медицинадағы озық технология жетістіктері
Технологиялық жетістіктердің өмір сүру сапасын жақсарту, ақпарат пен қызметтерге қолжетімділікті арттыру сияқты көптеген артықшылықтары бар. Кейінгі 20 жылда медицинада компьютерлік технологияны қолдану қарқынды дамуда. Ғылым мен техникалық прогрестің арқасында бұрынғыдан да нәтижелі емдеу тәсілдері, халық денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретін технологиялар үнемі жаңарып отыр. Адамзаттың игілігі үшін жасалып жатқан озық технология бүгінде өз жемісін беруде.
Денсаулық сақтау саласына жалпы медицинадағы тың идеялар мен технологиялық жаңалықтар өзінің оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Медицинаның әрбір бағыты жоғары деңгейлі технологияны талап етеді. Бұл емдеу процедураларының сенімділігін арттыруға көмектеседі. Науқастың үміті үзіліп, ауыр жағдайға тап болғанда өмірін сақтап қалуға мүмкіндік тудырады. Адамның денсаулығы мен өміріне, қызметкерлердің сеніміне, клиниканың лайықты беделіне деген жауаптылықты арттырады.
Қазір медицинада инновациялар көп. Бұл салаға жыл сайын қыруар қаржы құйылады. Нәтижесінде медицинадағы инновациялар өте жоғары қарқынмен пайда болуда.
Жаңа жабдық – жанға шипа
Жақында Қазалы теміржол ауруханасы соңғы үлгідегі шетелдік компьютерлік томографияға қол жеткізді. Neusoft Medical – қытайлық компаниясының жасап шығарған жабдығы қызметкерлер мен науқастардың уақытын үнемдемек. Аталған компания – медициналық бейнелеу шешімдерінің жетекші әлемдік провайдері. Neusoft Medical штаб-пәтері Қытайда, кеңселері әлемнің он елінде орналасқан. Компания медициналық бейнелеу саласындағы өз әзірлемелерін үнемі жетілдіріп отырады. Neusoft Medical КТ, МРТ, ангиографтар, рентген аппараттары, ПЭТ/КТ, радиотерапия жүйелері, ультрадыбыстық сканерлер және INVITRO диагностикалық аппараттарын шығарады. Пациенттерді диагностикалау мен емдеуде денсаулық сақтау мекемелерінің мүмкіндіктерін кеңейтетін басқа технологиялармен бірге IT шешімдерін әзірлеумен айналысады. Жаһандық ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми әзірлемелер жүргізуде. Олар Хьюстон, Сеул, Бейжің, Шанхай, Шэньян, Гуанчжоу және Нанкинде орналасқан. Neusoft Medical медициналық бейнелеу шешімдерінің технологияларын ілгерілетуге арналған әлемдік деңгейдегі ғалымдармен, денсаулық сақтау мекемелерімен серіктес.
– Медицина саласындағы жаңа ашылулардың жоғары қарқыны тек ақша үшін ғана емес, адамдардың өмірін жеңілдету, жақсырақ және ұзағырақ ету үшін жұмыс істейтін энтузиастардың көптігімен де байланысты. Медицинаның бір басым бағыты жоқ. Сондықтан инновациялар қаншалықты көп болса адам үшін соншалықты маңызды.
Кейінгі бірнеше онжылдықта заманауи медицина алға үлкен қадам жасағанын атап өткен жөн. Ғалымдардың сансыз жетістіктерінсіз бұл мүмкін емес еді. Қазіргі уақытта ғылымның медицинадағы рөлін асыра бағалау қиын. Заманауи технологиялық жетістіктердің арқасында қазір эндоскопия, ультрадыбыстық, компьютерлік томография және магнитті-резонанстық томография сияқты диагностикалық әдістер бар. Соның нәтижесінде біз неге қол жеткіздік деген сауал туындауы заңдылық.
Медицинадағы ғылымның жетістіктері шынымен де орасан зор. Ең алдымен, дәрігерлер бұрын пациенттердің қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік бермеген ауруларды сәтті емдей алуда. Сонымен қатар көптеген ауруды олардың дамуының ең ерте кезеңінде диагностикалау мүмкін болды. Инновациялар пациенттердің өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай арттыруға көмектеседі, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының директоры Құбыл Ршымбетов.
