Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері дәрігерлер мен медбикелер, өзге де барлық медицина қызметкерлері коронавирустық инфекциямен күресте алдыңғы шепте жүріп жұмыс жасауда.
Сәт сайын өршіген қауіпті індет дәрігерлер қауымының отбасынан жырақта болып, күн-түн демей жұмыста жүруге, тыныштық пен ұйқыны ұмытуға мәжбүр етті. Дегенмен, науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің ерлігі бүгінде мемлекет тарапынан лайықты бағалануда.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс басшылығы ел тұрғындарының денсаулығын қорғауға қосқан зор үлесі үшін облыстың бір топ медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті. Марапатталғандардың арасында №1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Сұлтангереева да бар.
Аймақта індетпен алғашқы науқас тіркелген кездегі жағдай Гүлнар Әбжәлиқызының есінде.
– Әрине, ол кезде қорқыныш болды. Бірақ біздің басты парызымыз – халықтың денсаулығын сақтау. Сондықтан ең алдымен өзімізді қолға алдық. Сол күннен бастап дәрігерлердің өмірі біршама өзгерді десем болады. Біріншіден, ішкі бұйрық шығарылды, оған сәйкес инфекциясы бар науқастармен жұмыс жасайтын топ құрылып, фильтр-шкаф, санитарлық ағартуға жауапты қызметкерлер анықталды. Ғимаратта маска, дезинфекция режимі сақталып, әр пациент фильтр-шкафтан өтіп, олардың температура, пульс және тыныс алу жиілігі өлшенді. Жұмыс қарқыны бірнеше есеге ұлғайды. Пациенттермен тікелей жұмыс жасайтын барлық дәрігерлер ауруға қарсы костюм, медициналық қолғап, маска, респиратор, көзілдіріктермен және басқа да қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Соның арқасында дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер арасында ауру жұқтырғандар болған жоқ, – дейді ол.
Карантин уақытында дәрігер, медбике және жүргізушіден тұратын үш команда байланыс тобындағы адамдармен жұмыс жасауда. Мұнай компанияларының өкілдері, өзге қаладан келген студенттерден ПТР-анализдер алып, инфекция ошақтарында жұмыс жасады. Оған қоса COVID-19 тасымалдаушыларын бақылады. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұратын 550 адамға профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, жоспарлы емге дайындалатын пациенттер мен медициналық мекеме қызметкерлері де сынақтан өтті.
– Өзге мекемелер секілді карантин кезінде дәрігерлер қашықтан жұмыс әдісіне көшті. Әр бөлімде тек бір дәрігер мен медбике қалды. Ал жергілікті дәрігерлер кезекшілікте болды. Температурасы, жедел респираторлы вирустық инфекцияның белгілері бар пациенттерге арнайы шұғыл көмек тобы шығып, COVID-19 сынақтарын өткізді. Жұмыс қызу өтті, бірақ бірде-бір дәрігер шағымданбады. Үздіксіз жұмыс жасай отырып, үйде қалуға шешім қабылдады. Біз бәріне игі жұмыстары үшін ризамыз, – дейді Г.Сұлтангереева.
Соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірлерінде эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, ауру көрсеткіші артуда. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл тұрғыда да дәрігер өз ойын білдірді.
– Төтенше жағдай режимі алынып тасталғанмен, жағдай толық тұрақталмады. Сондықтан облыс тұрғындарына еркінсуге әлі ерте екенін айтқым келеді. Керісінше, күннен-күнге симптомдық белгілері байқалмайтын көптеген науқастар тіркелуде. Мысалы, екі жүкті әйел мен екі балада COVID-19 анықталды. Олардың барлығы адамдармен байланыста болған. Айта кету керек, дәрігерлер өзін оқшаулау мүмкіндігі жоқ адамдарға жағдай жасайды. Олар үшін карантиндік ауруханада, облыстық туберкулезге қарсы диспансерде төсектер ұйымдастырылды. Мұнда азаматтар мамандардың бақылауында болып, 10 күннен кейін қайта тексеруден өтеді, – дейді дәрігер.
Осындай жанкештілікпен жұмыс жасап жатқан мамандарға кәсіпкерлер тарапынан қаржылай қолдау көрсеттілген. Мәселен, ауру ошағында немесе коронавирусты науқастармен тікелей жұмыс істеген дәрігерлер, учаскелік медбикелер мен эпидемиолог көмекшісін қоса алғанда 10 медицина қызметкерінің әрқайсысына 100 мың теңгеден берілді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан да ауыр еңбектері үшін сыйақы төленді. Сәуір айында 4 дәрігер, 5 медбике, 3 жүргізуші, 2 медбикеден тұратын жедел бригада қызметкерлері бонустық төлем алды.
– Әрине, мұндай жағдайда жұмыс жасау оңай емес, адамдардың өмірі бізге байланысты. Дегенмен, тұрғындар да сақтық шараларын ұстанса екен, – дейді ақ халатты абзал жан.
Бүгінде дәрігерлерге артылған жүктің салмағы ауыр. Сондықтан өзгенің өмірін сақтау үшін, өзінің өмірін қатерге тіккен олардың табанды жұмысы барлық құрметке лайық.
Мейрамгүл Дауылбайқызы,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<