Көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде

5

0

Қызылорда құрылыс алаңына айналғалы қашан. Кейінгі үш-төрт жылдың өзінде қаншама әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер, спорт кешендері бой көтеріп, тұрғындар игілігіне берілді. Заманауи зәулім ғимараттар қала ажарын айшықтап ғана қоймай, аймақ абыройын асыруда. Басқасын айтпағанда, биылдың өзінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарманың тапсырысымен үш ірі нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Соның бірі – Қызылорда қаласының сол жағалауынан орын тепкен, аусымына 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана.

54,3 млрд теңгенің жо­басын «Мелиоратор» серіктестігі жүзеге асы­руда.  Авторлық қадағалаушы «ALTYN cтрой-проект» серіктестігі болса, тех­никалық қадағалаушы «АДС Сапа» серіктестігі.

6,8 гектар аумақты алып жатқан ғимараттың жалпы ауданы 47995,28 шаршы метр. Үш, бес, жеті, тоғыз қабатты 10 блоктан тұрады. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне табыстау жос­пар­ланған. Біз барғанда құрылыс басын­дағы қызу жұмысты байқадық.

– Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аяқтау жос­парланған, бірақ тамыз айында бітіреміз бе деп отырмыз.  Қазіргі уақытта 480 адам жұмыс істейді. Басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Техника күші мен құрылыс материалдары жеткілікті. Бүгінде құры­лыстың 65-70 пайызы орындалды. Мо­нолитті бетон құю жұмыстары аяқталып, негізгі қаңқасы тұрғызылды. Қабырға кірпішін өру, терезе салу, ішкі әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау, ішкі инженерлік жүйелерін жүргізу жұ­мыстары ат­қа­рылуда. Мерзімінен бұрын аяқтау үшін жұмысшылар санын мыңға дейін көбей­туді көздеп отырмыз, – дейді жоба жетекшісі, «Мелиоратор» серік­тестігі басшысының орынбасары Азат Матуров.

Көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде

Жоба жетекшісінің айтуынша, жұм­салып жатқан құрылыс материалдарының басым бөлігі отандық өнімдер. Ал­маты­дан, Астанадан, Шымкенттен алынуда.

Айта кету керек, негізгі блоктардан бөлек мәйітхана, бу қазандығы, автогараж да қарастырылған. Қазіргі кезде олардың аздаған жұмыстары қалған. Ал ғима­раттың негізгі блоктарында  емхана, қа­былдау, операциялық, реанимация, хи­мио­терапия, радиология бөлімдері, әкім­шілік, тамақтандыру және конференц зал­дары орналасады. 

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы