Сырдың саңлақ перзенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, атақты хирург Болатбек Баймаханов жайында жазу мен үшін ауыр тақырып болса да, қолымдағы қаламым жеңіл жосылып жүрді. Ол кісі жайлы анық білетінім, Қазақстандағы хирургия дейтін күрделі саланың аса білгірі, бауыр трансплантациясына түрен салған алғашқы дәрігер. Оның дарынын, еңбегін, ерекшелігін осы бір сөйлеммен түйіндеуге болады. Сол бір сөйлемде Болатбектің бейнеті де, бейнесі де бар.
Бір қызық айтсам, басқалар қалай қабылдайды, білмеймін. Негізі хирургия орта ғасырларда медицина саласына кірмеген. Оны сол заманда қолөнершілер атқарыпты. Осындай дерекке кезіккенімде таңғалдым. Демек, хирургия – өнер. Тарихта дәрігерлік білімі жоқ американдық Фердинанд Уолдо Демара деген дараның ондаған ота жасап, науқастарды ажалдан алып қалғаны туралы қызық мәліметтер кездеседі.
Демек, хирургия – туабітті дарын ғана атқара алатын іс.
Сіз Болатбек Бимендіұлының өнер адамы екенін білесіз бе? Композитор Елена Әбдіхалықованың сөзіне жазылған оның «Дәрігерлер гимні» өлеңін әуен ырғағында тыңдағанда көзіңде жас мөлтілдеп қалады.
«Жұртымыз әмән, жүрсін деп аман,
Еңбегіміз арналады туған ел, саған.
Адам үшін, далам үшін әбігерміз, әбігерміз біз.
Арлы орманы, жан қорғаны дәрігерміз, дәрігерміз біз!»
Кешегі жыланның уындай тез тараған жаһандық кеселден бір жұтым ауаға зар болған адамдар дәрігердің табаны басқан топырақты көзге сүртпеді ме?
Ақ желеңді абзал жандардың сол сәтте хас сертінде тұрғанын көрдік, сезімге ерідік.
Баяғыда адам жанына араша болам дегендер Аполлонның, Асклепийдің, Гигиея мен Панакеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атын атап, оларды куәға тарта отырып серт берген.
Жайшылықта байқала бермейді екен, Гиппократ антына адал дәрігерлермен біз сол бір теперішті кезде кезіктік.
«Өз өмірім мен өнеріме дақ түсірмей, мұнтаздай таза, ақаусыз сақтап өткіземін. Қай үйге кірсем де ол үйдің табалдырығын арам пиғыл, зымияндық ойдан аулақ, тек ауруға шапағат тигіземін деген ақ ниетіммен аттаймын…»
Бұл – дәрігер анты. Не деген ғажап адамдық, асыл болмыс!
Мен әңгімелескен адамдар Болатбектің ең алдымен адами қасиетін сөз етеді. Енді оны өзім де байқаймын.
2009 жылы болар, ер жетіп қалған баламды ертіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, дәрігер Болатбек Баймахановтың кабинетіне кірдім. Бастық адам ғой, жұмыс тәртібін бұзғаныма қалай қарар екен деген күдігім де бар. Бірақ ол орнынан тұрып амандасып, танитын адамша хал-жағдай сұрай бастады. Мен баламның кішкентай кезінен гепатитпен ауырғанын айттым. Тамырына түтікшемен дәрі айдаудан көз ашпады, Алматыға дейін барды. Тіке отырсам бауырым ауырады деп орындықта шалқалап жататын. Ал, ащы жеме, майлы жеме, жүгірме, бүгілме дейтін тыйымдары тым көп. Соның бәрін түсіндірдім.
Дәрігер Болатбек баламның ауру тарихы жазылған қағаздарды ақтарып отырып, басын шайқады. «Қанын суға айналдырып жіберіпті ғой», – деді. Шамасы әріптестеріне риза еместігін білдірді. «Бұл – жүз мыңның бірінде кездесетін кесел, тамырына дәрі құйдырмай-ақ қойсын. Тамақтан да шектеудің қажеті жоқ. Келе-келе өзі қалыпқа түседі», – деді.
Сол айтқаны келді, балам келе-келе кеселінен сауығып кетті.
Дәрігерлер нақ диагноз қою емнің елу проценті дейді. Аурудың себебін дәл табуға келгенде дәрігердің бәрі қабілетті емес сияқты. Дәрігерлік тұжырымның жаңылыс жасалғанынан белін емдеудің орнына бүйректің дәрісін ішіп жүргендер де бар.
Дәрігерге қажетті қасиеттің бірегейі ауруға жылы сөйлеу, оның өмірге деген құштарлығын ояту болса керек. Бұл жөнінде Болатбек Баймахановтың атына айтылатын алғыстың шегі алыс. Талай адаммен тілдестік, олардың бәрі де дәрігер Болатбектің адами биіктігі мен ақыл-парасатын сөз қылады.
Тамағынан өтпей жатқан суды ажалдың бетіне шашып жіберген қайсар күрескер мен қаһарман дәрігер біріккенде жаналғыштың өзі жылыстап кетеді-міс. Сондықтан дәрігерлер науқасқа «Ауру – біреу, біз – екеуміз» дейді екен. Болатбек дәл осындай дәрігер екенін дәлелдеген. Сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін бір арнаға тоғыстыра білген майталман маман, ұлағатты ұстаз.
