Емханаға тіркелу науқаны аяқталды

954

0

Елімізде 15 қыркүйек – 15 қараша аралығында емханаға тіркелу науқаны жүргізілді. Нәтижесінде облыста 3939 тұрғын медициналық ұйымды өз еркімен таңдады. Оның ішінде 2511 адам медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы арқылы тіркелсе, қалған 1 428-і  онлайн қызметті қолданды.

Бұл туралы өңірлік ком­муникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиа­лының директоры Бақыт Исмаханбетов баяндады.

Өңірде тіркеу науқанына 21 медициналық ұйым қа­тыс­қан. Оның 8-і – жеке меди­ци­налық мекеме. Келесі жылы кепіл­дендірілген тегін меди­ци­налық көмек шеңберінде тұр­ғындарға қызмет көрсетеді.

– Бастапқы медициналық көмек көрсететін ұйымды бір­не­ше жағдайда өзгертуге болады. Егер адам өзінің тұрақты немесе уақытша тұрғы­лықты жерін, жұмысын немесе оқу орнын өзгерткен болса, басқа елді мекенге қоныс аударса, емхана әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры­ның жеткізушілері қата­рынан шығып кетсе, тіркеуді ауыстыруға мүм­кіндік бар. Бұдан басқа  кез келген азаматтың жылына бір рет тұрғылықты жері  бо­йынша емхананы ауыстыруға құ­қығы бар. Егер тіркелген адамдар шамадан тыс көп болса, денсаулық сақтау бас­қар­ма­сының бұйрығымен қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұратын азаматты ем­ханаға тіркемеуі мүмкін. Жалпы прак­­тикалық дәрігердің учас­кесінде 1700 пациенттен артық болмауы тиіс,– деді ол.

Тіркелген азаматтар келер жылдан бастап тегін меди­цина­лық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде меди­циналық көмекті ала бастайды. Сақтандыру мәрте­бесін электрондық үкімет пор­талында, қор сайтында, Telegram-дағы «SaqtandyryBot» және «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<