Адам өмірінің арашашысы дәрігерлік – мейірбандылық пен табандылықты талап ететін аса жауапты қызмет. Сондықтан дәрігер болу үшін үлкен жүрек керек. Қиындығы мен қызығы мол мамандықты жанына серік етіп, бейнетінің зейнетін көрген жанның бірі – зейнеткер, ардагер дәрігер Жандияр Бодықов.
Еңбек ардагерінің балалық шағы сұрапыл соғыспен қатар келді. Әкесі майданға аттанғанда небәрі 1 жаста еді. Әжесі Ажар мен анасы Бибізаданың бауырында өсті. Мектепті 1957 жылы бітіріп, Шиелі УМСК №97 училищесінде тракторшы-механизатор мамандығын игерді. Алғашқы еңбек жолы өзгелер секілді ауылда қарапайым жұмысшы болудан бастаған Жандияр аға екі жылдық өтілімен 1960 жылы Ақтөбе медициналық институтына түсіп, оны 1966 жылы тәмамдады. Жас маман оқу бітірісімен туған жеріне қызмет етуге аттанды. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандар тапшылығына орай оны жолдамамен Қармақшы ауданына жіберді.
– Мен өзім туған жеріме барғым келген. Алайда, басқармадағылар «Ренжімеңіз, Қармақшы ауданы сіз секілді жас маманға өте зәру. Қасиетті Қорқыт бабаның жатқан жеріне бара жатырсыз, жақсы боласыз» деп жолдамамен 2 жылға шығарып салды. Халықтың жылы ықыласын сезініп сол жерде тура 22 жыл еңбек етіппін, – дейді медицина саласының ардагері.
Сот-медициналық сарапшысы, хирург, терапевт, невропатолог, рентгенолог болып жұмыс істеген Жандияр Рәшбайұлы еңбек жолында биік белестерден көрінді. 1966-1970 жылдары Қармақшы аудандық туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері болады. Жас болса да өз ісінің шеберлігін көрсеткен ол Жосалы кентіндегі бұрынғы әуежай ғимаратына енді ғана көшіп барған аурухананың жұмысын жолға қойды.
Мұнан соң 1985 жылы Қармақшы аудандық емхананың бас дәрігері болып тағайындалады. Еңбекқорлығы мен өзіне артылған жауапкершілікті сезіне білген дәрігер жауапты қызметімен қоса аудандық аурухананың партком қызметін де атқарды. Басшының ұжымды ауызбіршілікте ұстауы емхананың облыста «Үздік ұжым» болып танылуына сеп болды. Бұл да Жандияр Бодықовтың білікті, тәжірибелі басшы екендігін аңғартты. Алтын қолды дәрігер 1988 жылдан бастап облыстық туберкулезге қарсы аурухана жанындағы балалар ауруханасының бас дәрігері және облыстық флюроорталықтың бас дәрігері қызметтерін атқарады. Ж.Бодықов басшылық еткен 1990 жылдардың басында облыстағы барлық 7 ауданға Ақтөбе қаласындағы рентген зауытынан 13 дана көшпелі (жылжымалы) рентген автокөлігін әкелуге қол жетті. Нәтижесінде алдын алу шаралары жүйелі жүргізілгендіктен облыста туберкулезбен науқастану көрсеткіші едәуір төмендеген.
Өз қызметінен бөлек қосымша жұмыстарға араласып, елдің дамуына сүбелі үлесін қосты. Оның бірден-бір дәлелі – 50 жыл бойы облыстық Қорғаныс істері департаментінде Отан қорғауға аттанған жастарды тексеру комиссиясының құрамында қызмет етуі еді. Елу төрт жыл бойы дәрігер болып, халықтың жанына шипа сыйлаған Ж.Бодықов зейнетке шыққаннан кейін де елге қызмет жасап, абырой биігінен көрінді. Осы еселі еңбегі ескерусіз қалмады. Абзал жан 1970 жылы СССР Денсаулық сақтау саласының үздігі, 1976 жылы КазССР Денсаулық сақтау саласының үздігі төсбелгісін иеленген. Сондай-ақ, жұртшылықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін «Ұлттық Медицина ассоциациясының» (қауымдастығының) «Алтын дәрігер» орденімен марапатталады. Оған қоса аталған қауымдастықтың 25 жылдық мерекелік орденінің иегері.
Бүгінде Жандияр Бодықов ақсақал 80 жастың биігіне шықты. Өнегелі өмірінде жары Шәкизадамен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірді. Үлкені Ғани Жандиярұлы Алматы қаласы «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» МКК-ның директоры болса, қызы Гүлжан да әке жолын жалғап, Нұр-Сұлтан қаласында дәрігер. Ал, Бағдагүл Жандиярова облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде медбике қызметін атқарған. Өкінішке қарай, жұмыс барысында дүниеден өтті. Кіші қызы Айжан да медбикелікті тәмамдаған. Бірақ оған банк саласында қызмет ету бұйырған.
Өмірін осындай игі іске арнап, халыққа қалтқысыз қызмет ете білген абзал жан Жандияр Бодықовтың еңбегі бүгінгі жастарға үлгі. Білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» дегеннен артық құрмет жоқ.
Бодықовтар әулетінен 28 дәрігер шыққан. Соның 5-і «Алтын дәрігер» атанған. Еңбек династиясын жалғаған отбасының саладағы өтілі – 670 жылды құрайды.
М.Отаралы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<