Коронавирус жұқтырған онкологиясы бар науқастарға қатерлі ісіктен емделуді тоқтату ұсынылды

799

0

Коронавирус жұқтырған онкологиясы бар науқастарға COVID-19-дан толық айыққанша мамандандырылған ем алуға болмайды. Бұл туралы Қазақстан онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Өкінішке қарай, онкопациентте коронавирус анықталса, онда барлық халықаралық стандарт бойынша COVID-19 кезінде емдеуді тоқтату ұсынылатынын ескерткім келеді. Коронавирус жұқтырған науқасқа химиотерапия, сәулелік терапия және хирургиялық емдеу қабылдауға қатаң тыйым салынады.

Мамандандырылған емдеу науқастың жағдайын нашарлатып, түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан пациенттеріміз өзін қорғауы үшін тағы да ескертеміз», – деп хабарлады Қайдарова ОКҚ брифингінде. 

Сондай-ақ, ол химиотерапия немесе сәулелік терапия курсын өткен қазақстандықтарды сақ болуға шақырды. Оның айтуынша, бұл науқастардың иммунитеті өте әлсіреген, сондықтан өзіңді күтіп, адамдармен қарым-қатынасты азайтып, гигиенаның барлық ережесін сақтау керек.

«Науқаста коронавирустың жеңіл түрі болса, ол емханаға баруы керек немесе үйде 14 күн емделуі қажет. Содан кейін ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткенде емдеуді жалғастыра алады (қатерлі ісіктен. – Ескерту). Біз емдеуді тоқтатпаймыз», – деді Қайдарова. 

Ол Қазақстанда онкологиялық ауруға күдікті пациенттерді емдеу және тексеру тегін екенін еске салды. 

«Карантиннің әлсіреуіне байланысты хаттамалар өзгерді және қазір стационарларға жатқызу кезінде науқасқа жалғыз керегі – ПТР-талдаудың теріс нәтижесі. Қалған жағдайда біз штаттық режимде жұмыс істейміз», – деп түсіндірді ол.

Еске салайық, Америкада клиникалық онкологтар қауымдастығының арнайы есебінде COVID-19 инфекциясы диагнозы қойылған немесе емделу процесінде COVID расталған барлық пациент ем қабылдауды дереу тоқтатуы немесе кейінге қалдыруы керек екені жазылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<