12 мамырда бүкіл әлемде Халықаралық медбикелер күні аталып өтеді. Биыл елімізде 147 мыңға жуық медбике кәсіби мерекесін тойлап жатыр. Қоғамдық саясат институты осы саладағы мамандардың жұмысына шолу жасады.
Елімізде орта медициналық персоналдың саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан кадр тапшылығы әлі де сақталып отыр.
Бүгінде 4,2 мыңға жуық орта буын маманы жетіспейді.
Сонымен қатар, мейірбике мамандармен қамтамасыз ету төмен деңгейде қалып отыр: 10 мың адамға — 74,7, акушерияда 10 мың адамға — 5.
Мысалы ДДҰ соңғы дерегінше (2020) Еуропа елдерінде мейірбике және акушер мамандардың адам санына шаққандағы көлемі мынадай:
- Финляндия — 10 мың адамға 223,3;
- Швеция — 10 мың адамға 215,9;
- Бельгия — 10 мың адамға 201,3;
- Швейцария — 10 мың адамға 187,1;
- Норвегия — 10 мың адамға 185,1.
Айта кету керек, бүкіл әлемде денсаулық сақтау жүйесінде медбикенің рөлі артып келеді. Жалпы, медбике ісі саласында қызық тенденциялар байқалады.
Мәселен, денсаулық сақтаудағы жұмыс күшінің инновациясы ретінде медбикелік функцияларды кеңейту.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелеріндегі кадр тапшылығын, сондай-ақ жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жоғары жүктемесін ескере отырып, көптеген елдер медицина міндеттерінің бір бөлігін медбикеге беру жөнінде шешім қабылдаған (Швейцария, Ұлыбритания, Финляндия, Ирландия, Польша және басқа).
Мейірбикелік қызметтің жаңа моделін әзірлеу және енгізу жобасы аясында (2017 жылдан бастап) Қазақстанда бірқатар дәрігерлік функцияларды (патронаж, вакцинация, скрининг және бірқатар диагностикалық және емдік процедуралар) өз мойнына алған озық тәжірибелі медбике лауазымы енгізілді.
Тағы бір үрдіс — жоғары білімі бар медбикелер үлесін арттыру. ДДҰ ұсынымы бойынша жоғары білімі бар медбикелердің үлесі кемінде 10% болуы керек.
2022 жылғы жағдай бойынша Америка Құрама Штаттарындағы медбикелердің 71,7 пайызының бакалавр немесе одан жоғары дәрежесі бар.
Қазақстанда медбике мамандарын даярлаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілген.
Сонымен қатар, жұмыс істейтін медбикелер үшін интеграцияланған академиялық және қолданбалы бакалавриат бағдарламалары әзірленді.
Осыған орай еліміздегі 37 медициналық колледж Жоғары колледж мәртебесін алып, қолданбалы бакалаврларды даярлайды.
Бүгінде білікті мейірбике мамандарына сұраныс күннен күнге артып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2020 жылы медбикелердің жаһандық жұмыс күшінің тапшылығы — 5,9 миллион адам болған.
Медбике жетіспеушілігі Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Латын Америкасының бірқатар елдерінде өте өткір тұр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, алдағы 5 жылда медбике кадрларына сұраныс 39 мың адамға жетеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең үлкен сұранысқа ие ТОП-5 бос жұмыс орындарының қатарына медбикені кіргізеді (1,2 мың бос орын).
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<