Бірнеше минутта толық диагноз
Ұзақ уақыт бойы ғалымдарда адам ағзасына әсер еткен микроағзалардың бар-жоғын және табиғатын тез анықтайтын жабдық жасау идеясы болған. Қазіргі уақытта мұндай зерттеуге күндер емес, апталар қажет. Медицинадағы соңғы жаңалықтар бұл жағдайдың ұзаққа созылмайтынына үміт береді. Өйткені швейцариялық ғалымдар бірнеше минут ішінде белгілі бір ортадағы микроорганизмді және оның белгілі бір түрге тиесілігін анықтауға қабілетті аппараттың прототипін ойлап тауып, жасай алды. Болашақта бұл кез келген жұқпалы ауруды ұтымды емдеуді дәл тағайындауға мүмкіндік береді. Аурудың ұзақтығы мен ауырлығын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар асқынудың алдын алады.
Жиырма бес жыл еңбек өтілі бар Қазалы теміржол ауруханасы сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Темірбекұлы Neusoft Medical компаниясының компьютерлік томография аппаратының жұмыс қуатының зор екенін айтады.
– Бұл құрылғының бұрынғылардан өзгешілігі 128 кесінді жасайды. Бір айналымды 7 секундта түсіреді. Сонда 1 минутқа жетпей ағзаны толық түсіруге қабілетті. Сыр өңірінде алғашқы болып теміржол ауруханасы осы заманауи жабдыққа қол жеткізді. Бұнымен адамның дене мүшелерін түсірген кадрлар анық. Миды, ішкі құрылысты түсіруге өте қолайлы. Науқас бойындағы жасырын дертті анықтауға мүмкіндігі мол. Мәселен, бірінші сатыдағы қатерлі ісіктерді анықтайды. Қосымша «Инжектор» деген аппараты бар. Сол арқылы тамырға арнайы контрастық сұйықтық жіберіп, ағзаның ішкі жайын бақылауға болады. тамырдағы қан ұйып қалуы мен жүректегі ақауды анықтайды. Жылдамдығы зор болғандықтан бір күнде 80 адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен бірге 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейді. Денсаулық жағдайын тексеру үшін еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін түсуіне рұқсат. Бойындағы әшекеймен де, темір тіспен де түсе алады. Хал-жағдайынан хабардар болғысы келетіндер арнайы жолдамамен немесе ақылы түрде де келуіне болады, – дейді Ғалымжан Темірбекұлы.
Оның айтуынша, ауруханаға Қазалыдан бөлек, Қармақшы, Байқоңыр және Аралдан келетіндермен қатар 25 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Жабдық көмегімен бірнеше дертті анықтаған. Атап айтқанда, онкология, миға қан құйылу мен қан бармай қалуын, туберкулез, бронхит пен өкпенің қабынуын, асқазан жолдарының ақауын анық көрсеткен. Өте сапалы түсірген соң 3D форматта компьютерден көрінеді. Бүйрек, бауыр, ұйқы безі, талақ, асқазан бәрі-бәрі түсіріледі. Дегенмен ең әуелі асқазанды босатып, тазалағаннан кейін процедураға кіріседі. Тамыр арқылы арнайы контраст жіберумен қызмет үдерісі іске асады. Аталған жабдықпен ауруды анықтаудың түрлі тәсілі бар.
Жоғары санатты дәрігер-рентгенолог Ерболат Дәрібаев теміржол ауруханасында 47 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде онымен бірге сәулелік диагностика бөлімінде дәрігер-рентгенологтар Кемали Фархад пен Амангелді Қанатов, лаборанттар Нұрболат Мыңболсын, Биболат Тілеубай, Жадырасын Азиев, Мұрат Байболат пен Мақсат Жалғасбек халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде.
– Ұжым өте ұйымшыл. Әркез келушілерге жылышырай танытып, дертін дөп басуға тырысамыз. Айына 500 адамды қабылдаймыз. Құбыл Ршымбетұлының алысты бағамдайтынының арқасында заман талабына бейімделіп келеміз. Технология ағымынан қалыс қалмауға мүмкіндік жасалғанына қуанамыз. Жұмысымыздың жедел әрі тез орындалғаны өте ыңғайлы. Осындай жаңа аппарат арқылы аурудың қыр-сыры анықталып, қорытынды шығарылады. Алғаш рет 2012 жылы алынған компьютерлік томография 2 кесінді жасаса, 2017 жылы қол жеткізгені 16 кесінді шығаратын. Бүгінгі күні 128 кесінді арқылы диагноз қою жеңілдеді. Сонысымен сапалы көмек көрсетуге пайдасын тигізіп тұр, – дейді Ерболат Тәжібайұлы.
Денсаулықты түзеуге септескен
Қазалы теміржол ауруханасы нейроинсульт бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Өтеулінің айтуынша, бөлімше қызметі аудан, облыс және республика көлеміне аян. Ашылғаннан бері қаншама науқас емделіп, өмірге қайта оралып жатыр.
