Мемлекет басшысы өз Жолдауында медицинаның дамуына тың серпін берілетінін атап өтті. Әсіресе, ауылдық елді мекендердегі тиімді денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге 3 жылдай уақыт қажет деді. Шын мәнінде, бұл игі бастама. Мемлекетіміздің құндылығы – халық десек, халық үшін бастысы – денсаулық. Елді мекендердегі халық денсаулығы, әсіресе, өзекті.
Мұны мен дәрігер ретінде ғана емес, сол ауылда туып-өскен, еңбек етіп жүрген азамат ретінде айтып отырмын. Көпшілік ауылдардағы тұрғындар қарапайым медициналық көмекке мұқтаж. Оның үстіне, дәріханалардың жоқтығы қиналтады. Өткенде ғана коронавирус пандемиясының ушығып тұрған кезінде қаншама ауыл адамы дәрі іздеп шарлап кетті. Менің дәрігер ретіндегі арманым осы елді мекенде кабинет ашу болатын. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол арманға қол жеткізіп, Махамбет ауылынан шағын клиника мен дәріхана аштық. Сол кезде халық үшін дәріхананың қажеттілігіне тағы бір көз жеткіздім.
Президент алыс елді-мекендерде көліктік медицинаны жаңғыртуды қолға алуды атап өтті. Бұрындары ол сала жақсы дамыған еді. Қазір қайта жаңғыртар болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпы, биліктің халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, заман ағымына сәйкес өзгере білуі қуантады.
Махмуд
Есенгелдиев,
дәрігер
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<