Бүгін қаламызда ерекше балалармен жұмыс жасайтын “Асыл Мирас” орталығының ашылғанына 5 жыл толды. Меценат Болат Өтемұратов қайырымдылық қорының қолдауымен жұмыс жасайтын орталықта осыған дейін мыңдаған бала аяғынан тік тұрып, жаңа өмірге қанат қақты. Еліміз бойынша Астана, Алматы қалаларынан кейінгі үшінші емдеу мекемесі біздің өңірде ашылса, қазіргі таңда мұндай орталық саны 9-ға жетті. Психологиялық ауытқуы бар, сыртқы дүниеден оқшауланып жүретін балаларды ортаға бейімдеу мақсатындағы орталықта білікті педагогтар мен психологтар шетелдік тәжірибе бойынша көмек береді.
Орталық жетекшісі Гүлайым Масаққызының айтуынша, бес жыл ішінде мыңдаған баланы өмірге бейімдеп, қатарға қосқан.
– Мұндағы мықты мамандар әрбір келген балаға жіті тексеру жасап, егер аутизмнің спекторлық белгілері байқалса кезекке қояды. Пандемия жағдайына байланысты 64-65 баланы қамтып отырса, кезекте тұрғандар одан көп. Біздің мекемеге келетін ата- аналар көбіне тегін көмек көрсететінімізді біле бермейді. Өйткені мұндай орталықтар саны қаламызда көп. Бізде аутизм диагностикасы, сенсорлық интеграция тағы басқа шетелдің алдыңғы қатарлы технологиялары бойынша біліктілігін арттырған педагогтер, дефектолог, логопед және әлеуметтік педагогтер жұмыс істейді. Бір балаға арналған оңалту курсы әр түрлі уақытқа созылуы мүмкін. Мысалы, кей баламен жұмыс жасау нәтижесі бір апта болса, енді бірімен жасалған жұмыс жылға жуықтайды. Себебі бізде мамандар тек өздеріне берілген сағат бойынша қызмет көрсетеді. Ал ол балада толық нәтиже шығуы үшін ата-анасы үйде үнемі қайталап отыруы керек. Тағы бір айта кетерлігі, “баланың тілі кеш шығады, өзі сөйлейді” деп бей-жай қарап отыра беруге болмайды. Бала денсаулығына немқұрайлылық таныту оның болашағына әсер етеді, – дейді орталық жетекшісі.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<