Емханаға тіркелдіңіз бе?

621

0

Республика көлемінде 15 қыркүйектен бастап дәстүрлі медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын еркін таңдау науқаны жүріп жатыр. Бұл науқан қараша айының ортасына дейін жалғаспақ. Бүгінде облыс бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 21 емхана тіркелген. Оның 62 проценті – мемлекеттік болса, 38 проценті – жекеменшік. Тұрғындар үшін тіркеу науқаны мен емхананы еркін таңдау мүмкіндігі консультациялық-диагностикалық қызметтерге, ауруханаларда емделуге және кез келген жоспарлы медициналық қызметтерді пайдалануға құқық береді. 

– Науқанның басты мақсаты − халыққа қызмет көрсететін медициналық ұйым жұмысының тиімді әрі сапалы болуын қамтамасыз ету. Егер медициналық ұйымның қызметі қанағаттандырмаған жағдайда тұрғындарға таңдау құқығы беріледі. Өткен жылы емханаларда тіркеу науқанының қорытындысы бойынша өңірдің екі мыңнан аса тұрғыны БМСК ұйымын еркін таңдау қызметін пайдаланды. Олардың көпшілігі өтініш беру арқылы тіркелсе, қалған азаматтар egov.kz порталы арқылы онлайн қызметті таңдаған. Сондай-ақ, азаматтар емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған болса, қазіргі кезде тіркеліп тұрған БМСК ұйымында қала береді, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына үш тәсіл арқылы тіркелуге болады. Олар – тікелей таңдалған медициналық ұйымға жүгіну арқылы және электронды үкімет порталы көмегімен онлайн түрде тіркелу. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беруге мүмкіндік қарастырылған. Тіркеу науқаны  емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Бұл рәсімді жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады.

– Егер азамат тұрғылықты жерін, жұмыс пен оқу орнын ауыстырған жағдайда да емхананы қайта таңдауға құқылы. Азаматтардың кейбір жекелеген санаттары тікелей емханаға бекітіле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басты куәландыратын құжатты қоса беру қажет. Ол санаттарға зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, заң бойынша тағайындалған қорғаншылар немесе қамқоршылар, сондай-ақ патронат тәрбиешілер мен басқа да азаматтар жатады. Жыл сайынғы бекіту науқанын өткізуге жауапкершілік аумақтық денсаулық сақтау басқармаларына жүктелген,–  деді Бақыт Торғайбайұлы.

Айта кететін нәрсе, тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаса да, емханаға тіркеле алады, бірақ әрі қарай жоспарлы медициналық көмек алу үшін сақтандырылуы тиіс.

Бүгінде емхананы еркін таңдау құқығын облыс көлемінде 1000-ға жуық тұрғын пайдаланды. Жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, жеке және мемлекеттік емханалардағы тіркеу науқанының барысымен танысқан болатынбыз.

Науқан мүмкіндігін пайдаланушылардың бірі – Қызылорда қаласының  тұрғыны Нұршат Ахметова. Ол №6 емханаға тіркелді.

– Мұнда тұрмысқа шыққанға дейін қаралдым. Кәсіби мамандар қызметі ұнайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылғандықтан тіркеу барысында ешқандай кедергі болған жоқ, – дейді ол.

Жалпы, бүгінде №6 қалалық емхана 69246 тұрғынға қызмет көрсетеді. Көпшілігі БМСК көрсететін медициналық ұйымына өтініш беру арқылы тіркелсе, қалған азаматтар онлайн қызметті таңдаған (egov.kz порталы арқылы) немесе ХҚКО-ға өтінішпен жүгінеді. Басты шарт – МӘМС жүйесінде сақтандырылуыңыз керек.

«Interteach» клиникасына тіркелгісі келетіндер де аз емес. Науқан басталғалы бері бір ай ішінде 600-ге жуық адам тіркелген. Клиника 2019 жылдан бастап бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.

– Біздің жұмыс беруші «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде клиникамен келісім-шарт жасасты. Сондай-ақ, мұнда бүкіл отбасымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық қызметтер аламыз. Бұл өте ыңғайлы. Кезек жоқ, барлық қажетті  мамандар, диагностикалық қызметтер бар және шұғыл медициналық көмек жақсы жолға қойылған, – дейді қала тұрғыны Айдар Оразаев.

«Interteach» клиникасы бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Аблаеваның айтуынша, БМСК қызметіне сұраныстың артуына байланысты екінші аймақты ашу жоспарлануда. Ережеге сәйкес, кампания кезінде тіркелген азаматтар 2022 жылдан бастап медициналық көмек ала бастайды.

Айта кетейік, тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Бұл рәсімді жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады. Егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмысын, оқу орнын ауыстырған жағдайда, басқа елді мекенге көшкен болса, сонымен бірге ол тұрған емхана қайта ұйымдастырылса, жойылса және басқа да жағдайларда емхананы ауыстыруға құқылы.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<