Болатбек Бимендіұлының хирургия саласына баулыған шәкірттері өте көп. Бүгінде олар елімізде және шетелдерде күрделі оталар жасап жүр. Хирургияның қыр-сырын меңгерген мамандар қатарында облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұриддин Әмитов, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Әділбай Медетбаев және қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Төлеген де бар.
Бекет Мантаев, Бауыржан Қуанышбаев, Вероника Цой, Бауыржан Жұмандіков, Нұрболат Тұяқбаев секілді азаматтар да – даңқты дәрігердің тәрбиесін көрген, келешегінен мол үміт күттіретін ақ желеңді абзал жандар.
Оның тұлғалық сипаты өз алдына. Болатбектің есімі бүгінде елімізден әрі асып, алыс-жақын шетелдерге де танылды. Шетелдіктер оның медицинадағы жетістіктерін әлдеқашан мойындаған. Отандық медицинаға жаңашылдық енгізу жолында білімін де, күшін де аямайтын абзал жанның денсаулық сақтау саласының дамуына ерен үлес қосып келе жатқаны жай айта салуға келмейтін сөз. Ішкі ағзаларды трансплантациялау ісінде он сағаттап ота жасап, талайды ажал аузынан алып қалғаны ел арасында аңызға айналып кетті.
Қашан да туған жерінің ары мен намысын, дамуы мен өркендеуін естен шығармайды. Баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен сұхбаттарын да оқыдым. Осының бәрінде адамдардың денсаулығы үшін қажетті нәрселерді тәптіштеп түсіндіріп, қайткенде алға қарай адымдай жүруді айтып отырады.
Соның бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайында. Көп адамның осы саясатты дұрыс түсінбегені, сенбегені рас. «Ақшаны мемлекет бөлмей ме?» «Мен көп ауырмаймын, дәрігерге қаралмаймын, сонда менің ақшам қайда кетеді?» дейтіндер табылды.
«Денсаулық үшін мемлекет немесе медицина саласы емес, алдымен әр адам өзі жауап беруі тиіс. Сонда ғана ұлт денсаулығы жақсарады, – депті Болатбек Баймаханов, – Адам өзінің қай уақытта ауырып, қандай жағдаймен ауруханаға түсуі мүмкін екенін тап басып болжай алмайды. Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Елімізде жүрек, бүйрек, бауыр алмастыруды қажет ететін қаншама пациент бар? Мысалы, бір ғана бүйрек алмастыруды қажет ететін пациент саны 2,5 мыңнан асады. Ал, бұл операциялардың орташа құны шамамен 1 миллион теңгеден жоғары. Өкінішке орай, ондай ақша екінің бірінен табыла бермейді. Міне, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жинақталған қаражат осындайда керек…».
Менің өзім де әлгі әнтек үміттілер қатарында едім. Дәрігердің осы сөзінен соң басқа насихатты керек қылғаным жоқ.
Жалпы, кейде маған өз замандастарымыздың қоғамдағы орнын дұрыс анықтай алдық па деген ой түседі. Жақсы, «100 жаңа есім» жеңімпазы дейік. «Құрметті азамат» атағын бердік, соның бәрі Болатбек Баймаханов секілді дәріпті дәрігердің тұлғасын айшықтай ала ма?
Біз неге осындай дараларымызды мемелекеттің, ұлттың атын асыра түсуге пайдалана алмаймыз. Олар туралы шығарма жазуға, фильм түсіруге, оны шет елдерге таратып жіберуге не кедергі?
Әйгілі шипагер емші Өтейбойдақ Тілеуғабылұлы есімін кім білмейді? Оған бес ғасыр бұрын жазған еңбегі үшін қытайлар мемлекеттік сыйлық берген. Болатбек Баймахановты да сол дәрежеге шығаруымыз керек деп есептеймін.
Қазақта дәрігер болып, атын алтынмен жазып қалдырған тұлғалар жоқ емес. Алысқа бармай-ақ, ХІХ-ХХ ғасырдың тұлғаларын алсақ та-ақ Петербор императорлық университетін бітірген атақты дәрігер Барлыбек Сыртанұлы, Петербордағы әскери-дәрігерлік академияда білім алып, І Дүниежүзілік соғыс кезінде күрделі санитарлық жағдайда иммитацияланған лазареттерде медициналық қызмет көрсетіп, жауынгерлерге ота жасаған Санжар Асфендияров, императорлық әскери-медицина академиясын алтын медальмен бітірген Хәлел Досмұхамедов, Шығыс халықтары әйелдерінің арасында медицина факультетін бітірген алғашқы қазақ қызы Аққағаз Досжанова секілді тарихи ел сүйген есімдер сапында Қазақстандағы адам ағзасын трансплантациялаудың тамаша шебері Болатбек Баймахановтың ойып алған орны тұр.
Сонау 900-ыншы жылдары өмір сүрген Ибн Синаның алғашқы отасынан соң қаншама адамның ағзасында қандауыр ойнап, қаншама жанның үміт шырағы жанды екен. Солардың бәрін бір-бір кітап қылып жазса, әлемнің әр пендесі тек жақсылықпен көз іліп, ізгілікпен оянар еді.
Өйткені дәрігер еңбегінің дәрпі ықылас ырғағы, риясыз ризалық…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<