Халық денсаулығының мықты болуы – еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерге байланысты екендігі мәлім. Осы ретте еліміздің денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген білікті дәрігер Қалаш Басхожаевтың өнегелі істері төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. Жемісті еңбек еткен маманның медицина саласының дамуына қосқан үлесі зор.
Еңбек жолын 1969-1971 жылдарда Жаңақорған аудандық аурухананың балалар бөлімі меңгерушілігінен бастаса, одан кейін осы салада түрлі қызметтер атқарды. Ал 1985 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі аралықта Жаңақорған аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының бас дәрігері болды. Басшылық қызметте жүргенде стационарлық, амбулаториялық емдеу, егу, аурудың алдын алу шараларындағы жұмыстарды бір ізге түсірді. Соның нәтижесінде науқастардың саны азайды. Жақсы жұмыс көрсеткіштеріне жеткені үшін аурухана ұжымы 1987-1990 жылдарда «Коммунистік екпінді еңбек ұжымы» атағын алды. Ал 1990-1991 жылдар аралығында ескі әскери бөлім үйлерін күрделі жөндеуден өткізіп, 3 гектардай аула ішін әртүрлі жеміс ағаштары мен гүлдерге көмкеріп, науқас жандарға қолайлы жағдай жасады. Ауруханаға жаңадан «Рентген-30», флюрограф аппараты, жылжымалы электронды флюрографиялық машинасы, тағы басқа заманауи аппараттар алынды. Аурухана ұжымы туберкулезге қарсы күрес жұмысындағы көрсеткіштері бойынша облыстың алдыңғы сапында болып келді.
Білікті дәрігердің ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмады. Өз ісіне ұқыптылығы мен адалдығының арқасында әріптестерінің ортасында абыройлы болды. Зейнеткерлікке шыққан соң да аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елдің ауызбірлігі мен жастарды салт-дәстүрімізді құрметтеуге шақырудан жалыққан емес.
Тәжірибелі дәрігер көпжылдық жұмысында бірқатар марапатқа қол жеткізгенін айта кетейік. Ол «СССР Медицина ісінің үздік қызметкері», «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі мен Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы». Жуырда ол туған жерге Нұр-Сұлтан қаласынан келді. Жәй емес, облыстық денсаулық сақтау басқармасы оны «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапаттады. Ал мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін марапаттың төресі – ол халықтың шынайы ықыласы екені рас. «Ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік әрі қасиетті ұғым болып қала бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<