Кенеден қорғанғаның,  қауіптің алдын алғаның

1202

0

Сурет ашық дереккөзден

Сыр өңірі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Жыл сайын облыс аумағында спорадикалық жағдайлар тіркеліп отырады. Былтыр   Қазалы, Жалағаштан басқа аудандардың барлығында  тіркеліп, аймақта эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болды. Облыста 48 күдікті науқас тіркеліп, оның 13-нің диагнозы расталған. Мамандардың айтуынша, тұрғындар үшін кенеден келетін қауіп тек көктем-жаз айларында ғана емес, жыл көлемінде сақталуда.  Себебі былтыр Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдығу жағдайы желтоқсан айында да тіркелген. Бұған ауа райының қолайлы болуы, аурудың табиғатта таратушы көзі – кенелердің белсенділігінің жоғарылығы әсер етті.

– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының туындауы осы  аурудың табиғаттағы сақтаушы көзі әрі оны таратушы иксод кенелерінің өсіп-жетілу циклына тікелей байланысты. Ауру осы кенелер жаппай табиғатқа шыққан уақыттан тіркеле бастайды. Табиғатта ауру қоздырғышы дала тышқандары, кірпі, торғайлар арқылы сақталады. Олар вирустарды қансорғыш кенелерге, ал кенелер басқа жануарларға немесе адамдарға жұқтырады. Бір ерекшелігі, адам кененің шаққанын сезбейді, себебі кене шаққан кезде қадалған жерін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шығарады. Тек 1-3 күннен кейін ғана  жабысқан жері қызарып, ауыра бастайды. Сондықтан табиғат аясында немесе егіндікте жүргенде денеде кененің бар-жоғын арагідік тексеріп тұрған жөн.  Ең қауіптісі, Конго-Қырым қанды қызбасы ауруы әбден асқынған жағдайда адам организмінде қанның ұю қасиеті төмендеп, денеде бөртпелер, көгерулер пайда болады. Науқастың іш құрылысынан қан кетіп, ауру асқынып, өлім көрсеткіші 30 пайызға дейін, кейде одан жоғары болуы мүмкін. Осыған орай халық арасында бұл ауруды «көкала» деп те атайды, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.    

Мамандар табиғатқа шыққанда, малға, үй жануарларына күтім жасағанда, сиыр сауғанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім киіп, шалбардың балағын етік немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасауды ескертеді. Сонымен қатар мал қырқымы кезінде оған қатысушылар қорғаныш киімдерін киіп жұмыс жасағаны жөн, яғни, ұзын резеңке қолғап, кененің қаны киімге жұқпас үшін алдына резеңке алжапқыш және ұзын қоныш етік кигені дұрыс. Ең дұрысы кене жабыспас үшін арнайы жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттарды (репелленттер) пайдалану қажеттігін айтады.

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, кене адамға жабысуы үшін 2 сағаттай уақыт кетеді. Ол адамның кез келген жеріне жабыспайды,  терісі жұқа, қан тамырлары жоғары орналасқан дененің жұмсақ жерлеріне, яғни адамның бас терісі (балалар арасында 68-70 пайызға дейін бас терісіне жабысады), құлақтың арты, қолтық, шап, дененің басқа да бүгілетін орындары (шынтақ, тізенің асты, саусақтың арасы). Адамның іші – кененің көп жабысатын орны. Сондықтан кененің бар-жоғын тексерген уақытта осыны ескеріп, далалық жұмыстан кейін киімді қағып-сілкіп, міндетті түрде ауыстыру қажет.

– Кене шаққан жағдайда оны алып тастау үшін пинцетпен мүмкіндігінше тұмсығына жақын  жайлап қысып, тартып алу керек. Пинцет болмаған жағдайда  тігін тігетін жіптен тұзақ жасап, жайлап ырғап алуға болады.  Шаққан орнын 70 пайыздық спирт ерітіндісі немесе йодтың 5 пайызды спиртті ерітіндісімен залалсыздандырады. Шаққан жағдайда міндетті түрде жергілікті медициналық мекемеге қаралып, 14 күнге диспансерлік бақылауға алынады. Жергілікті медицина қызметкері кене шаққан адамның таңертең және кешке дене қызуын өлшеп, жағдайын бақылайды. Дене қызуы көтерілсе немесе басқа да белгілер анықталса, дәрігер-инфекционисттің кеңесін алуға жолданады. Осы арқылы ауруды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге, өлімнің алдын алуға болады. Осы ретте айта кету керек, көктемде, күзде алдымен мал қораларды көңнен, қоқыстардан тазартып, кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын содан кейін жүргізу қажет. Себебі, көп жылдан бері қи, көң жиналған орындар, күл-қоқыс  аналық кенелер үшін жұмыртқа тастауға өте қолайлы. Бір аналық кене 800-ден 10 мыңға дейін жұмыртқа тастайды және ауру қоздырғышы вирусты тікелей жұмыртқа арқылы 100 пайыз өз ұрпағына  береді. Сол себепті жұмыртқадан жаңадан өрген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы, яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады. Сондықтан залалсыздандыру жұмыстары қоражайлар тазартылғанан кейін жүргізілсе, тиімділігі арта түседі, – дейді Әлия Мүтәліпқызы.

Биыл облыс бойынша 115 елді мекен қолайсыз деп есепке алынды. Қолайсыз  аумақтарда залалсыздандыру жұмыстарының көктемгі кезеңі сәуір айында басталады деп жоспарланған. Өңдеу жұмыстары облыстың оңтүстік аймақтарынан бастап жүргізіледі. Осыған орай сала мамандары тұрғындарға мал қораларға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді сұрайды.

Жалпы аса қауіпті аурудың эпидемиологиялық ахуалы күрделенбес үшін жұмыс жүйелі жүргізіледі. Мәселен, ақпан айында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алудың санитариялық-профилактикалық іс-шараларын ұйымдастыру бойынша облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Соған сәйкес кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылып, 115 қолайсыз елді мекен тізбесі бекітілді. Аралда 11, Қазалы мен Қармақшыда 16-дан, Жалағаш пен Сырдарияда 11-ден, Жаңақорғанда 18, Шиеліде 20, Қызылорда қаласында  12 елді мекен есепке алынған.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күрес шараларының бірі – жоғарыда айтып өткендей, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезеңмен жүзеге асырылады.

Кененің белсенділігі көктем келісімен басталады. Сондықтан тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс істейтін, мал және егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін қауіп арта түседі. Жыл басынан бері 7 адам  кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінген.

Бүгінгі күні облыста аса қауіпті ауруға қарсы күрес жұмыстарына қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындардан мал және ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы киімдермен, қолғаппен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенеден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануды, ақ түсті киім киіп, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұрайды. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Ем-шараны дер кезінде қабылдаған жағдайда аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<