Ең бастысы – ел саулығы

1280

0

Дүйсенбіде Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордадағы 200 төсек-орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталатынын жеткізген еді. Осыдан екі ай бұрын басталған құрылыс нысанына біз арнайы барып, ондағы жұмыс жайын назарға алған едік.

Алдымен мына деректі айтайық. Ауру­хана құрылысына қала әкімі Н.Нәлібаев­тың осы жылдың 18 тамыздағы №15928 қаулысымен 4 гектар жер учаскесі табыс­талған. Ал келесі айда, яғни  15 қыркүйекте «KAZPAKO» ЖШС-мен келі­сім-шарт жасалған. Модуль­дік ауру­хананың жалпы құны – 6 млрд 370 миллион теңге.

Біз көргенде төрт блоктан тұратын аурухананың ішкі жұмыстары жүріп жатыр екен. Сондай-ақ жақын күндері сыртқы көркейту жұмыстары да бітпек. Осында жаңа аурухана жұмысын күнделікті бақылап жүрген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Бердияр Пірімбетовпен аз-кем сөйлесіп үлгердік.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен екі ай бұрын жұқпалы аурулар ауру­хана­сының құрылысы басталды. Салушы мердігер – Қазақ­стан­дағы ең озық құрылыс компанияларының бірі. Техникалары жеткілікті, қажетті құрылыс материалдары да өте сапалы. Дәл қазір, өздеріңіз көргендей, – мұнда екі ауысыммен 700 адам жұмыс істеп жатыр. Оның 100-ге жуығы компания өкілдері болса, қалғаны – осы жергілікті қосалқы құрылыс мекемелері. Желтоқсан айының 7-не аурухана құрылысы бітуі керек. Ғимарат сапалы салынуда, – деді ол.

Ең бастысы – ел саулығы

Қаланың батыс шетінен орын алған аурухана елі­міздегі ең озық нысандар қа­тарына кіреді деген сенім бар. Модульдік аурухана әкімшілік-медициналық блок пен қабылдау-диагностикалық бөлімшеден, операциялық-реанимация бөлімшесі және бірнеше палатадан құралады. Санамалап айтсақ,  мұнда 56 екі орындық, 16 үш орындық, 6 бір орындық палата және 7 екі орындық бокс, терапиялық 20 төсек-орын және қабылдау-диагностикалық бөлімшесінде 5 бокс кабинеті бар. Зертхана мен қойма, қосымша авариялық жағдай болғанда электр қуатымен қамтитын дизель-генератор үшін де бөлек ғимарат салынған. 150 қызметкерге жатақхана қарастырылып, келушілерге автотұрақ бар. Бұдан бөлек, аурухана аумағында меди­циналық қалдықтарды залалсыздандыру, машиналарды дезинфекциялау пункті, оттегімен орталықтандырылған жабдықтау жүйесі, қоқыс жинауға арналған алаң, газ тарату станциясы, жылу қазандығы орналасқан.

– Бұрын оттегі табуда қандай қиындық туатыны есіңізде шығар. Жер-жерден оттегі тол­тырылған баллонды тасымалдау дәрігерлерді әбігерге салды.

Бұл аурухана жанынан оттегімен қамтитын станция да салынды. Сағатына 50 куб таза оттегі беретін станция ауа­ны сырттан бірден тартып алып, арнайы құрылғымен өңдеп, әр палатаға жеткізіп тұратын болады. Бұл – өкпеге ауа жетпейтін жағдай болып, науқас қиналса, керек оттегі әр палатада дайын тұр деген сөз. Әу баста жобаға осыны қосу туралы талап қойып, мердігер мекеме бұл жұмысты атқарып шықты, – деді ендігі сөзінде Б.Пірімбетов.

Жасыратыны жоқ, кешегі пандемия өршіген кезде ақыл-есі бүтін болып, тек ауадан қысылған ауруларға, шыны керек, оттегі баллонын таппай қиналғанымыз есте. Одан қалды, біздің медбике қыздар ауыр оттегі толтырылған сол баллондарды бірлесе көтеріп, палаталарға жеткізіп, өлім мен өмірге араша түсті. Үкімет пен демеушілер тарапынан арнайы оттегі аппараттары да алынып жатты. Енді бұл мәселе шешімін таппақ.

Жаңа құрылыстағы көңіл тоғайтқан тағы бір мәселе – мердігер мекеменің өз зауыттарында дайындалған сапалы материалдармен жұмыс жүргізуі. Құрылыстың екі айдан өте аяқталу мәнісі де осында. Дайын құрылыс материалдарымен өте тез тұрғызылған модульдік аурухана желтоқсан айының ішінде пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Қысқасы, Мемлекет басшысының тапсырмасы мерзімінде әрі сапалы түрде жүзеге асуда. Бұл – ел саулығы жолындағы еңбектің бір көрінісі. Біз, шын мәнінде, ризалық көңілде оралдық.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<