Мазаны алған маймыл шешегі қаншалықты қауіпті?

97

0

Сурет ашық дереккөзден

Коронавирустан есін енді ғана жиған адамзат тағы бір қатерлі жұқпалы дерттен зардап шегуде. Бүгінде әлем елдері маймыл шешегі аталатын жұқпалы  дертпен күресуді бастады. ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейюс маймыл шешек эпидетін халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады.

14 тамызда  Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары кеселдің өршуіне байланысты денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай жариялады. 

ДДСҰ     басшысының айтуынша,  былтыр  маймыл шешегінің тіркелу жағдайы едәуір өскен. Ал биылғы көрсеткіш былтырғыдан да асып түскен. Бүгіннің өзінде  14 мыңнан астам жағдай тіркеліп, олардың 524-і өліммен аяқталған.

«Конгоның шығыс бөлігінде маймыл шешегінің жаңа түрі тез таралуда. Енді оның көрші елдерге немесе Африканың басқа да мекендеріне де тарап кетуі – алаңдатып тұрған мәселе» деп атап өтті ДДҰ басшысы.

Бұл  қандай ауру?

Бұл – маймыл шешегі вирусынан туындайтын зооноздық (адамға жануарлардан жұғатын) жұқпалы ауру. Сондай-ақ инфекция адамнан адамға берілуі мүмкін. Алғаш рет  ауру 1958 жылы зертханалық маймылдар колониясында, ал 1970 жылы адамдарда анықталған. Негізінен Орталық және Батыс Африка елінде кездеседі. 2022 жылы мамырда эндемиялық емес бірнеше елде анықталды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінге дейін маймыл шешегі әлемнің 75 елінде тіркелген, оны 16 мыңнан астам жұқтырған және 5 адам қайтыс болған. Көбінесе инфекция Еуропа мен Америкада анықталады, ерлер арасында жиі кездеседі.

Вирус ауру жұқтырған жануарлармен, атап айтқанда, тышқан және тиін сияқты кеміргіштермен жанасу немесе ауру жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғанда таралады.

– Оның симптомдары инфекция жұққаннан кейін 5-21 күн өткен соң және қызба, бас ауруы мен бұлшықет ауруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, шаршау, қалтырау, теріде желшешек бөртпелеріне ұқсас көпіршіктер пайда болады. Жұқтыру қаупін азайту үшін сақтық шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, ұқсас симптомдары бар (бөртпе, көпіршік, қызба және т.б.), әсіресе жақында эндемиялық аймақтардан келген адамдармен жақын қарым-қатынаста болуды азайтуға тырысыңыз. Ауру жұқтырғандарға күтім жасау кезінде қорғаныс құралдарын қолданған жөн. Бетперде тағыңыз және теріге, бөртпелерге қол тигізбеңіз. Ауру жұқтырған адамның қолдануы мүмкін киім, төсек-орын, сүлгісін, заттарын ұстамаңыз. Қол гигиенасын сақтаңыз, яғни,  қолды үнемі сабынмен жуыңыз немесе антисептик қолданыңыз. Симптомдар байқалған кезде басқа адамдармен қарым-қатынастан аулақ болыңыз және дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Эндемиялық аймақтарға барған кезде абай болыңыздар және барлық қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар. Басқа елге барар алдында сол аймақтағы эпидемиологиялық ахуал туралы ақпаратты тексеріп алыңыз. Бұл сізге ықтимал қауіптерден хабардар болуға және қажетті шараларын қолдануға көмектеседі. Егер үйге келгеннен кейін 21 күн ішінде бөртпе, қызба, бас ауруы немесе лимфа түйіндерінің ұлғаюы сияқты симптомдар байқалса,  дереу дәрігерге қаралу қажет. Медициналық мекемеге барған кезде дәрігердің дұрыс диагноз қойып, тиісті ем тағайындауы немесе зерттеп-қарауы үшін қайда, кіммен қарым-қатынаста болғаныңызды міндетті түрде хабарлау керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  эпидемиологиялық ахуал нашарлаған соң Mpox вирусының (маймыл шешегі) өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялады. Бүгінгі күні елімізде маймыл шешегіне күдікті бірде-бір жағдай тіркелген жоқ. Осы инфекцияны ел аумағына әкелуге жол бермеу үшін профилактикалық шаралар қабылданды. Қазақстанның санитариялық-карантиндік пункттерінде  аса қауіпті ауруларға күдікті науқасты мемлекеттік шекарада анықтау жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі, – дейді  облыстық  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Үкімет те алаңдаулы

Жуырда  Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс маймыл шешегі вирусы мәселесі қаралды.  Премьер-министр Олжас Бектенов әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін, алайда арқаны кеңге салуға болмайтынын атап өтті.

– Көріп отырғанымыздай, әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралуын болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдасын. Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты, –деді Олжас Бектенов.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгінде елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.

– Қазақстан Республикасы аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Аталған инфекцияға күдікті науқас анықталса, жағдайдың ушығуының түрлі сценарийлері бойынша медициналық қызметтің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Дәрілік заттар қорының қажетті көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды. Медицина қызметкерлерін диагностика және емдеу әдістеріне оқытудың қайталама циклдері жергілікті жерлерде жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Дүниежүзін алаңдатқан жұқпалы дерттен еліміз аман болсын деп тілейік.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<