ҚР Денсаулық сақтау министрі мереке күндері қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады. Алексей Цойдың айтуынша Күз бен көктемде жіті респираторлық вирусты инфекция (риновирус, аденовирус, парагрипп вирус және басқалары) асқынады.
«Қазір ЖРВИ маусымы жалғасуда, сондықтан сырқаттану қаупі сейілген жоқ. Қыркүйек пен қаңтар аралығында елімізде таралған КВИ вирусын геномдық зерттеу нәтижесі бойынша коронавирустың («британдық», «Оңтүстік Африка», «Бразилиялық») жаңа штамы анықталған жоқ. Алайда, халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын, шетелге шығатын ел азаматтары (еңбек көші-қоны, оқыту, емдеу, туризм), сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келгендердің қатары көбейгенін ескерген жөн. Яғни, коронавирус инфекциясының жаңа штамдарын тасымалдау қаупі де артады деген сөз», деп жазды Алексей Цой Facebook-тегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық нысандардағы шектеу шараларының жеңілдетілуі, халықтың белсенділігі (әлеуметтік ара қашық, маска тағу режимі және т.б. сақталмайды) коронавирус инфекциясының таралу қаупін үдетуі мүмкін.
«Америкалық және ресейлік ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне сәйкес, коронавирус инфекциясымен ауыратындардың тек 10-15 пайызында тұрақты иммунитет қалыптасқан. COVID-19 жұқтырған науқастарда иммунитет пациенттің жасына қарай қалыптасады: иммунитет балаларда жақсы дамиды – кәмелетке толмағандар арасында иммунитет шамамен 20% болады. 18-ден асқан адамдарда -14%, 65 жастан асқандарда -11%. 40%-да иммунитет өте әлсіз және инфекция қайталанғанда көмектесе алмайды. Иммунитеттің сақталу ұзақтығына қатысты ғылыми дәлелденген дерек жоқ, сондықтан Covid-19-дан сауыққан адамдарда ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі күн сайын артып келеді. Айта кету керек, карантинге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация ғана балама бола алады», деді министр.
Оның айтуынша, 2021 жылдың 1 ақпанынан елімізде КВИ-ге қарсы «Спутник V» екпесімен вакцинация басталған.
«Вакцинация кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте, коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату қаупі жоғары азаматтар (медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері) екпе салдырады. Сәуір айынан халықтың осал топтарын (созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқандар және халықтың басқа да топтары) вакцинациялау жоспарлануда. Егер халық жаппай КВИ-ге қарсы профилактикалық екпе салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасады және инфекцияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік туады», деді ол.
Министрі халықтан сақтық шараларын сақтауды, адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырды.
«Құрметті қазақстандықтар, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі де жоғары! Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғау үшін мынадай сақтық шараларын сақтауды сұраймын:
– адам көп жиналатын орындарға бармаңыздар;
– ұжымдық іс-шара, мерейтой, корпоративтік жиын жасауға болмайды;
– ағзаңызға суық тигізіп алмауға тырысыңыз;
-өзгелерге қауіп төндірмеу үшін жақындарыңызбен алыстан араласыңыздар, заманауи байланыс құралдарымен хабарласқан дұрыс.
Пандемия әлі де жалғасуда, вирус жеңілген жоқ, сондықтан әр адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Өзгелерге ауру жұқтырмаудың жолын іздеген дұрыс, маска киіп, әлеуметтік арақашықты және гигиена талаптарын сақтауға шақырамын. Әрине, міндетті түрде вакцинация да қажет», деді министр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<