Науқасқа күтім жасауды үйрететін мектеп

266

0

Бүгінде Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Пациенттер мен олардың туыстарына күтім жасау тәсілдерін оқыту» арнайы мектебі ашылып, жұмыс істеуде. Мұндағы мақсат – емделушілер мен олардың жақын туыстарына ауру кезінде немесе одан кейінгі күтімді тиімді әрі дұрыс ұйымдастыру жолдарын үйрету. Бұл бастама халықтың медициналық сауаттылығын арттырып ғана қоймай, науқастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Мұндай мүмкіндік колледж бас­шылығы мен Латвияның Рига ме­дициналық колледжі арасындағы Еуроодақ деңгейіндегі меморандум аясында осы оқу орнының озық тә­жірибесі негізінде пайда болды. Екі­жақты келісімге сәйкес былтыр жыл соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ол­жас Ысқақов бастаған делегация Латвияда өткен халықаралық кон­фе­ренцияға қатысты. Іссапар бары­сында қызылордалық делегация бі­лім алу, тәжірибе алмасу мақса­тын­да сол елдің емдеу мекемелеріне барып, пациенттер мен олардың туыс­тарына күтім жасау әдістерін оқыту жүйесімен танысты.

– Бұл мектеп – халықаралық тәжірибе мен отандық медици­на­лық білім беру жүйесінің ұтымды үйлесімі. Латвиялық әріптесте­рі­міз­дің қатысуымен жүзеге асқан жо­ба кәсіби күтім мәдениетін дамы­тып, қоғамдағы медициналық жа­уап­кершілікті арттырады. Биыл сәуір айында Рига-1 медициналық колледжінің лекторлары, Ригадағы №2 аурухананың мейіргерлік күтім бөлімшесінің аға мейіргерлері Инга Приеде, Сэндия Шпацс-Дагэмен, көп­бейінді даму жөніндегі маман Илзе Вациете бізге келіп, мейіргер ісі пәнінің оқытушыларына, емха­на ме­йіргерлеріне дәріс өтіп, сер­ти­фикат табыстады. Тренерлер аймақ­­тағы барлық емхананың мейір­гер­лерін, нау­қастар мен оларға күтім жасайтын жақындарын оқытуды бас­тады. Әзірге 15 пациент пен туы­сы білімін толықтырды, – дейді Қы­зылорда медициналық жоғары кол­леджінің практика жөніндегі орынбасары Айгүл Сеитова.

Қала тұрғыны Гүлнар Серік­бек­қызы жолдасы 8 ай бұрын инсульт алып, төсекке таңылғалы оның кү­тімімен өзі айналысып жүр. Сон­дық­тан бұл курстың маңызы зор деп есептейді.

– Бірінші рет басымызға осын­дай жағдай түсті. Мұндайда нау­қастың өзіне де, күтушісіне сал­мақ артылады. Көп нәрсені білмеген­дік­тен қатты қиналдым. Өзіміз тір­келген емхана мамандары осындай мектептің барын айтып, жіберді. Мек­тепте оқу барысында біраз пай­далы мәлімет алып, тәжірибеге қанық­тым, – дейді ол.

Тәжірибелі тренерлер пациент­тер мен олардың туысқандарына төсектегі науқасқа қалай күтім жа­сау, жамбасы ойылып қалмас үшін не істеу керегін, эргономика, инсульт, деменция, тағы басқа диагнозы бар науқастарды оңалту тәсілдерін үй­ретіп жүр. Сабақ барысында жа­санды интеллект әзірлеген плат­формалар да пайдаланылады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»