Шынайы адам, шебер дәрігер Шәріпбай аға Әлназаровты білмейтін кісі кемде-кем. Жұрт жадында жатталған жан әлі де ұмытылмақ емес. Адам жаны мен тәнінің шипагері биыл торқалы тоқсан жасқа келді. Ал өмірден өткеніне жиырма бес жыл болыпты. Уақыттың осындай үйлесімін жұптаған жылдар жаңғырығын өзімізше өрнектеп көрдік, алыста қалған асқақ армандар мен өрісі кең өмір белестерін тізбеледік.
Алдымен есімі елге белгілі Ернияз Омаровтың есті естелігі есіме оралды. «Шәкең білікті дәрігер ғана емес, аңқылдаған азамат, жылы жүректі жан болатын. Данышпандар «Дәрігердің күші оның жүрегінде» деген тәмсілді текке айтпаған. Ол жүрекке жүгінген, біліктілігін білген ешбір дәлелдеуді қажетсінбейтін дәрігер еді» деп дәріптегені ой мен ойды жалғай түсті. Шынында дәрігер болуға жүректің батырлығы, шексіз шыдамдылық пен сабырлы болу қасиетіне жүгінгендер талассыз жетеді. Шәріпбай ағаның шыңы сол мықтылықтың межесін көрсеткендей, сонау сағымға айналған сағыныштардың арасынан қылаңдап, елестейді.
Шәріпбай аға бес ағайынды еді, алып бәйтеректің бұтақтары секілді тамырды тереңге салған әйгілі әулетке айналды. Өсіп-өнген, тәрбиелі, өнегелі отбасылар санатында аймаққа жақсы таныс. Алдыңғы буынға қарап бой түзеген көргенді кейінгілер ата-аналары салған сара жолды үзбей жалғап келеді.
Осы орайда, айтпау орынсыз, Шәріпбай ағаның нағашы атасы Тасжанқожа мешіт ұстаған діндар кісі болған. Кереметі сол, ол кісі оспаға егу (прививка) жасаудың шебері болған деседі. Әсіресе, сол кездері балалар арасындағы аурушаңдықты азайтуға араша бола білген. Демек, аталары Құлболды ишан мен Тасжанның емшілік, палуан Мырзақожа бабасынан батырлық пен батылдық қасиеті қонған.
Ал, ардақты ағамыздың өз отбасы – дәрігерлер династициясы. Сыр елінде урология саласының негізін қалаған Шәріпбай Әлназаров та, жан жары, белгілі акушер-гинеколог Шолпан Момынжанқызы Көпірбаева-Әлназарова да, асылдың сынығы, тектінің тұяғы Шолпан, Ақмарал, Ақтоты да дәрігер. Байқайсыз ба, бір шаңырақтан белгілі бес дәрігер! Әкеден өсиет, анадан қасиет алған қыздар бүгінде халықтың құрметі мен елдің алғысына бөленген абырой иелері.
Әрине, әрбірінің өз биігі бар. Солардың ішінде медицина саласының мақтанышы, қайраткер қызымыз Ақмарал Шәріпбайқызын айрықша атауға тиіспін. Ол аймақтың атқарушы қызметтер саласында түрлі лауазымдық басшылықтар жасап, сонан соң Сенат депутаттығына сайланды. Өзі медицина ғылымдарының докторы. Бүгінде Ақмарал Әлназарова – ҚР Денсаулық сақтау министрі. Тәуелсіз еліміздің бас дәрігері. Сыр елінің майталманы, әрі мақтанышы.
Өнегелі шаңырақтың сәуле болып шашқан шырағы да, жайқалып өскен құрағы да осындай парасатты перзенттерімен, ұлағатты ұрпағымен үстем, мерей-мәртебесі әрдайым асқақтай береді.
«Дара дәрігер» кітабын оқығандар болса, онда балалықтан даналыққа дейінгі дәрігер болмысы егжей-тегжейлі жазылған. Бірақ біздің мақсат – кітаптан көшіру емес, көңілдің жарқын беттерінен ізгі ойлар табу болды.
Бұл кісінің өмірі өңір халқының өмірімен өзектес, демографиясымен діңгектес, тіршілігімен тамырлас десем таңданбаймын. Былайғы ем-домын есептемей-ақ, жай ғана статистиканы сөйлетсем. Урология саласында 5 мыңнан аса ота жасап, сапқа тұрғызған науқастан бүгінге дейін қанша ұрпақ өсті, өнді. Орташа 15-20 мың болса, бұл дәрігерді дегдар дейміз бе, денсаулықтың сақшысы дейміз бе, әйтеуір халықтың өмірі мен өсіміне өз үлесін аз қоспады.
Атақты Ибн Сина «Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ» деген екен. Рас сөз. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Өйткені адам анатомиясын терең зерттеуге қабілеті жоғары, жиіркенбейтін, қорықпайтын, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар ғана осы салада жұмыс жасай алады. Абзал ағамыздың тартынбай, табандылықпен бел шешкен байламы бір күнде болған шешім емес, оны балауса шағынан бекемдеп келген арман сыңайлы.
