Ғаламның ортақ проблемасына айналған COVID – 19 пандемиясы қайта күшеюде. Індет ілмегіне іліккендер көбейіп, коронавирустың зертханалық расталған деректері күн санап артып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов облыстағы эпидахуал және болжамды екінші толқынға дайындық жұмыстары туралы айтты.
Қазір еліміздің бірнеше облысы қауіпті – «қызыл» және өте қауіптілікке жақын ескерту – «сары» аймаққа еніп отыр. Бұл соңғы кезде еліміздегі эпидахуалдың біршама күрделене бастағанын білдіреді.
– Пневмонияның көбеюі байқалады және бірнеше адамның өз үйінде емделіп, ауруын асқындырып, жансақтау бөліміне түсуі бізді қатты алаңдатып отыр. Күн салқындауына байланысты тұмау белгілері де артуда. Сондықтан әр азамат аурудың белгілері білінгенде үйде ем қабылдамай, бірден емханаға, дәрігерге хабарласуын сұраймыз. Мемлекет басшысының індеттің жаппай таралуының алдын алуға қатысты тапсырмаларына байланысты облыс әкімінің бақылауымен арнайы іс-шаралар қабылданып, жұмыс жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жыл басында тапшылығы байқалған өкпені желдету аппараттары бүгінде 244-ке жеткізілген. Тыныс алу жолдары ауруларының көбеюі кезінде оттегіні жылдам жеткізудің өте маңызды екені белгілі. Алдағы уақытта «ПетроҚазақстан» компаниясының демеушілігімен Қазалы ауданында оттегі станциясы салынатын болады. Осы станциядан Арал және Қармақшы аудандарын, Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз ете алады. Екінші оттегі станциясы «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Көпбейінді облыстық ауруханасы базасынан бой көтереді. Бұл қала аумағындағы ауруханаларды және Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтамасыз етеді.
Қысылтаяң уақыт тақап, әр минут маңызды болатын уақытта жедел жәрдем қызметінің жылдам жетуіне автокөліктерінің техникалық жағдайы әсер ететіні сөзсіз. Облыста 79 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейтін болса, оның жартысынан астамының тозығы жеткен болатын. Облыс әкімінің қолдауымен бейсенбі күні лизинг арқылы 40 санитарлық автокөлік облысқа жеткізіліп, облыс көлеміне таратылды. Сонымен қатар, «Аралтұз» АҚ демеушілігімен екі арнайы автокөлік сыйға тартылды.
Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов тілшілер сауалына жауап берді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<