бағасына жарты жыл ішінде теңге бағамы да, сату маусымдылығы да әсер етпейді. Дәрілік заттардың шекті бағасын DariKZ мобильді қосымшасынан білуге болады.
24 маусымдағы жағдай бойынша, бөлшек желіде жиі қабылданатын және халық тарапынан дәріханаларда жоқ екендігі туралы шағым жасалған келесі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың облыстық дәріханалық ұйымдарда болуына жүргізілген мониторинг нәтижесі:
№ | Атауы | Өлш.бірл. | Қалдық |
1 | Азитромицин, таблеткалар 500 мг | қаптама | 208 |
2 | Амизон, таблеткалар | қаптама | 84 |
3 | Анаферон балалар үшін, таблеткалар | қаптама | 3 616 |
4 | Анаферон, таблеткалар | қаптама | 2 344 |
5 | Антисептиктер | литр | 10 924 |
6 | Аскорбиновая кислота, драже | қаптама | 7 256 |
7 | Аскорбиновая кислота, инъекция үшін ерітінді | қаптама | 15 532 |
8 | Ацетилсалициловая кислота, таблетка 500 мг | қаптама | 49 276 |
9 | Ацетилсалициловая кислота, таблетка 75 мг | қаптама | 844 |
10 | Бисопролол, таблеткалар | қаптама | 832 |
11 | Бронхо-Мунал®, капсулы 7 мг | қаптама | 692 |
12 | Гроприносин, таблеткалар 500 мг | қаптама | 88 |
13 | Ибупрофен, таблеткалар 200 мг | қаптама | 5 780 |
14 | Ингавирин, капсулы 90 мг | қаптама | 304 |
15 | Лидокаина гидрохлорид, инъекция үшін ерітінді | қаптама | 8 508 |
16 | Медициналық маска 3 қабатты бір реттік | дана | 148 662 |
17 | Медициналық респиратор | дана | 1 533 |
18 | Метамизол натрия, таблеткалар 500 мг | қаптама | 1 800 |
19 | Метронидазол, инфузия үшін ерітінді | қаптама | 2 548 |
20 | Натрия хлорид, инъекция үшін ерітінді | қаптама | 20 392 |
21 | Оксолин жақпамайы | туба | 13 860 |
22 | Осельтамивир, капсулалар 75 мг (саудалық: Инфлувир, Флувир, Номидес, Тамифлю) | қаптама | 4 |
23 | Парацетамол, таблетка 500 мг | қаптама | 23 344 |
24 | Прокаина гидрохлорид, инъекция үшін ерітінді | қаптама | 1 148 |
25 | Сынаптық, электрондық, контактсыз термометрлер | дана | 136 |
26 | Умифеновир, таблеткалар 50 мг (саудалық: Арбидол, Арпефлю) | қаптама | 120 |
27 | Цефазолин, флаконда 1,0 г-нан | флакон | 67 504 |
28 | Цефтриаксон, флаконда 1,0 г-нан | флакон | 37 536 |
29 | Ципрофлоксацин, таблеткалар 500 мг | қаптама | 640 |
30 | Эргоферон, таблеткалар | қаптама | 1 280 |
Халық тарапынан жоғары сұранысқа байланысты аталған дәрілік заттар тез өткізілуде.
Қазақстан Республикасында дәрілік заттардың 7 463 атауы тіркелген, олардың 77% дәрігердің рецептісі арқылы босатылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, дәрігердің рецепті бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептсіз өткізуге тыйым салынады.
Департамент өздігінен емделумен айналыспауға, дәрігердің тағайындауынсыз дәрілік заттарды қабылдамауға шақырады. Антибиотиктерді тиімсіз пайдалану аурудың асқыну қаупі мен жанама әсерлері, ағзаның қандай да бір препаратқа сезімталдығы, аллергиялық реакциялар, бронх демікпесінің ауыр түрлері және т.б. себептері болуы мүмкін. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, барлық уланулардың ішінде дәрілік заттардан улану екінші орында.
Қызылорда облысының дәріханаларында дәрілік заттар бекітілген шекті бағасынан асып кеткен жағдайда, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы барлық мәселелер бойынша департаментке жүгінуге болады (мекенжайы: Бектұрғанов көшесі, 10А, телефоны 23-82-92). Дәрілік заттардың белгіленген шекті бағаларын арттырғаны үшін ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 426-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Департамент халықты үрейленбеуге және дәріханаларда дәрілік заттарды жаппай сатып алмауға шақырады. Маскалық режимді, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу, антисептиктерді қолдану және мүмкіндігінше байланыстарды шектеу керек.
Денсаулығына шағымдар болған жағдайда өз еркімен ем қабылдамау қажет және емдеуші дәрігерге жүгіну керек!
Ғалия БАЙМЕНОВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау
департаментінің басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<