Соңғы уақытта 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың ерте жүктілігі жиі кездесуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Сенім» емханасы директорының ана мен бала жөніндегі орынбасары Индира Аширова жасөспірімдер арасындағы осындай жәйттарды болдырмау мақсатында өз кеңесімен бөлісті.
«Ерте жүктілік 13 және 18 жас аралығындағы жүктілікті айтады. Осы уақытта қыз балаларда өтпелі жас кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу жүреді. Ерте жүктіліктің негізі себептері − енді бойжетіп келе жатқан жастардың ата-аналармен ашық сөйлесе алмауынан және дұрыс ақпарат алмағаннан болуда. Қазіргі уақытта жыныстық жолмен берілетін түрлі инфекциялық аурулар өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер арасында кең таралуда. Осының салдарынан ағзадағы гормондардың бұзылуы, бедеулік сияқты дерттерге ұшырайды.
Ерте жүктіліктің алдын алуда орта және жоғары оқу орындарында үнемі ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек. Сонымен қатар, неғұрлым қыз баланың жасы кіші болған сайын ерте жүктіліктің асқынулары өте көп болады. Біздің қауіптенетіміз, камелет жасына толмаған қыз балалардың криманалдық аборт яғни медициналық мекемелерден тыс жерде жүктілікті тоқтатуы. Бұның аяғы ана өліміне дейін әкелуі мүмкін», – деді Индира Қалдыбекқызы.
Сондай-ақ, брифингте облыстық жастар денсаулығы орталығының «Салауатты өмір салтын насихаттау» бөлімінің меңгерушісі Гүлдана Алмурзаева орталық тарапынан ерте жүктіліктің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Жастардың басым бөлігі денсаулықты сақтау және нығайту туралы қажетті ақпараттарды ғаламтор арқылы алатыны белгілі. Осындай мәселелерді негізге ала отырып, облыстық жастар денсаулығы орталығы облыс көлемінде тиісті іс-шаралар ұйымдастырды. Аралас форматта мектептер мен колледж және жоғары оқу орындарында 114 іс-шара өткізілді. Оған 3792 жасөсіпірім қамтылды.
Биылғы жылдың 8 айында репродуктивті денсаулықты қорғау бағытында біздің мекемеде жалпы тәжірбиелік дәрігерінен – 518, ал гинеколог маманнан – 211 адам кеңес алды. Алдағы уақытта да дәл осындай қарқынды жұмыстар әрі қарай жалғасады», – деді Гүлдана Айтмағанбетқызы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<