Медицина: Кадр тапшылығы қалай шешіледі?

2063

0

Облыстың денсаулық сақтау саласында өткен жылдың 1 қаңтарында 170 дәрігер жетіспесе, биыл 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша 137 дәрігерге сұраныс бар.

Алдымен айта кету керек, бұл – Сыр елін­­­де ғана емес, тұтас республикаға ортақ мәсе­ле. Тіпті, біздің өңірге қарағанда солтүстікте маман тапшылығы қатты байқалады. Мұның бір себебі биылғы эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылып отыр. Үкіметке медицина мекемелерін кадрлармен қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзімді (он жыл) болжам әзірлеуді тапсырамын» деген болатын.

Маман неге жетіспейді? Әсіресе қандай дәрігерлерге зәруміз? Мәселені шешу үшін қандай шаралар жасалуда?

137 дәрігер керек

Облыста ақ халаттылар тап­шы­лы­ғының бір се­бе­бі – участок саны­ның кө­беюін­де. Ден­саулық сақтау минис­трлігінің «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2016-2019 жылдар аралығында участок саны арттырылды.

Бұрын бір участоктегі 2000 адамға бір жалпы тәжірибелік дәрігер жауапты болса, қазір бұл индикатор 1700-ге төмендеді. Мұндай дәрігерді күнделікті тұрмыста орысша атауынан қысқартып ВОП деп атап кеткеніміз де рас. Ол – әр отбасының сәбиінен бастап қартына дейін жағдайын білетін маман. Бірақ, қалай қарасақ та, бір дәрігерге 2000 адамды қарау ауыр әрі жауапкершілік те жоғары еді. Сондықтан участок санының артуы елге де, дәрігерге де тиімді.

Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жүргізілген  бұл бағдарлама ашылған уақытта облыс бойынша 423 участок,  соған сәйкес 423 дәрігер болған. Ал бағдарлама аясында төрт жыл ішінде қосымша 57 участок ашылды, демек бұл тағы 57 дәрігер қажет болды деген сөз. Осыған орай қазіргі уақытта облыс бойынша 31 жалпы тәжірибелік дәрігерге сұраныс туындап тұр.

Аудандарда маман жетіс­пеушілігі айтарлықтай бай­қал­ма­ғанымен, бұл мәселе облыс орталығында өте өзекті. Облыстық перинаталдық ор­талық, жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық көп­бейінді ауруханаға әлі де дәрігерлер керек. Не­гі­зінен жетіспейтіні – реани­ма­тологтар. Өйткені медицина университетін мұндай ма­мандық бойынша бітіріп ке­ле­тін түлектер саны аз.

– Біздің кезімізде 7 жылда маман болып шығатынбыз. Алты жыл бакалавриат, бір жыл интернатура оқисың, сонда бір маманды дайындауға 7 жыл уақыт кететін. Ал, қазір салалық маман (узкий специалист) 9 жылдан 11 жылға дейін дайындалады. Айталық, неонатальды хи­рург болам десеңіз, 5 жыл бака­лавриат, 2 жыл интер­натура, 4 жыл резидентура оқисыз. Реаниматолог маман дайындауға да дәл сондай уақыт қажет. Оқыту уақыты ұзарған сайын қажетті маманды да ұзақ күтуге тура келеді. Медициналық мекемеде бір дәрігер зейнеткерлікке шықса, оның орнына маман келуі үшін қанша уақыт керегін осыдан-ақ айқын аңғаруға болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Олжас Ысқақов.

Хирург, терапевт, жал­пы тәжірибелік дәрігер, гине­кологтар 7 жылда білім алып, қызметке кіріссе, эндокри­нолог, кардиолог, травматолог, реаниматолог, инфекционист болу үшін резидентура оқу қажет.

– Кешегі күнге дейін инфекцио­нист маманға қажет­тілік жоқ деп келдік. Бұл мамандарға артық жүк­теме де болмаған еді. Ал күрделі эпи­де­мио­логиялық кезең бас­та­лысымен эпидемиолог, ин­фек­ционистің керек екені білінді. Бірақ, көмек керек уақытта қандай дәрігер болса да науқастардың денсаулығы үшін аянып қалмады, – деді О.Ысқақов.

Айта кету керек, соңғы есеп бойынша аймаққа 137 дәрігер жетіспесе, соның ішінде 31 жалпы тәжірибелік дәрігер, 3 пульмонолог, 5 инфекционист, 2 травматолог, 7 неонатолог, 25 реаниматолог, 3 анестезиолог керек.

Мәселені шешу үшін…

Маман жетіспеушілігін шешу үшін биыл бірінші рет басқарма 20 салалық маманға 500 АЕК көлеміндегі үстемақы бермек. Бұл – дәрігердің облысқа келіп, жұ­мысқа орналасқанын ынта­ландыру қаржысы. 

Ең бастысы, 2016 жылдан бастап өңірге  қажетті ме­дицина мамандықтары бо­йынша 91 резидентке  облыс әкімінің гранты тағайындалып, олардың 31-і оқуын аяқтап, медициналық қызмет көр­сетуде. Осы мақсатқа 2020 жылы жергілікті бюджеттен 76, 4 млн теңге қарастырылған. 

Одан бөлек, 2018 жылдан бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина уни­­­верситетімен жасалған ме­морандум  аясында  облыс әкі­мінің  арнайы гранты бө­л­і­ніп, қазір 100 жалпы тә­жірибелік дәрігер  жер­гі­лікті  бюджет  қаражаты  есе­­­бі­нен  даярлануда.  Олар оқуын  аяқтаған соң, бастапқы меди­­­­­циналық-сани­тарлық көмек көрсету ұйым­дарын аймақтық  дәрі­гер­лермен  толық  қамтуға  мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Байқоңыр қала­сында ашылған қазақстандық медицина ұйымына  қажетті мамандарды  тарту және тұрақ­тандыру мақсатында  биыл ком­муналдық меншіктегі  үй­лер­ден  12 пәтер бөлініп, дәрі­герлер тұрғын үймен қам­тылды.

Басқарма басшысының орын­­басарымен сұхбаттасу бары­­сында аймаққа дәрігер жетіс­пеуінің осындай бірнеше себебі бар екенін білдік. Облысқа жыл сайын 100-ге жуық жас маман келгенімен, көбі отау құрып, қызметінен уақытша демалыс алып жатады. Оған пульмонолог, инфек­ционистке деген сұранысты арттырған коронавирус індетін қосыңыз. Соңғы жағдай басты байлық – денсаулықтың қа­дірін ұқ­тырды да, дәрігерге деген құрмет пен қолдауды күшейтті. Ендеше болашақ медицина мамандарының «бі­­тіргесін жұ­мысты қайдан із­деймін» деуіне негіз де жоқ. Қызмет бар, тек олардың міндеті – сапалы білім алу.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<