Ерлікпен тең еңбек

1424

0

Тосыннан келген індет кезінде медицина саласының қызметкерлері  өз өмірлерін қатерге тігіп, алғы шепте жүр. Ақ халатты абзал жандар осынау сындарлы сәтте қайсарлықтың ерекше үлгісін көрсетіп, антына адалдығын танытты. Дәрігерлердің  қауіпті індетпен күрестегі ерлігін мен де көзіммен көрдім.

Осыдан біршама уақыт бұрын  тынысым тарылып, мазам болмады. Арқа тұсым ауырсынып, өзімді жайсыз се­зінген соң дәрігерлердің кө­мегіне жүгіндім. Олар мені рентген аппаратына түсірді, сынама алды. Нәти­жесінде екіжақты пневмония деген диаг­ноз қойды. Ауруханаға жа­тып, арнайы ем-дом  қабыл­дай бастадым. Бір палатада 6 адам болды. Бәрі де өк­пені жасанды желдету ап­паратын екі мезгіл пайдаланды. Дәрігерлер ауа өт­пейтін киімдерімен 6-8 сағат  науқастарға қызмет көр­сетті. Бұл – ерлікке тең жағдай.    

Жаның қысылып, ауру тұла бойыңды дендегенде өзіңді қоярға жер таппайды екенсің. Осы сәтте барынша қолдау білдіріп, қажетті ем-дом шараларын жасаған дәрігерлер қасымнан табылды. Күндіз-түні денсаулығымды жіті бақылап отырды. Науқас­тарға тағайындалған дәрі-дәрмектерін уақытылы салып жатты. Осы ретте аймақтық дәрігер Салтанат Шәменова, инфекционист Мерей Жұмашев, аға мейірбике Тұрғаш Данеева сынды арашашыға айналған жандарға алғысым шексіз. Дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында бір аптадан кейін жағдайым жақсара бастады. 14 күн ішінде ауруымнан айығып, отбасыма оралдым. 

Осы бір қиын сәтте бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күресе білсек, бұл індетті жеңеміз. Жақынымызға жанашыр болып, сақтық шараларын қатаң ұстанайық.

Дина АХМЕТОВА,

Жаңақорған ауданының тұрғыны

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<