Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнiң депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетовке облыстық қан орталығы және облыстық онкология орталығындағы жылжымалы медициналық кешен жұмысымен таныстырды.
Бүгінде қан орталығы облыс орталығындағы және 7 аудандағы 17 медициналық ұйымды қан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын 13 мыңнан астам тұрғын донор болуға ниет білдірсе, олардың 10 мыңнан астамы қан тапсырады.
2024 жылдың шілде айынан бастап қан орталығы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан, құны 2,7 млрд теңге болатын жаңа ғимаратқа көшірілді. Жалпы аумағы 2,4 гектарды құрайтын бұл нысан санитарлық талаптарға толық сәйкестендірілген. Сонымен қатар, орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл трансфузиялық терапияның сапасын арттырып, қан қауіпсіздігін халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп келеді.
2023 жылдың қазан айында «Qazaqstan halkyna» қорының қолдауымен облыстық онкология орталығына жоғары технологиялы жылжымалы медициналық кешен табысталған болатын. Оның құрамында 128 срезды компьютерлік томограф, томосинтез функциясы бар цифрлық маммограф, сарапшылық деңгейдегі УДЗ аппараты бар.
Кешен 12 білікті маманмен қамтылған және шалғай елді мекен тұрғындарына тегін КТ, маммография, УДЗ тексерулерінен өтуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың қараша айынан бері 74 тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, барлығы 7190 тұрғын тексеруден өткен.






