Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы азық-түлік өндіруші компанияларды 2023 жылға қарай май қышқылының трансизомерлерін пайдаланудан толықтай бас тартуға шақырды.
Ұйымның бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус: «Бүкіл әлем COVID-19 індетімен күресіп жатқан кезде біз халықтың денсаулығын қорғауға бар күшімізді салуымыз керек. Бұл қатарда инфекциялық емес аурулардың алдын алуда бар», деп мәлімдеді.
ДСҰ-ның деректері бойынша өнеркәсіпте трансмайларды қолдану жыл сайын жарты миллионға жуық адамның өліміне себеп болады екен. Себебі трансмайлар жүрек-қан тамырлары ауруын қоздыратыны медицинада дәлелденген. Сол себепті бүгінгі таңда әлемнің 58 мемлекеті 2021 жылы өз территориясында адамдарды трансмайлардан қорғау туралы арнайы заң да шығарған. Алайда ДСҰ азық-түлік өндірісінде трансмай қолданатын 100 елдегі жағдайға алаңдап отыр. Азаматтарының зиянсыз азық-түлік тұтынуына жеткілікті жағдай жасамай отырған елдердің қатарында Әзербайжан, Бангладеш, Бутан, Мысыр, Үндістан, Иран, Мексика, Непал, Пәкістан және Эквадор сынды елдер бар.
Бір айта кетерлігі, халқының трансмайды аз тұтынуына жағдай жасаған елдердің бәрінде тұрғындардың жан басына шаққандағы табыс мөлшері жоғары екен. Жан басына шаққандағы табысы аз елдердің бірде-бірі әлі күнге олардан үлгі алмапты.
2018 жылы ДСҰ REPLACE бағдарламасын қолға алған-ды, соның аясында трансизомерлерден түпкілікті бас тарту көзделіп отыр. Табиғи трансизомерлер, яғни трансмайлар ет, сүт тағамдарында аз мөлшерде кездесетінін айта кету керек. Ал маргарин, чипсі сынды тағамдардың құрамында өте көп.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<