Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді» деп атап айтқан болатын.
Тұрғындар саулығын сақтауда ең алдымен олардың қауіпсіздігіне назар аударудың маңызы зор.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қоғамдық денсаулық сақтау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалайды. Оған қоса дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласында техникалық регламенттер мен нормативтік құжаттарда белгіленген талаптардың сақталуын бақылау және қадағалау мәселелері бойынша реттеуші, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырушы мемлекеттік орган.
Құрылғанына бір жылдан аса уақыт болған бұл мекемеде бірнеше жылдық тәжірибесі бар фармацевттер, санитарлық және эпидемиолог дәрігерлер, гигиенист мамандар абыройлы қызмет атқаруда. Департамент мамандарының ерекше еңбегі қазіргі күрделі ахуал – коронавирус инфекциясымен күресте айрықша көрінді.
Облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдерден келген барлық адамдарға күшейтілген бақылау жүргізіліп, күнделікті мониторинг жұмыстары жасалуда. Олар бекітілген алгоритмге сәйкес шұғыл медициналық бақылауға алынады. Ауру тіркелген жағдайда қарым-қатынаста болған адамдар шеңбері шұғыл анықталады.
Департаменттің аумақтық басқармалары тарапынан бірнеше эпидбригада құрылған. Олар инфекция анықталған кезде жеке қорғаныш киімдерін киіп, ауру ошағына барады. Күн-түнге қарамай, қызметтерін атқаруда. Себебі бекітілген алгоритмге сәйкес, 24 сағат ішінде аурудың жұғу жолын, қарым-қатынаста болғандар, індеттің алдын алу, таралуын болдырмау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Қызмет барысында қиындықтар да кездеседі. Атап айтқанда, кей азаматтар мониторинг жүргізуге қажетті сауалнамаларды дұрыс толтырмайды, онда көрсетілген сауалдарға толық жауап бермейді. Қолайсыз аумақтардан келгенін жасыратын азаматтар да жоқ емес. Бұл өз кезегінде ауру ошағында дер кезінде атқарылуы тиіс шаралардың орындалуына кедергі келтіреді.
Өңірімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты аурудың әрі қарай өршуіне жол бермей, шоғырландыру, тоқтату мақсатында облыстың, қала, аудандардың бас санитариялық дәрігерлерінің қаулыларымен карантиндік режимдегі шектеу шаралары қабылданды. Олардың орындалуын мониторингтеу мақсатында біздің мамандарымыз әкімдік тарапынан арнайы құрылған жедел штаб құрамында карантиндік режим талаптарының сақталуын күн сайын рейдтерге шығып, бақылауда. Түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертулер мен хаттамалар толтырылуда. Бұдан бөлек, мамандарымыз дәріханалық ұйымдардағы жеке қорғаныш құралдарының бар-жоғына күн сайын мониторинг жүргізеді. Халық сұранысын қанағаттандыру мақсатында жеке қорғаныш құралдарының бағасын реттеу бойынша жергілікті атқарушы органдармен, жергілікті фармациялық қызмет көрсетуші ұйымдармен, кәсіпкерлермен бірлесе жұмыстар жасалды.
Пандемия санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің айрықша рөлін көрсетті. Мамандар жетіспеушілігі де сезілді. Мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, алдағы уақытта саланы реформалау жоспарлануда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санитариялық-эпидемиологиялық қызметті күшейту, жаңа комитет құру, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен беделін арттыру қажеттілігін атап өтті. Бұл дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын.
Департаменттің тағы маңызды бағыттарының бірі ол – медициналық көрсетілетін қызметтерді бақылау, яғни денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың, медициналық қызметпен айналысу жөніндегі лицензиялау ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Халық арасында пациенттің құқықтары мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырумен, ана мен бала өлімін, науқастардың өлім жағдайларына тәуелсіз сарапшылар тарта отырып, медициналық тексерістер жүргізеді. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына шағымданған азаматтардың арыз-өтініштері бойынша қадағалау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар арыз-шағымдар шешім табуда.
Маңызы кем емес бағыттардың тағы бірі – фармацевтика. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін фармацевтикалық қызметті бақылау, фармацевтикалық инспекторат бөлімдері қызмет атқарады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылауда заңнамаларға сәйкес фармацевтикалық қызметке лицензия беру, лицензияларды және лицензияға қосымшаларды қайта ресімдеуді жүзеге асырады.
Осындай жедел жұмыстардың арқасында ауру ерте анықталып, барлығы толық және уақытылы ем алуда. Бұл тұрғыда COVID-19 індетінің алдын алу және таралу қаупін бәсеңдету мақсатында күрестің алғы шебінде жүрген біздің мамандарымыздың үлесі зор.
Індеттің қаупі әлі де сейілген жоқ. Халық сақтық шараларына салғырттық танытып, тиісті органдар талаптарына, кеңестеріне құлақ аспауы облыста эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне себеп болып отыр. Сондықтан әрбір тұрғын мамандар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орындаса, инфекцияның да таралуын тез тоқтатуға болады. Жауапкершілік – ортақ, қауіпсіздік те – ортақ.
Өңірімізде осы індетпен күн-түн демей күресіп, қиындыққа, қауіп-қатерге қарамастан, кәсіби борышын абыроймен атқарып жатқан барлық медицина саласының қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Бүгінгідей сын сағатта аянбай еңбек ету арқылы ғана елді қауіпті індеттен сақтап қалуға болады. Дәрігерлердің шұғыл әркеті мен ізденістерінің нәтижесі қазір халыққа үлкен үміт сыйлап отыр. Ел үміті ақталады деп сенемін.
Ғалия БАЙМЕНОВА,
облыстық тауарлар
мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің
басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<