Балалық шағы соғыстың өрті өршіп, ел үлкен күйзеліс кешіп, бес батпан ауыртпалықты арқалаған аумалы кезеңге тұспа-тұс келсе де білімге талаптанып, оқуда озат, сыныпта староста болуы болашаққа сеніммен қарауы деп білемін. Бес жасында тіреуіш бақаннан айырылып, әкеден қалған балаға оқу арман болуы мүмкін еді, Құдай берген ағалары арқа сүйеді. Сөйтіп, алған бетінен алға ұмтылып, сабақты ине сәтімен ілдилап жүре бастады.
Тұлғасына қарасаң сүйсінесің, оқтаудай тіп-тік, бойшаң, денесінде артық сылым еті жоқ пошымы құдды баскетболшыға ұқсайтын. Танымағандар оны спортшы деп ойлауы әбден кәдік. Негізінен сыршыл, сезімтал, өр мінезді, жоғары намысқойлығы, шыншылдығы ататектен арқау қасиеті шығар, кісілік келбетіне кір шалдырмай, адами қалыбынан ауытқыған кезі жоқ.
Бейкүнә кезінен іңкәрлікпен ауыз әдебиетінен сусындап, қабілетіне қарай ұлттық музыкалық аспаптарды жете меңгеріп, жан-жақтылығын, бесаспап болмысын байқата бастады. Көзі көрмесе де көкірегі кемел Нышан әулиенің жолын жалғап, қобыздың сазын сан сарынға салып, мұңлы ырғағымен маңайын тербеткен таланты да бір төбе. Өнерден есе бермес өрен осылай өсе берді.
Орта мектепті бітірісімен медициналық училищеде оқуы мамандықты меңгеру мен денсаулық саласының маңызына мән беріп, ем-шараны терең білуге машықтанудың баспалдағы еді. Көздеген кәсіп – адам тағдырымен күресу болғасын, оның жүгін көтеруге жігері жеткілікті еді. Сондықтан төменнен жоғарыға сатылау серпілісі оянды. Бастапқы білім ізденістің іргетасы десек, 1958 жылы Алматы медицина институтын хирург мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білімді кәсіби дәрігер ретінде елге қызмет етуге келді. Жолдамамен Жаңақорған ауданына барып, алдымен хирург, сосын аудандық аурухананың хирургия бөлімінде меңгеруші болды. Маманның қат уақыты, оның үстіне хирургке өте зәру тұғын. Кей кездері травматолог болып кететіні де бар. Халықтың денсаулығы үшін дәрігер бәріне дайын болуы керек. Ол солай жасады. Бұл тәжірибесін шыңдауға септігі тиген, ізденістер мен талпыныстарын еселеуге ерік берген ең бір елеулі күндер болатын.
1960 жылы дария сыр беріп, қарғын су Жаңақорған кентін басты. Төтенше жағдай республиканы дүрліктірді. Су деңгейі белуарға барды, қам кесек үйлер құлап жатты. Тізеден келген суға төтеп берер не қауқар болсын, жансыз дүниелер сол замат-ақ бүйірден жамбастай берді.
Адам шығынына жеткізбей, аудан халқының денсаулығына мұқият маңыз қою өте өзекті іс болатын. Медициналық құрал-сайман жеткіліксіз уақыт. Осындай жауапты шақта аудандық аурухананың бас дәрігері Шәріпбай Әлназарұлының ерлігі ел есінде. Ауруханадағы небәрі 2 көлікті, барлық әріптес персоналды ортақ мүддеге жұмылдырып, күн-түн демей адамның амандығы үшін арпалысты. Аурухана науқасқа лық толды, онан қалды алыс ауылдарды аралап, халыққа медициналық көмек көрсету тағы бар. Үлгермей жатқан жерге өзі шабады, емдеуге шұғыл кіріседі.
Ауданға сырттан келген көмекшілерге де жатын орын, ас-суын дайындап сабылды, көптің алаңдаулы жүзін жазуға барын салды. Сонда аудандық атқару комитетінің бастығы Зұлпыхар Мұсаханов: «Елдің басына түскен ауырпалықты азаматтарымыз көтермесе кімге шағынамыз? Қиын-қыстауға қарамастан қауіпке қарсы тұрған Шәріпбай бастаған дәрігерлер тобына алғысым шексіз. Инфекцияға ұрындырмай, өлім-жітімге жеткізбей, халықты аман алып шықты» дегені бар. Міне, дәрігер дәреметі деген осы шығар, оны академик Асқарша айтқанда, «Адамға ең жақын, ең керек екі мамандық – мұғалім мен дәрігер. Менің білуімше. Сіздің білуіңізше де солай болуы керек»!
Біреулер хирургты қатал мінезді, қабағы қатулы маман ретінде қабылдайды. Адамның ішкі ағзасын ақтарып, қолынан скальпель түспейтін салқын қанды санайды. Шын мәнінде, мүлдем олай емес. Ол туралы Шәріпбай ағаның өзі: «Дана халқымыз «Мейірімділік – жүректен» деп бекер айтпаған, сол себепті әрдайым дәрігер мен науқастың арасында бір-біріне деген мейірімділік болса кез келген аурудың бетін қайыру қиын емес!» дейтін.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлері тұғырлы биік шың. Жалпы медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті.
Қызық, қуық ауруы дерт біткеннің ішінде адамның ең жанды жері екен. Айықсаң, сенен бақытты жан жоқтай, қуанасың, жадырайсың, жаның жай табады. Содан кейін болар, қазақстандық профессор, атақты уролог-ғалым А.Свидлер: «Уважаемые урологи! Хирурги белый хлеб кушают, а урологи белый хлеб с маслом кушают» дейтін көрінеді.
1963 жылы Қызылордаға шақырту алып, қалалық ауруханада хирург, жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі болып қызметін жалғастырды. Әрине, ауданға қарағанда қаланың тынысы кең, мүмкіндігі мол десек те, білікті дәрігерге белгілі бір салаға мамандануы қажет еді. Алдымен «аймақ үшін қай маманның тапшылығы бар?» деген сауал туындағанда урология алғашқы кезекке көтеріліп тұрды. Себебі аурушаңдық деңгейі мен дерттің негізгі түрлерінен бүйрек, өт, қуық бездерінің асқыну белгілері байқалды. Енді осының түйінін тауып, түбірін емдеуге уақыт жетті.
Шәріпбай ағаның жолы болды. Тағы қандай десеңші, одақтың бас урологы, академик А.Н.Лопаткиннің клиникасына топ ете қалды. Кәдімгі көзсіз батыр, ғаламат ғалымның тап өзіне түсті.
Николай Алексеевич ардақты ағадан он жас үлкен кісі екен. Өте биязы, үйренемін дегенге ерінбей дәріс оқиды, клиникада жасалатын күрделі отаға қатыстырып отырады. Құдай айдап келген екен, әйтеуір сәтін салды. Осы жерден тәжірибесін толықтырып, шеберлігін жетілдіруге жол ашылды. Бұл жайлы аға: «Мені Мәскеу шыңдады, академик болашағыма ақыл қосты. Емдеу ісінде жүрген менің өмірімнің жарқын беті ашылды» дейтін көрінеді.
Расында, осыдан кейін облыстық аурухананың урология бөлімін басқарып, он жылға таяу тапжылмай еңбек етті.
Бірде, қалалық аурухананың бас дәрігері Е.Омаров шақырды. Жай емес, бірге қызмет істеуді қалайтынын, қала халқының денсаулығы үшін 40 төсектік урология бөлімі ашылатынын жеткізді. Осылай ол қызметке барды, бөлім меңгерушісіне тағайындалды. Қызметімен қоса облыстың бас урологы лауазымын атқарды.
Арасында мүмкіндік тауып, медицина мамандарының білімін жетілдірудің институттары мен жетекші орталықтары орналасқан Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Алматыда тәжірибесін толықтырды, ғылыми негіздемеге сүйенген жаңа әдістерді үйренді.
Осыдан кейін жоғары санатты дәрігер Шәріпбай Әлназарұлының шипагерлік шеберлігіне назары тәнті науқастар қала, облысты былай қойып, республикадан арнайы іздеп келетін жағдайға жетті.
Бір ғана мысал. Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары Дәулет Серікбаев Қызылордада, қалалық ауруханада жатыр дегенге сенер ме едіңіз? Өзі кімсің, еліміздің басшысы Д.Қонаевтың туған қарындасының күйеуі. Одақтың қай қаласында емделсе де шамасы жететін абыройлы адамның тек Шәріпбай Әлназаровқа ғана жүгініп, сеніп келген беті екен. Бір жағынан қажы Мәді қожа әулиеден тараған қожекеңнің тұқымнан таралған тектілігін, қанмен жалғасқан тәуіп қасиетін де жақсы білетіндіктен одан медет күтіп, тағдырын тапсыруға тура келген. Солай болды да. Құлан таза айығып, бүлкілдеген бүйрек байырғы сау қызметін жалғастырды. Осыдан кейін дәрігер даңқы қалай аспандамасын?!
Сол кездері бүйректің төмен түсуі (нефроптоз) Сыр елінде өршіп тұрды. Мейлінше, көпбалалы, ауыр жұмысқа жегілген аналардың азабын Шәріпбай аға ғылыми еңбекке арқау етіп, кандидаттық диссертация қорғауға дайындалып жүрді. Бірақ соңына дейін үлгермеді. Әйтпесе, қазақ қоғамы мен ғылымына тағы бір ерен еңбек қосылар еді. Дейтұрғанмен ағаның арманы аяқсыз қалмады, ғылым жолында жетістікке ие ұрпақ бар.
Оның Отан алдындағы озық ісі орынды бағаланды. 1971 жылы КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, 1984 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді.
Қалалық ауруханада ескерткіш тақтасы орнатылып, Қызылорда қаласынан бір көше Шәріпбай Әлназаров есімімен аталады.
Міне, дәрігер деген дегдарымыз осы. Бүгінде ұл-қыздары, немере-шөберелері әке-атасымен мақтанады. Оның облыс медицинасын дамытуға қосқан үлесі тарих беттерінде жазыла береді.
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<