Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттік басқарудың тиімділігін төмендететін және азаматтардың құқықтарын бұзатын ауыр әлеуметтік-экономикалық дерт.Ол мемлекеттің заңдық негізін әлсіретіп, халықтың билікке деген сенімін жойып, жалпы әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселенің кез келген ел үшін стратегиялық маңызы зор.
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі жемқорлықпен күресудің қоғамдық негізін нығайтуға және қоғамды адалдыққа шақыруға бағытталған бірқатар іс-шараны жүзеге асырып келеді.
2013 жылдың 25 қарашасында өткен бірлестіктің құрылтай жиналысында «Жаңару» қозғалысының Жарғысы бекітіліп, 3 желтоқсанда ресми түрде тіркелді. Осы күннен бастап бірлестік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыстың негізін қалады.
Бірлестіктің басты мақсаты – ҚР Президенті жариялаған сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын қолдау, құқық қорғау органдарына қоғамдық қолдау көрсету және халық арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
2022 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте Мемлекет басшысы: «Қоғамның басты талаптарының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалай да жеңуіміз керек. Бұған қатысты менің ұстанымым өзгермейді», – деген болатын.
Бұл мақсатқа жету үшін «Жаңару» жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын анықтап, оларды жою бойынша талдау жүргізу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді көзқарасты қалыптастыру, қоғамдық бақылау құрылымдарын құру және дамыту, мемлекеттік қызметшілердің қызмет бабын теріс пайдалану фактілерін анықтауға көмектесу міндеттерін атқарады.
«Жаңару» қозғалысы еліміз бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және 17 облыста филиалдар ашып, кең ауқымды жұмыс жүргізеді. Бұл филиалдар жергілікті деңгейде жемқорлықпен күрес шараларын ұйымдастырады, мемлекеттік органдармен тығыз байланыста болады.
Бірлестік мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, қоғамдық ұйымдармен меморандумдар мен келісімдер жасап, жемқорлыққа қарсы шараларды үйлестіріп отырады. Сондай-ақ халықаралық деңгейде де әріптестік орнатып, шетелдік ұйымдармен тәжірибе алмасады. Бірлестіктің БҰҰ сайтында ағылшын тілінде жеке парақшасы бар.
Қозғалыстың құрамында «Жас қыран» атты жастар ұйымы жұмыс істейді. Бұл жастар тобы қоғамдағы адалдықты, этикалық тәртіпті насихаттауға, жасөспірімдер мен студенттер арасында жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға бағытталған жұмыс жүргізеді. Жастардың қатысуы – қозғалыстың болашаққа деген сенімін арттырады.
Жақында Қызылорда облыстық сотында жас мемлекеттік қызметшілерге арналған арнайы кездесу өтті.
Кездесуде сот әкімшілігінің облыстық департаменті және «Жаңару» қозғалысы облыстық филиалы тарапынан мемлекеттік қызметшілерге жалпыға ортақ моральдық және әдеп нормаларын сақтау, қарапайымдылық танытып, заң талаптарын бұзуға жол бермеу, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерінен аулақ болу қажеттігі айтылды.
Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауатын арттыруға, адалдық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамдық бақылау – өте маңызды құрал. «Жаңару» қозғалысы осындай бақылау жүйесін құруға және дамытуға үлкен мән береді. Қоғамдық бақылау арқылы халық билік органдарының жұмысына араласып, әділетсіздік пен заңсыздықтардың алдын алуға мүмкіндік алады.
Қозғалыстың арқасында көптеген өңірде қоғамдық мониторинг жүргізіліп, жемқорлық фактілері анықталған жағдайда тиісті органдарға дер кезінде хабарланады. Бұл әдіс жемқорлыққа төзбеушілікті арттырып, жауапкершілікті күшейтеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте білім мен ақпараттың рөлі өте зор. Қоғамға ашықтық пен әділдік ұғымдарын насихаттау арқылы ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық сауатын арттыру арқылы да жемқорлыққа қарсы иммунитетті күшейтуге болады. Сондықтан «Жаңару» қозғалысы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамның барлық топтарын адалдық пен заңдылыққа үндейді.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы тығыз ынтымақтастық – жемқорлықпен күресте жеңіске жетудің басты кілті. «Жаңару» қозғалысы осы бағытта түрлі жобалар мен бағдарламаларды іске асыра отырып, өзара сенімді нығайтуға және жемқорлыққа төзбеушілікті арттыруға күш салуда. Әрбір азаматтың қатысуымен және қоғамның белсенділік танытуымен ғана Қазақстан жарқын болашаққа сеніммен қадам басады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бұл тек қана мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол барлық қоғам мүшелерінің ортақ ісі. Қоғамның жегісіне айналған дертпен күресудің қиындығы орманға тиген өртпен күресуден кем емес. Сондықтан да, әрбір іс-қимыл шаралары адалдық пен әділдік қағидаларына негізделген халықтың белсенді қатысуымен жүзеге асуы тиіс.
Қазіргі таңда көптеген ел жемқорлықпен күресуде инновациялық әдістерді қолданып, ашықтық пен есептілікті арттыруға бағытталған технологияларды енгізуде. Бұл – мемлекеттік қызметтің барынша ашық болуына және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан да осы үрдісті қолдап, цифрландыру мен электрондық қызметтерді дамыту арқылы жемқорлыққа қарсы тиімді шаралар іске асырылуда.
Жемқорлықпен күрес – ұзақ мерзімді, тұрақты әрі кешенді жұмысты талап етеді. Ол үшін заңнаманы жетілдіру, бақылауды күшейту және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Осы бағыттағы қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше. Олар халық пен билік арасындағы алтын көпір болып табылады, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтардың құқықтарын қорғап, мемлекеттік органдардың қызметін қадағалайды. Сондықтан осындай ұйымдарды қолдау және олардың қызметін дамыту жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес үшін барлық деңгейдегі білім беру жүйесінде құқықтық тәрбие мен этикалық нормаларды жетілдіру қажет. Жастарды адалдыққа баулу, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын қамтамасыз ету арқылы ғана біз әділетті және ашық қоғамды құра аламыз. Осылайша, келешек ұрпақтың жемқорлыққа төзбеушілігі нығайып, елдің дамуы берік негізге сүйенеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдағы моральдық-әлеуметтік құндылықтарды нығайту маңызды орын алады. Әділеттілік пен адалдық қағидаларын ұстана отырып, әрбір азамат өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Бұл – тек жеке тұлғаның ғана емес, сонымен бірге қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудің кепілі.
Сағатбек СҮЛЕЙМЕН,
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа
қарсы жалпыұлттық қозғалысы»
республикалық қоғамдық бірлестігінің
Қызылорда облысы бойынша
филиалының төрағасы