– Біздің нейроинсульт бөлімшесінің негізгі мақсаты – ең ауыр неврологиялық және инсульт алған науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету, ерте сауықтыру. Науқасты емдеудің, аурудың алдын алу және тексеру әдістерінің маңызы ерекше. Әсіресе компьютерлік томография мен магнитті-резонансты томографиялық зерттеудің пайдасы зор. Нейроинсульт бөлімшесінде науқастардың толық тексеріліп, диагностикалық зерттеулерден өтіп, толық емін алуына барлық жағдай қарастырылған. Осы жайлылықты ұсынып отырған аурухана басшылығы халықтың алғысына бөленуде. Жаңа әдістермен диагнозды дәл қойып, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ықпал етіп отыр, – дейді Шолпан Өтеулі.
Дәрігердің айтуынша, теміржол ауруханасы соңғы үлгідегі аппараттармен жыл сайын жабдықталуда. Соның бірі – КТА бөлімге түскен науқастардың ауруын анықтауға мол септігін тигізуде. Ескілерден артықшылығы тез сканерлейді. Суреттері өте анық. Рентген сәулесінің жанама әсері 75 пайызға дейін азайтылған. Денеге жіберілетін контраст заттар көлемі 15%-ға аз. Зерттеу кезіндегі анатомиялық тексеру ауданы кеңейтілген. Ерте сауықтыру кезеңі үшін де қажетті құралмен, емдік жабдықпен қамтамасыз етілудің мүмкіндігі зор. Соның нәтижесінде инсульттің геморрагиялық түріне нейрохирургтер ота жасайды.
Бұл аппараттарға қоса, жаңадан сандық үлгідегі автоматтандырылған рентген құрылғысы да алынған. Ол орталықтағы Қазалы теміржол емханасы – 1-де орналасқан. Аталған жабдық кішкентай бөбектен бастап, егде жастағы қарияларды да түсіреді. Кез келген сүйек сынықтарын анықтайды. Басы ауырып, балтыры сыздап келгендерді түсіруге мүмкіндігі бар. Тез, жылдам, нақты диагноз қойылады. Тағы бір ерекшелігі, асқазандағы тесік пен жұтқыншақ жолындағы, өңештегі ісікті көрсетеді. Ол үшін арнайы бор ішіледі. Теміржол емханасындағы рентген кабинетінде рентген лаборанттар Жалын Көбенов, Әнуарбек Батырбек, Қуанбай Аманжол, мамограф лаборант Қарлыға Сырлыбаева халыққа кеңес беруде.
Сонымен қатар теміржол ауруханасының зертханасына жаңадан бактериологиялық Scan-10 анализаторы келді. Жанында D2 mini аппараты бар.
– Бұл анализатор қанның стерильдігін және антибиотикке сезімталдығын анықтайды. Сол арқылы науқастардың дәрі-дәрмектің 23 түріне тітіргенгіштігі нақтыланады. Қанның стерильдігі нәтижесі үш күнде, антибиотик сезімталдығы екі күнде шығарылады. 2021 жылы қазанда әлемге үрей туғызған жұқпалы індет анализдерін анықтауға арналған ПЦР зертханасы ашылған болатын. Бүгінде бұл ауру азайғандықтан, анализдер де тоқтап тұр. Сондағы ПЦР зертханамызда тұрған ламинар бокс пен DT прайм анализаторды модернизациялау мақсатында онкологиялық ауруларды анықтауға 5 түрлі онкомаркер, әйел және ер адамдарда кездесетін жыныстық инфекцияларды табатын және гепатит Б, С мен хеликобактер реактивтеріне тапсырыс берілді, – дейді зертхана меңгерушісі Айнагүл Исаева.
Бұдан бөлек Қазалы теміржол ауруханасының офтальмолог-дәрігері Берік Жадырасын тағы бір жаңалығын бөлісті. Берік Балдақұлының айтуынша, жақында ауруханаға көзге ота жасайтын Centurion факомашинасы алынған.
– Медициналық құрылғының арқасында осы жылдың мамыр айында көпбейінді облыстық ауруханадан әріптесіміз, окулист Мұрат Байқадамов 10 науқасқа операция жасады. Алдағы уақытта ай сайын 10-15 науқасқа катарактаға ота жасалып тұратын болады. ИВИ интравитреалды иньекция жасалады. Қазалы мен Арал аудандарынан наукастар келіп, оперативтік жолмен ем кабылдайды, – дегенді алға тартты көз дәрігері.
Қазалы теміржол ауруханасының басшысы Құбыл Ршымбетов айтқандай, алдағы уақытта тағы да бірнеше заманауи жабдықтар алуды көздеп отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<