Фармацевтика: Отандық өндіріс оңалмай тұр

2323

0

«Жалбызымның жоқтығынан жалғызымнан айырылдым».  Бұл ертеде шипалық қасиетке ие жалбызды таба алмай, жалғыз баласынан айырылған ата-ана­ның мұң-зары еді. Онан бері қан­шама жылдар жылжып, уақыт өтсе де, құлаққа сіңіп қал­ған осы бір ауыз сөз ел ара­сында  ұмытылмай келеді. Әри­не, бүгінде жалбызға қарап тұр­ған күніміз жоқ.  Бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрі­ханаға ба­рып қажетті дәрі-дәрмегімізді қа­лауымызша ала қоямыз. Оның үстіне бұл уақытта қы­зыл­ды-жасылды дәрі-дәрмек  жар­намасынан  көз сүрінеді. Бұ­лай болуы заңды да. Өйткені фар­мацевтика  – табысты сала. Бизнестің басты бағытына айнал­ған дәріханалардан аяқ алып жүре алмай қалғанымыз да осыдан.

Десек те коронавирус пандемиясы отандық фармацевтиканың жай-күйін көрсетіп берді.  Елімізде сәуір, мамыр, маусым, шілде айларында дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезілді. Басқасын былай қойғанда, әншейінде дәріхана сөрелерінде самсап тұратын «аспирин» мен «парацетамол»  қасқалдақтың қанындай қат болды. Жұрт сағаттап дәріхана алдында кезекте тұрды. Әлеуметтік желілер беті «дәрі керек» деген хабарландыруға толды. 

Шын мәнінде отандық фармацев­тиканың бүгінгі жағдайы – ұлттық саясаттың ұрымтал тұсы.  Бұл салада күрмеуі қиын, түйіні тарқатылмаған мәселе көп. Біздің елге дәрі-дәрмек қай елдерден келіп жатыр? Импортқа тәуелділіктен қалай құтыламыз? Отандық дәрі-дәрмек өндірісін өркендетуге не кедергі? Көкейде мазалаған сұрақ көп. Жауап қайсы?

ҚР Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 8 мыңнан аса дәріхана бар. Оларды отандық өніммен қамту деңгейі 13 процент ғана екен. Қалғанын сырттан аламыз, яғни дәрі-дәрмектің 87 проценті – импорт.  Фармацевтикалық өнім шығаратын  ірілі-ұсақты отандық 79 кәсіпорын бар.  Негізінен елімізде шығарылатын дәрілердің 90 проценті ірі 6 зауытқа тиесілі екен. Олар – «Химфарм», «Глобал Фарм БК», «Нобел АФФ», «Ромат», «Нұр-Май Фарм» және «Қарағанды фармацевтикалық кешені».

Еліміз дәрі-дәрмекті әлемнің 80 мемлекетінен сатып алады екен. Олардың ішінде Германия, Франция, Ресей, Үндістан, Швейцария, Италия, Словения және АҚШ негізгі елдер.  Деректерге сүйенсек, пандемия кезінде, яғни алғашқы төрт айда еліміз аталған мемлекеттерден 345,9 млн долларға дәрі-дәрмек сатып алған. Бұл 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 10,7 процентке артық екен.

Президент биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында:  « Пандемия бізге көп нәрсені үйретті…  Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуі тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бас­тап осы бағытта нақты нәтиже күтемін» деген болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы орындалады деп сенеміз. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, адамның басты байлығы  – денсаулығы. Сондықтан дәрі-дәрмек өндірісі қай елде де қуатты саланың бірі болуға тиіс.

Әрине, елімізде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтудың барлық алғышарттары жасалған. Ірілі-ұсақты кәсіпорындар да бар. Бірақ импорт жол берер емес. Олай болса, отандық фармацевтика қалай оңалмақ?

Медициналық және фарма­цев­ти­калық бақылау комитеті облыс бойынша депар­таментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділхановтың айтуынша,  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, бірыңғай дистрибьютор («СҚ-Фармация» ЖШС) арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың басты қағидасының бірі – қазақстандық фармацевтикалық нарықтың дамуына тұтастай ықпал ететін отандық тауар өндірушілерді қолдау. Осы мақсатта бірыңғай дистрибьютор мен отандық кәсіп­орындар арасында 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге келісімшарттар жасалуда екен. Биыл бұл бағытта 24 отандық тауар өндірушімен шарт жасасқан. Сондай-ақ фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамы­тудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Онда аталған саланы қолдау мен дамытудың негізгі бағыттары көзделген.

–    Кешенді жоспар еліміздің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығындағы отандық өндірушілердің үлесін 2025 жылға қарай ақшалай мәнде 17 проценттен 30 процентке дейін, заттай 39 проценттен 50 процентке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, – дейді ол.

Дұрыс делік. Бірақ біздегі фармацевтика өндірісінің негізгі мәсе­лесі мұнымен бітпесе керек. Өйткені еліміздің фарма­цевтикалық нарығының негізгі бөлігі жоғарыда айтып өтке­ні­міздей,  импортталатын өнімдерден тұрады. Одан бөлек отандық фармацевтика өнеркәсібі шикізат, жабдықтар мен қаптаушы материалдар импортына да тәуелді. 

