Электронды темекі: жастарды жалмаған кесел

1455

0

Кейінгі жылдары жастар арасында «сәнге» айналған электронды темекілердің зияны туралы аз айтылған жоқ. Денсаулыққа аса зиянды, өмірге қауіпті екенін мамандар жиі ескертті. Дегенмен еркін саудаланғанын жақсы білеміз. Таяуда қоғам үшін, соның ішінде жастарға қатысты маңызды шешім қабылданбақ. Еліміз электронды сигареттерге толықтай тыйым салмақ ниетте. Бұған түрткі болған факторлар жетерлік.

Өзгеріске бағытталған оң шешім

Биыл маусымда Түркістанда Ұлттық құрылтай өтті. Дәл осы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел ретінде атаған болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, жас ұрпаққа қауіп төнді, өйткені аса зиянды вейптер есірткі тұтынуға алғашқы қадам болуы мүмкін. Сондықтан Үкіметке өршіп бара жатқан осы қауіпті құбылысқа қарсы пәрменді, жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Трендке айналған вейптерге қарсы шара қабылдаудың қажеттілігі бары рас. American Journal of Respiratory and Critical Care Medicine басылымының дерегінше, ғалымдар вейперлерге ғана тән, ерекше ауыр дертке evali деген атау берген. Бұл E-ciga rette and Vaping use-Associated Lung Injury, яғни, электронды сигареттер мен вейптерді тартудан туындаған өкпенің зақымдалуы дегенді білдіреді. Бұл аурудың механизмдерін медицина ғылымы әзірге толыққанды зерттей алған жоқ. Бір белгілісі, е-сигарет немесе вейп шегетін адамдардың өкпелері қабынып, іріп кететіні сонша, симптомдары жағынан экзогенді липоидтік пневмонияға, химиялық пневмонитке ұқсайды.

Америкалық сарапшылар Вирджиния Достастығы университетінің Темекі өнімдерін зерттеу орталығының ғалымы Томас Айссенберг пен Флорида Халықаралық университетінің Эпидемиология кафедрасының профессоры Васим Мазиактың айтуынша, аталған ауруға электронды сигареттегі аэрозольдің майлы компоненттерінің, ацетат пен тетрагидроканнабинолдың өкпе тіндерінің жасушаларында қордалануы себеп болады. Оның белгілеріне жөтел, кеуденің қысуы, ауыр тыныс алу, жүрек айнуы, құсу, диарея және түрлі респираторлық, конституционалдық, гастроэнтерологиялық бұзылулар жатады. Бұл темекі түрінің басқа да қауіптері жетерлік. Ал Қазақстанда е-темекі, вейптер еркін сатылады. Мысалы, заң бойынша темекі атаулы жабық перденің астында жасырулы саудалануға тиіс, яғни, клиент арнайы сұраса ғана сатушы соны ашып, алып беруі шарт. Бұл талапты олар сақтамайды. Елдің барлық қаласында қаптаған вейпшоп ашылды. Ірі сауда ойын-сауық орталығында оларға арналған сауда орындары жұмыс істейді, көбісі көзге көріну үшін дәл кіреберісте орналасады.

Рекордтық деңгейде саудаланған

Бұл мәселені Мәжіліс депутаттары да айтып, Үкіметке сауал жолдағаны есімізде. Сауалға Премьер-Министр Әлихан Смайылов жауап берген. Ол қазіргі уақытта Үкімет вейп өнімдердің айналымына тыйым салу үшін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізілетінін хабарлаған.

– Вейп өнімдердің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма Реттеушілік әсерді талдау рәсімінен өтуде. Үкімет осы норманы қолдады. Қоғамдық талқылау қорытындысында тиісті кодекске түзетулер ұсынылатын болады. Сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Оның аясында «вейп» және «электрондық сигарета» ұғымдарын ажыратуға, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін, вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге қатысты түзетулер талқылануда, – делінген жауапта.

Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық кодексіне түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеген. Бұл құжат былтыр дайындалған еді. Енді Үкімет «никотинді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымына толық тыйым салуға» ниетті. Заң жобасы да соған сай өзгертілді. Оның аясында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 110-бабының 9-тармағында «Шегілмейтін темекі бұйымдарын, тұтынудың электронды жүйелерін, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады» делінген. Енді мына қызықты қараңыз, Қазақстан тұтынушылар лигасының ақпараты бойынша, Астана мен Алматыда соңғы 6 айда вейп сатылымы бірден 372 пайызға өсіпті. Елімізде вейп сататын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, никотинді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің (ТЭЖ), вейптің нарығы Қазақстанда 2020 жылдан бері 300 есеге жуық артқан. Мұндай өсім елдегі бірде- бір нарықта жоқ. Мысалы, 2020 жылы елге 21 608 дана электронды темекі импортталыпты. 2022 жылы бұл импорт 6,3 миллион болған.

Тосқауыл қояр тетік көп

Электронды темекілерге қай жағынан алсаңызда тыйым салар негіз көп. Мәселен, Денсаулық кодексінің 110-бабының 17-тармағына сәйкес, Қазақстанда вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарға тыйым салынған. Әйтсе де ол тыйым тек кәмелетке толмаған адамдарға сатуға ғана енгізілген, оның үстіне практикада бұл ереже сақтала бермейді. Вейпшоптар немесе сауда орындары клиенттерінен жеке куәлігін сұратпайды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі жаңа заң жобасында олардың Қазақстан аумағында сатылуына мүлдем тыйым салуды ұсынып отыр. Заң қабылданса, электронды сигареттер, ТЭЖ, вейптер есірткімен теңестіріліп, саудасына жол берілмеуі тиіс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Қазақстанның балалары мен жасөспірімдерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» атты зерттеу жүргізген. Қорытындысында республикадағы 11-15 жастағы балалар арасында ұлдардың 14 пайызы және қыздардың 6 пайызы вейп қолданып жүргені анықталған. Оның жартысынан көбі тұрақты түрде тұтынады. Электронды сигарет бойынша 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіш ұлдар арасында үш есе, қыздар арасында екі есе өсіп отыр.

«Қазақстандық балалар вейптердің дәмін татумен шектелмейді. Үлкен бөлігі бұл өнімдерді күн сайын пайдаланады, яғни тұрақты тәуелділіктің дамығанының белгісі. Вейп индустриясының маркетингі агрессивті жүргізіледі. Олар жастарды вейп пакеттеріндегі түрлі-түсті суреттермен, заманауи дизайнмен өзіне тартады. Көптеген ТЭЖ, вейптердің сыртқы сипаты ерін далабын, маркерлерді, флэшканы имитациялайды. Балалар оны ұстау қызық көреді. Бұған қоса, компаниялар балалар аудиториясын еліктіру үшін әртүрлі хош иістендіргіштердің 16 мыңнан астам түрін ұсынады», – деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігі.

Дегенмен баланың вейпті тұтынғанын білу қиын. Себебі түтінінің иісі білінбейді, сағыз шайнаған сияқты сезіледі. Өнімнің осы артықшылығы да жасөспірімдерді қатты ынтықтыратыны анық, яғни, ата-аналардан жасырып, никотин жұтады. Осы тұста мамандар тағы бір қауіпті жайтты айтқан. Мектептегі балалар бір вейпті бірлесіп қолданады. Содан бірінің әлдебір дертін біріне жұқтырады. Көбіне ТЭЖ, вейп және хош иісті сұйықтықтарды өндірушілер оның құрамында не барын жасырады. Никотиннің барын немесе қандай мөлшерде екенін нақты көрсетпейді.

Міне, аталған жайттардың бәрі елімізде вейптер мен электронды сигареттерді бала не ересек деп бөлмей, толықтай тыйым салу қажет екенін аңғартады. Осы арқылы күрделі мәселенің бірін толықтай жоюға мүмкіндік тумақ.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<