Коронавирус: Симптомсыз науқастарға қажет болмайтын дәрілер аталды

897

0

Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева короновирус инфекциясы бар симптомсыз және симптомы аз науқастардың үйде емделу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясының симптомы аз немесе симптомсыз науқастар үйде емделуі керек. Әрине, олар өздігінен ем қабылдап жатыр және дәрігерлер мұндай науқастардың ем-домын реттеп отыруы керек. Коронавирустың симптомы аз түрі патогенетикалық емдеуді, дәлірек айтқанда вирусқа қарсы, антибактериялық, тромбқа қарсы препараттар тағайындауды қажет етпейді. Мұндай пациенттер емдеу-сақтану режимінде ақуызы көп тамақ жеп, сұйықтықты көп ішуі керек. Оларға С, Д дәрумендері және дене қызуы көтерілген жағдайда Парацетамол, Ибупрофен сынды қызу түсіретін дәрілер тағайындалады», – деді дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн конференцияда.

Оның айтуынша, С дәруменінің үлкен дозасы тағайындалған жағдайда, бүйрек ауруларының, несеп-тас ауруының күшеюі мүмкін екендігін есте сақтаған жөн. Егер дене қызуы 38 градустан асқанда, бұлшықет ауырып, әлсіздік байқалса, бас ауырып, жөтел пайда болса, кеуде тұсы ауырса дәрігерге жүгініп, өкпе қабынуының алдын алу керек. Ол үшін көкірек қуысына рентгенологиялық зерттеу немесе компьютерлік томография жүргізіледі.

«Коронавирус инфекциясындағы этиотропты (негізгі) ем – вирусқа қарсы препараттар тағайындау. Қазіргі уақытта КВИ емдеу үшін Лопинавир/Ритонавир, Гидроксихлорохин, Фавипиравир және Ремдесевир сынды дәрілік заттар жазылады. Бұл ретте аталған дәрілердің белгілі бір қауіп төндіретінін, жүрек пен бауырға уытты әсер ететінін атап өткен жөн. Осыған байланысты аз симптомды және симптомсыз науқастарға бұл дәрілерді өздігінен қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл препараттарды дәрігерлер ғана стационарлық жағдайда бере алады», – деді Раушан Қарабаева.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<