Әлемде коронавирус індеті қайта өршуде. Қазір облыста тіркелген науқастар саны 3236-ға жетті. Әлі де барлық мүмкіндік жұмылдырылып, шектеу шаралары жалғасуда. Аймақтағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, шектеу шараларын, оның ішінде карантинді кезең кезеңімен жеңілдету туралы №24 қаулы қабылданды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пандемия кезіндегі жағдай мен алдағы жоспарларды атап өтті.
– Эпидмаусым басталғанда облыста барлығы 976 төсек-орын ұйымдастырылған болатын. Шілде айының басында стационарлар жүктемесінің артуына байланысты төсек-орын саны 2405-ке көбейді. Бүгінде барлығы 210 инфекциялық төсек-орын бар, жүктеме 9,5 процентті құрауда. Жансақтау бөлімінде ем алып жатқан науқастар жоқ. Алдағы күзгі науқанға қала, аудандардың барлығын қосқанда 3000 төсек-орын ұйымдастыруға мүмкіндігіміз бар. Дайындық жұмыстары шеңберінде модульдік аурухана салуды жоспарлап отырмыз, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Ал, қаулыдағы өзгерістерді облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова атап өтті.
Аталған қаулы бойынша көпшілік іс-шараларын, отбасылық, салтанатты, мерекелік және басқа да адам көп жиналатын шараларды өткізуге тыйым әлі де сақталады. Оқушылар, мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясына тыйым салу да жалғасады. Сондай-ақ, сұлулық салондары, шаштараз, СПА және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар, фитнес, тренажер, спорттық-сауықтыру орталықтары, облыс, аудан орталықтарындағы қоғамдық көліктің жұмысына белгіленген уақыт шектеулері алынып тасталды. Мұнан бөлек, жаңа қаулыда бірқатар өзгерістер бар.
Облыс әкімінің орынбасары сақтық шаралары сәл жеңілдегенге індет ошағы жойылғандай қарамау керегін баса айтты.
– Соңғы кезде карантинді жеңілдетуден кейін кей адамдар маска кимей, шектеу талаптарын сақтамауға көшті. Өткеннен сабақ алмай тұрмыз, кешегі қиындықты тез ұмыта бастадық. Бұл – өте қауіпті. Бір адамнан бір ауыл түгелге жуық індет жұқтырғанын үнемі назарда ұстауымыз қажет. Саулық – сақтықта, – деді Наурызбай Байқадамов.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<