ҚР Ұлттық экономика министр­лі­гінің мәліметі бойынша дәрі өндірісі Алматы облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында өскені байқалады. Осы үш аймаққа елімізде шығарылатын дәрі-дәрмектің 90 проценті тиесілі екен. Шымкент «Химфарм» АҚ-ның жылдық қуаттылығы 600 млн тонна таблетка мен капсуланы, 193,8 млн инъекциялық ерітінді ампуланы, 2,6 млн сұйықтық ерітінді құтыны және 35,4 млн цефалоспорин тобындағы антибиотиктердің ұнтақ түріндегі құтыны құрайды.  Ал Алматы қаласындағы «Нобел АФФ» АҚ-ның қуаттылығы – жылына 750 млн таблетка, 250 млн капсула, 20 млн шырын мен сус­пензия құтылары және 10 млн туб кремдер мен гельдер.

– Кеңестік кезеңде елімізде бір ғана химфарм зауыт болған. Шымкент қаласында. Кейін ол жекенің қолына өтті. Дәрі-дәрмек өндірісіне мемлекет тарапынан көңіл бөлінбеді, соның салдарынан кенжелеп келеді. Мен фармацевтика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен адаммын. Бұрын дәріханалар басқармасы деген болатын. Сол арқылы қадағаланушы еді. Кейін дәріханалар түгелдей  жекенің қолына өтті. Дәрі-дәрмек шетелдерден әкелінді. Қазір де солай. Осыдан келіп салада хаус пайда болды.  Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өндірісін жолға қою, дәрімен қамтуда импортқа тәуелділіктен құтылу қажет екенін атап айтты. Ендеше мәселенің түйіні тарқар уақыт та таяған сияқты.

Менің ойымша, жалпы отандық өндірісті дамыту үшін ең алдымен, жаңа дәрілік заттарды мемлекеттік реттеу рәсімін жеңілдету және қазіргі кезде фармацевтикалық нарықта жұмыс істеп жатқан отандық өндірушілердің өндірістік қуаттылығын арттыру қажет деп ойлаймын. Ол үшін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан оңтайлы бизнес-климатты қалыптастыру, отандық өнімге мемлекет тарапынан сұранысты арттыру, еңбек нарығын техникалық, химиялық, фармацевтикалық білімі бар кадр­лармен қамтамасыз ету, шет елден фармацевтикалық шикізаттар әкелуге қажетті құжаттарды мини­мумға жеткізу сияқты іс-шара­ларды жүргізу қажет. Отандық фармацевтиканы өркендетудің тағы бір жолы – фармацевтикалық, химиялық ғылым саласын дамыту. Еліміз емдік қасиеті бар шөптерге бай. Мысалы, Қызылорда облы­сының өзінде жабайы өсетін қызыл мия, жантақ, жусан сияқты өсімдіктер көптеп кездеседі. Осындай емдік қасиетке ие шөптердің негізінде дәрі өндіру үшін фармацевтикалық ғылым саласын дамыту қажеттігі туындайды. Сол себепті халықаралық стандарттарға сай лабораториялар салу, қолда­ныс­тағыларды техникалық жарақ­тандыру, ғалымдарды мемлекет тарапынан ынталандыру қажет. Отандық ғалымдарды Германия, Франция, Ұлыбритания, Венгрия сияқты фар­мацевтикалық өндірісі дамыған елдерде білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуына жағдай жасасақ, жақсы болар еді. Биылғы пандемия біздің еліміз үшін үлкен сынақ болды. Қай салаға да оңай тиген жоқ. Соның ішінде медицина мен фармацевтика саласының ахуалын айшықтап берді. Мемлекет басшысының нақты тапсырмасынан кейін әрі алдағы уақытта да қапы қалмас үшін, импортқа тәуелділіктен арылу үшін отандық фармацевтиканы оңалтатын кез келді деп ойлаймын, – дейді облыстық фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту ассоциациясының президенті Зибаш Шалабаева.

Иә, отандық дәрі-дәрмек өн­ді­рісін дамытқаннан ұтпасақ,  ұтылмасымыз анық. Өйткені жо­ғарыда айтып өткеніміздей, фармацевтика – ең табысты сала. АҚШ пен Еуропа елдері бұл саладан көл-көсір пайдаға кенеліп отырғандардың көш басында. Ақпарат көздерінің мәліметінше, АҚШ-тың «Johnson & Johnson» фармацевтикалық компаниясының нарықтағы капиталы 372 млрд долларға бағаланады екен. Дәрі-дәрмек сатудан алдына қара салмайтын бұл алпауыт былтыр 82 млрд долларға сауда жасап, бір жылда 17 млрд доллар таза пайда тапқан. Ал еліміз пайда табудан бұрын өз ішкі нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отырғаны жасырын емес. Естеріңізде болса, осыдан 10 жыл бұрын да Елбасының бастамасымен отандық фармацевтиканы оңалту мәселесі көтеріліп, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын.  «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада»  ішкі нарықты 50 процент отандық өнімдермен қамту көзделген-ді. Бірақ қазіргі көрсеткіш – 13 процент. Нәтижесін бағалай беріңіз. Егер  осы  бағдарлама дұрыс әрі толыққанды жүзеге асырылғанда бүгінгідей жағдайға душар болмас едік. Қазіргідей індет жайлаған уақытта, ең болмағанда, «аспирин» мен «парацетамол»  тапшы болмас еді. Қысқасы, отандық фармацевтика оңалмай бұл саладағы қиындықтар алдан шыға беретін секілді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<