Халық саулығының қалқаны

121

0

15 қыркүйек — еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының кәсіби мерекесі. Бұл мереке биыл елімізде бірінші рет аталып өткелі отыр.

Отандық санитариялық-эпидемиоло­гиялық бақылау қызметінің тарихы әріде жатыр. 1921 жылы 20 мамырда Қазақстан­ның денсаулық сақтау халық комиссариаты құрылымында алғаш рет санитариялық-эпидемиологиялық бөлім ашылды. Ал 1922 жылғы 15 қыркүйекте «Республиканың са­нитарлық органдары туралы» маңызды декрет жарияланды.

Тәуелсіздік алған жылдардың басында-ақ Үкімет «Халықтың санитариялық-эпи­де­миологиялық саламаттылығы» туралы заң қабылдады. 1994 жылы бұл заң күші­не енді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін ел эко­номикасының жоспарлы дамудан нарық­тық қатынастарға түбегейлі көшуіне байланысты 2002 жылы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы» ту­ра­лы жаңа заң қабылданды. Бұл құжатта елі­міз­дің гигиеналық ғылымы мен санита­риялық-эпидемиологиялық қызметі үлкен реформаларға негізделіп көрсетілді.

– Қазақстан аумағында санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінің пайда болуы елдің батыс өңірінде оба індетінің өршуімен байланысты. Қызмет дамуының жаңа кезеңі 1922 жылдың қыркүйегінде «Республиканың санитариялық органдары туралы» декреттің қабылдануымен басталды.

Санитариялық қызметтің дамуында 1925 жылы Қызылордада ашылған край­лық санитариялық-бактериологиялық инсти­тут­тың маңызы зор болды. Онда республика үшін өте маңызды эпидемиология, паразитология, вирусология және инфекциялық патология мәселелері бойынша жұмыстар атқарылды.

1950 жылдың маусым айында Қы­зыл­орда қалалық санэпидстанция негізінде облыстық санэпидстанция құрылды. Білікті мамандармен толыққан СЭС қызметі сол кездері төтенше жағдайларды жойды. Атап айтқанда, 1977-1978 жылдары «А» ви­русты гепатиті Тереңөзек, Жалағаш, Қар­мақшы, Арал, Қазалы аудандарында эпи­демия түрінде тіркелді. Осы инфекцияны тоқтатуда аймақ мамандары зор еңбек атқарды.

Айрықша атап өтетін жағдай – өткен ғасырдың 70-жылдар аяғында өңірлік СЭС Арал проблемасын алғаш көтеріп, ресми құжаттардың дайындалуына тікелей қа­тысты. Нәтижесінде Арал өңірі эколо­гия­­лық аймақ ретінде танылды, – дейді об­лыстық СЭБД басшысы Гүлмира Сыз­дықова.

Ауылдарда селолық тұтынушылар коо­перативтерін (СТК) құруға СЭС қызметі мұрындық болды. Облыс көлемінде «Та­залық», «Таза су» бағдарламаларын енгі­зуге, оларға қаралған іс-шаралардың орындалуына тікелей атсалысты.

Жалпы медицинаның бұл саласы жұқ­палы аурулардың, табиғи және техно­ген­дік апаттардың салдарынан тарайтын инфекциялық қауіпті аурулардың алдын алуда, олардың ошақтарын анықтап, таралу қаупін азайтуда маңызды рөл атқа­рады. Профилактикалық жұмыстарды жүр­­гізуде санитарлық-эпидемиологиялық дәрігерлердің білімі мен біліктілігі, қайрат- жігері және жалпы адам өміріне деген құрметі мен жанашырлығы ұштасып жатады. Мысалы, кешегі коронавирус пандемия­сы уақытында эпидемиологиялық ахуал күрделенген кезде жоғары кәсібиліктің, асқан жауапкершілік пен төзімділіктің ай­қын үлгісін көрсете білді. Мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында еліміз коронавирус инфекциясы сынды қауіпті індетке қарсы барлық қиындықты еңсеріп, жарқын күндерді жақындатуға күш салды.

– Бұл бағыттағы ілкімді істер қарқы­ны бәсеңдеген жоқ. Түрлі ин­фекциялық, паразитологиялық қауіпті ауруларды бол­­дырмауға, тағамнан улану мен кәсі­би аурулардың алдын алу, балалар мен жас­өс­пірімдер саулығын сақтау, ауызсу мен атмосфералық ауа, өнімдер қа­уіп­­сіз­дігін мониторингтеп, халық­тың сани­­та­рия­лық саламаттылығын сақтау бағытында бі­лек сыбана кірісіп, жұмыс жүргізіп жа­тыр.

Биыл еліміздің санита­риялық-эпиде­мио­логиялық бақылау қызметі алғаш рет ресми бекітілген кәсіби мерекені атап өту­де. Осыған орай Қызылорда облысының са­нитариялық-эпидемиологиялық бақы­лау департаменті, «Ұлттық сараптама орталы­ғының» облыстық филиалы, Обаға қарсы күрес станциясы мен Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы бірігіп, салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Сала мамандарына құрмет көрсе­тіліп, қызметте жоғары жетістіктер көрсеткен қызметкерлер марапатталды, – дейді Гүлмира Жамбылқызы.

Халық саулығының қалқаны болып жүрген кәсіби мереке иелерін біз де құт­тықтаймыз!

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»