Тұтас әлемді дүрліктірген COVID-19 вирусымен жаппай күрес жүруде. Бірер күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус пандемияны бірнеше айдың ішінде бақылауға алу үшін арнайы құралдар пайдаланылатынын айтты.
Сонымен бірге маман бүкіл әлемде вирустың 25-59 жас аралығындағы адамдар арасында таралуының қауіпті қарқыны барын жасырмады. Қазір әлемде инфекцияға шалдығу қарқыны сегізінші апта қатарынан өсуде. Біздегі ахуал да алаңдатарлық, көрсеткіш көңіл көншітпейді.
Елімізде 38997 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 13836 пациент стационарда, 25161 науқас амбулаториялық деңгейде емін жалғастырып жатыр деген дерек бар. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында коронавируспен реанимацияда жатқан науқастардың көптігін алға тартты. «Күнделікті мониторингке сәйкес, өңірлер шегіндегі бос емес төсек-орындар саны республика бойынша инфекциялық төсек-орындардың 41, ал реанимациялық төсек-орындардың 27 процентін құрайды» деді министр.
Үкімет басшысы Асқар Мамин де жағдай күрделі, бірақ бақылауда екенін баса айтты. Осыған байланысты Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді. Әкімдіктер Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мобильді мониторингтеу топтарының белсенді қатысуымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз етуі керектігіне тоқталды. Халықты, әсіресе қамтылуы төмен өңірлерде вакцинациялауды күшейту, сәуір айының соңына дейін және ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керек.
Қазір өңірлерде індетпен күрес күшейтілген. Дегенмен, кеше тағы екі облыс «қызыл аймаққа» ауысты. Оның ішінде Қызылорда да бар. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті осыған дейін COVID-19 инфекциясының 4890 дерегі есепке алынғанын мәлімдеп отыр. Жыл басынан бері 1498 жағдай анықталса, соның 846-сы сәуір айының 20 күнінде тіркелген. Өткен тәулікте ауру жұқтырудың тағы 47 жаңа жағдайы есепке алынды. Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 25 наурыздағы №12 қаулысына сәйкес, шектеу шараларын қатаңдату эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда 5 күн ішінде жүргізіледі. Бұл ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қөзге көрінбейтін тажалдың кез келген сәтте қатер төндіретінін ұмытпауға шақырып, үндеу жариялады.
– Жергілікті мекемелердің, халыққа қызмет көрсету орындарының басшылары вирус тез тарайтын, адамдар тығыз жиналатын орындарда, ғимараттарда халықтың сапырылысын реттегені жөн. Денсаулық алдымен өзімізге керек. Сондықтан, әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиян тигізбеуі тиіс. Той-томалақ, ас беру, басқа да көпшілік жиындарды жақсы күндерге қалдырайық. Денсаулық бәрінен қымбат екенін ұмытпағанымыз жөн. Қымбатты жерлестер, қауіпті індеттің ұзаққа созылмасы үшін қарапайым қағидаттарды ескеріп, өзімізге асқан жауапкершілікпен қарап, карантин талабына бағынуға шақырамын, – деп жазды аймақ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шынында, халық босаңсыған тұста кесел қайта күшіне мінді. Оның үстіне облыста коронавирустың балалар арасында кең етек жайғаны алаңдатады. Жыл басынан бері 14 жасқа дейінгілер арасында 345 бала қатерлі індетке шалдыққан. Ал, былтыр 213 жағдай тіркелген болатын. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі көрсеткендей, өткен жылы балалар арасында COVID-19-дың симптомсыз түрі анықталған болса, бүгінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, құрғақ жөтел сияқты клиникалық белгілер тіркелуде. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары биыл 238 мектеп оқушысы вирус жұқтырғанын мәлімдеді. Көрсеткіштер бойынша 16 сәуірде 37 оқушы ауруға шалдыққан. 14, 15 сәуір күндері 19 жағдай кездескен. Барлық ауру ошағында індетке қарсы залалсыздандыру, профилактикалық шаралар жүргізілді. Жақын қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күнге медициналық бақылауға алынып, ауру тіркелген сыныптар карантинге жабылған.
Індетпен күрес оңайға соқпай тұр, жоспарлы вакциналау жұмыстары жалғасуда. Мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша 1-19 сәуір күндері аралығында 20627 тұрғынға COVID-19 жұқпасына қарсы екпе жасалған. Екпе алған тұрғындар дәрігерлер бақылауында, мамандар олардың денсаулық жағдайына шағым жоқ екенін айтады. Дәріханаларда да халықтың қажеттілігін қамтамасыз етететін әрі кеселге қарсы дәрілік заттар қоры жеткілікті. Тағы бір жаңалық, биыл Covid-ке қарсы препараттардың бағасы 27 процентке төмендеді. Ол қалтаға былтырғыдай салмақ салмайтын болады. Дәрі бағамын қалыпты ұстау үшін арнайы мониторингтік топ жұмысын жалғастырмақ. Ал, тұрғындар тарапынан тек сақтық пен қауіпсіздік қажет.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<