Жаз мезгілінде түрлі жұқпалы аурулар да көбейе түсетіні белгілі. Әсіресе, жіті ішек инфекциясы, тамақтан улану жиілейді. Мәселен, облыста қазіргі кезде жіті ішек инфекциясы белең алып отыр. Жыл сайын аталған аурудың аурушандық көрсеткіші республикалық орташа көрсеткіштен 2-3 есе жоғары деңгейде болады екен. Мамандардың айтуынша, жағдайдың бұлайша ушығуына ауа райының аптап ыстық болуы және жеке бас гигиенасының бұзылуы себеп.
Биылғы 6 айда облыс көлемінде жұқпалы жіті ішек инфекциясының 294 жағдайы есепке алынып, аурушандық көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 50,7%-ке өскен. Аудандар бойынша жоғары аурушандық көрсеткіші Шиелі, Жаңақорғанда тіркелген. Сонымен қатар, жоғары аурушандық көрсеткіш әдеттегідей Қызылорда қаласында. Нақтырақ айтқанда, облыс көлеміндегі жұқпалы жіті ішек ауруларының 84%-і облыс орталығында тіркеліп, аурушаңдық деңгей облыстық орташа көрсеткіштен 2 есеге жоғары қалыптасып отыр.
– Жұқпалы жіті ішек ауруларымен науқастанғандардың 94 %-і (261 жағдайы) 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 60-70%-і 2 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Қалған 6 проценті ересектер арасында тіркелген. Аурудың жоғары деңгейде тіркелуіне басты себеп – тұрғындар, әсіресе балалар арасында ішек инфекциялары мен тағамнан уланудың алдын алудағы санитарлық-гигиеналық нормалар мен қағидалардың сақталмауы. Балалар арасында жедел асқынған ішек инфекцияларымен сырқаттану жазғы маусымда көбейеді. Бұған қоршаған орта температурасының жоғарылауы, сусынды, көкөністерді, жеміс-жидектерді көп қолдану, азық-түліктің тез бұзылуы себеп болады. Әсіресе, жаздың алғашқы айынан бастап тұрғындар мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектерді тұтынады. Атап айтқанда, қарбыз маусым айында сауда сөрелеріне түсе бастайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары. Себебі ең жылдам піседі деген сорттардың өзі шілде айының соңына қарай бабына келеді. Ал сапалы әрі қауіпсіз қарбыз тамыз айының соңына қарай жеткізіле бастайды. Өйткені бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде пісіп, жетіледі, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Сонымен қатар, биыл аса қауіпті аурулар қатарына жататын Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасының да 10 жағдайы тіркелген.
– Облыс табиғаты аталған инфекцияны тасымалдайтын иксодты кенелердің өмір сүруіне қолайлы болғандықтан, бірнеше түрлері бар және олар қауіпті. Дегенмен, тұрғындар сол қауіпті біле тұра кене шаққанда уақытылы медициналық көмекке жүгінбеу салдарынан ауруды асқындырып, ауруханаға түсіп жатады. Сол себепті өлім жағдайлары да болды. 14 күн көлемінде дене қызуы көтеріліп, тұмау, іш ауру тәріздес клиникалық белгілер пайда болғанда жедел медициналық көмекке жүгінген жағдайда, уақытылы диагноз қойылып, емін алады. Нәтижесінде ол адам сауығып шығады, – деп атап өтті Әлия Мүтәліпқызы.
Кез келген кеселге бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жұқпалы дертке салғырт қарау қауіпті. Сондықтан аталарымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілін естен шығармағанымыз абзал.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<