Әлем мемлекеттерінің, оның ішінде біздің еліміздің де коронавирус инфекциясымен күресіп келе жатқанына екінші жыл болды. Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2020 жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республика көлемінде төтенше жағдай режимін енгізді. Содан бірнеше күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады, ал, алғашқы індет жұқтыру дерегі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелген еді. Сол кезде төтенше жағдай 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін созылады деп шешілді.
Алайда, 10 сәуірде Президенттің төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай режимі сәуір айының аяғына дейін созылатыны белгілі болды. 27 сәуір күнгі жаңа Жарлыққа сәйкес режим 11 мамырға дейін ұзартылды. Осыдан соң вирустың таралуы 7 есеге дейін өсті. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, мемлекеттік комиссия 5 шілдеден бастап 14 күнге тағы да шектеу енгізді. 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болғандарды еске алу – Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Содан бері өткен уақыт аралығында аурудың өршуі мен төмендеуіне қарай карантин талаптары біресе қатаңдатылады, біресе босаңсиды. Мұнан кейін де ауру айылын жиған жоқ.
Негізі о баста, яғни, 19 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, адамдардың бұл қалалардан шығуы мен кіруі шектелді. Кейін бұл шектеулер бүкіл елге тарады. Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысына ғана рұқсат берілді. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды. «Көрінбейтін жаумен» күреске күллі ел жұмылды. Індеттің жолын кесуде алдыңғы шепте, әрине, дәрігерлер тұрды. Олар өз өмірін қатерге тігіп, бала-шағасынан жырақта жүріп еңбек етті. Алғашқы жылдың шілде-тамыз айлары кесел жұқтырып, қайтыс болғандар қатары күн санап өсіп жатты. Ертеңгі күнді ойлаудың өзі қорқынышты еді. Қоғам қалыпты өмір ырғағынан ажырап, індет әкелген заңдылықпен күн кешті. Медицина, білім беру, экономика, шағын және орта бизнес салалары қатаң карантиндік талаптарға бағынып, ауру таратпау жағына бейімделді. Ең алдымен білім саласы бұрын-соңды тәжірибеде болмаған оқу үдерісіне көшуге мәжбүр болғаны белгілі. Мектептер мен оқу орындары қашықтан оқу процесін қолдана бастады. Өйткені тығырықтан шығудың басқа амалы жоқ еді. Оқушылар мен мұғалімдердің онлайн арқылы байланысуы цифрландыру саласындағы кемшіліктерді, «бәрі тамаша» деген ақпардың қаншалықты шынайылығын көрсетіп берді. Сондай-ақ, ауру өршіген кезде дәрі-дәрмек, қажетті құрал-жабдықтар мен төсек-орын тапшылығы бұл саланың да дайындық деңгейін аңғартты.
Десе де, 2020 жылдың аяғында мемлекет жағдайды түзеуге барынша күш салды. Жұмысы тоқтап, қаңтарылған кәсіпкерлер, тұрғындар карантиндік талаптарға қарсылықтарын білдіріп жатты. Осы орайда «Ashyq» мобильді қосымшасы көмекке келді. Былтыр 17 қаңтарда іске қосылған қосымша алдымен оған үш қала, атап айтқанда, Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағандыда сыналды. Кейіннен барлық қалалар қосылды. Жоба карантинге байланысты қызметі шектелген бизнес субъектілеріне жұмысын қайта бастауға мүмкіндік берді. Қосымшада адамдар ауру жұқтырып-жұқтырмағанына байланысты қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөлінеді, осы арқылы аурудың таралуын тежеуге ат салысады.
Індетпен күрес мұнымен шектелген жоқ. Бұл орайда әлем ғалымдары кеселдің жолын кесудің бірден-бір жолы – вакцина екенін айтып, ауруға қарсы екпе жасауға күш салды. 2020 жылы қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия әлем халқының шамамен 70 проценті вирусқа қарсы вакцина алған кезде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал елімізде вакцина егу былтыр 1 ақпанда басталды. Бірақ процесс өте баяу жүргені сонша, Президенттің сынына іліккен еді. Алғашқыда Ресейден әкелінген препаратпен вакциналау басталды. Ал 15 ақпаннан бастап «Спутник V» вакцинасы қолданылды.
Кеселге қарсы вакцина жасап шығаруда өз ғалымдарымыз да үлкен үлес қосты. Отандық «QazVac» вакцинасы соның айғағы. Оны ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі. 26 сәуірден бастап қазақстандықтар «Спутник V» вакцинасымен бірге қазақстандық екпені салдыруға мүмкіндік алды.
«QazVac» – «өлтірілген» вирустан жасалған вакцина. Былтыр көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты коронавирусқа қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне енгізді. Бастапқыда отандық өнім «QazCovid-in» деп аталды. Ол вакцинаның ғылыми, ал «QazVac» – бренд атауы.
Норвегиялық steigan.no басылымы қазақстандық вакцина туралы ауқымды мақала жариялады. Олар бізде өндірілген екпенің ерекшеліктері туралы айтқан. «Бастысы, бұл вакцинаны сақтау температурасы. Қарапайым тоңазытқышта 1 жылға дейін бұзылмай тұра береді. Бұл кедей елдер үшін аса маңызды», – деп жазған мақалада.
Сондай-ақ, «біз үшін ең таңғаларлығы, Қазақстанның екпе ойлап тапқанында емес, оны шын вирустың негізінде жасап шыққаны. Біздің білуімізше, фармацевтикалық алыптар вакцинаны вирустан емес, оның компьютерлік моделінен жасаған. Ал «QazVac» тәжірибелік элементтері жоқ, дәстүрлі екпе болып шықты», – деп жазған steigan.no тілшісі.
Жалпы «көрінбейтін жаумен» күреске толы кейінгі екі жыл адамзатқа, оның ішінде біздің елімізге көп нәрсені үйретті деп айтуға болады. Ең біріншіден ол – білім мен ғылымды терең меңгерудің маңыздылығын түсіндірді. Әлемдегі алпауыт елдермен теңесу үшін «QazVac»-ты әзірлегендей, басқа да технократтық, яғни, ғылыми-техникалық табыстарға ұмтылу қажеттігін ұғындыра түсті. Онан кейін, денсаулықтың қадірін білуді түйсіндірді. «Бірінші байлық – денсаулық» деп айтқанымызбен, шын мәнінде оны бағалай бермейтінімізді, саулығымызға салғырт қарайтынымызды анық байқатты. Бұл індет адамзат үшін бауырмалдық, қайырымдылық, бірлік деген қасиеттердің ұлылығын тағы бір дәлелдеді.
Бүгінде еліміздің барлық өңірлері «жасыл» аймақта, яғни, эпидахуал тұрақталды. Әйтсе де, індеттен біржола құтылғанымыз жоқ. Жуырда ғана ДДҰ Төтенше жағдайлар бөлімшесінің техникалық тобының басшысы Мария ван Керкхов Еуропада инфекцияның жаңа штамы – Дельтакронның анықталғанын мәлімдеді. Соның ішінде Францияда, Нидерландыда, Данияда тіркелгені расталып отыр. Олай болса, сақтыққа салғырт қарамайық.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<