Некеге дейін дәрігерге көріну бастаманың оң мен солы

1612

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

Елімізде бірқатар шет елдегі сияқты болашақ жас жұбайларға кешенді медициналық тексеруден өту, отбасылық жұптардың денсаулық паспортын енгізу ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, Денсаулық сақтау министрлігінің «Әрбір әйел – әрбір бала» тұжырымдамасының жобасында «Отбасылық жұптардың денсаулық паспортын» әзірлеу және іске асыру,  некеге тұрғанға дейін қыздар мен жігіттерді ерікті профилактикалық тексеруді көздейді.

«Бұл жобаны іске асырудың мақсаты – ана өлімінің жиілеуіне, жастардың репродуктивтік және соматикалық денсаулығын сақтауға, нығайтуға барынша әсер ететін кейбір ауруларды анықтау. Жыныстық жолмен берілетін генетикалық, соматикалық және инфекциялық ауруларды уақытылы ерте анықтау мен жүктілікті жоспарлаудан бұрын емдеуді бастау. Елімізде нәресте өлімінің 58,7%-ы  дене салмағы 2500 грамнан кем шала туған нәрестелер, ана өлімінің барлық жағдайларының 46%-ы әйелдің әртүрлі созылмалы ауруларына байланысты», – деп жазды министрлік.

Сонымен қатар  жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралу проблемасы бар. Олар адамның және болашақ ұрпақтың денсаулығына әсер етеді. Елімізде АИТВ инфекциясының барлық жаңа жағдайларының 74,7%-ы жыныстық жолмен берілген, ал үш негізгі ЖЖБИ – мерез, гонорея және трихомониаздың таралуы ресми статистикаға қарағанда 3-3,5 есе жоғары.

«Ана өлімінің, жыныстық серіктестің инфекциясының немесе ұрық өлімінің алдын алудың ең жақсы тәсілі – ауруды уақытылы анықтау және емдеу. Халықаралық тәжірибені талдағанда, әлемнің көптеген елінде некеге дейінгі медициналық зерттеп-қарау тәсілі енгізілген. Ұсыныстардың нақты тізімі әр елдің экономикалық, мәдени, діни және медициналық жағдайларына байланысты өзгереді. Некеге дейінгі зерттеп-қараудың мақсатына айналған үш алғышарт бар. Кейбір ауруларды анықтаған кезде қоғамдық денсаулыққа әсері зерттеледі, болашақ ерлі-зайыптылардың денсаулығының нашарлауына және ауру ұрпақтардың тууына жол бермейді, ықтимал аурудың алдын алу немесе емдеу мүмкіндігіне байланысты болады. Мұндай аурулардың арасында талассемия, орақ тәрізді жасушалы анемия, АИТВ, В және С гепатиттері, қызамық, мерез,  басқа жыныстық жолмен берілетін аурулар жиі кездеседі», – делінген хабарламада.

Расында кейінгі уақытта сырқат түрлері көбейіп кеткені белгілі. Әсіресе, туабітті науқасы бар сәбилердің тууы жиілегені байқалады. Болашақта мұндай бала дүниеге әкелмес үшін жастардың некелесер алдында медициналық тексеруден өткені әрине, құптарлық. Не нәрсенің де алдын алу болашақта болатын қауіптен сақтайтыны рас. Бірақ біздің халық бұған дайын ба? Ұсынысты көпшілік қалай қабылдар екен?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемнің бірқатар елінде жастарға некелесер алдында арнайы дәрігерлік тексеруден өтуді заң жүзінде міндеттейді. Мәселен, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Болгария, Украина, Молдавия және АҚШ-тың бірнеше штаттарында бұл үрдіс қалыптасқан. Отбасын құруды қалайтын жұптар болашақ ұрпағының өміріне кедергі боларлық қауіпті дертті таратпас үшін алдын ала генетикалық ауытқулар бойынша анализ тапсырады. Әсіресе қыз бен жігіттің бір-біріне туыстық қатынаста болу-болмауы жіті қадағаланады. Сондай-ақ, Жерорта теңізінің кейбір елдерінде немесе Араб шығысында талассемия мен орақ тәрізді жасушалы анемияға некеге дейінгі міндетті тексеру жиі кездеседі, бұл жақын адамдар некелесуінің жоғары таралуына байланысты. Қандай да бір ауру немесе аурудың даму қаупі болған жағдайда жастардың арасындағы некені тіркеуге тыйым салу емес, зерттеп-қаралып, медицина қызметкерлерінің уақытылы консультациясын алу міндеті тұр. Денсаулық сақтау министрлігі аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шәкизат Халықованың айтуынша, бұл бізде жастардың генетикалық саулығын сақтау үшін жұптардың денсаулығын тексеріп,  жоспарлы жүктілікке дайындалу үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, ол  тұжырымдама некелесуге болмайды дегенді білдірмейтінін, яғни, некеге тұруға тыйым салмайтынын айтады.

Генетикалық саулық демекші, елімізде 2007 жылдан бері қабылданған жалпыұлттық мемлекеттік бағдарлама бойынша бүгінде кез келген жүкті әйел генетикалық скринингтен өтеді. Құрсақтағы балада Даун, Эдвардс синдромы сынды күрделі ауытқулар, басқа да сырқаттардың болу қаупі қандай деңгейде екенін айқындайтын қан сараптамасы кейде әйелдерді уайымға салып қояды.

– Жүкті әйелдерді генетикалық скринингтен өткізу жөнінде елімізде қабылданған құжаттың мақсаты – мүгедек бала туудың алдын алу, туабітті кемістігіне байланысты бала шетінеуін азайту. Мүгедек бала –  бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның өзекті мәселесі. Әсіресе, туабіткен генетикалық кемістік емделмейді. Сондықтан осы мәселенің алдын алу үшін генетикалық скринингтен өту маңызды. Бүгінде барлық жүкті әйелдер диспансерлік бақылауға тұрғаннан кейін биохимиялық скринингтен өтуі міндетті. Кейбіреулер «мұндай ауру менде болмайды» деп ойлауы мүмкін. Шынтуайтында, табиғи мутация мен хромосомдардың дұрыс бөлінбеуінен ешкім де сақтандырылмаған. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша аяғы ауыр әйел үш рет ультрадыбыстық скринингтен өтуі міндетті. Оның біріншісі алғашқы триместрде, яғни, жүктіліктің 10-14 аптасында, екіншісі 19-20 апта аралығында, үшіншісі 32-34 аптада жүргізіледі. Бұлардың ішіндегі маңыздысы – екінші триместрдегі ультрадыбыстық тексеру. Мұнда іштегі шарананың жағдайы, мүшелерінің қалыптасып дамуы 22 параметр бойынша тексеріледі. Егер баланың дамуында қандай да бір күрделі кемістік барын бір УДЗ дәрігері ғана емес, басқа да мамандар нақтыласа, онда мәселе дәрігерлік кеңес беру комиссиясында қаралады. Оның құрамында генетик, УДЗ дәрігері, неонаталды хирург және баланың қай жерінде кемістік бар, сол саланың маманы болады. Бұдан кейін құрсақтағы баланың жағдайы туралы ата-анасына хабарлап, мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Жүктілікті үзу туралы соңғы шешімді ата-ана қабылдайды. Біз ешкімді «балаң кем болып туады, оны алып таста» деп мәжбүрлемейміз, – дейді облыстық перинаталдық орталықтың медико-генетикалық орталығының меңгерушісі, генетик дәрігері Рима Махамбетова.

Маманның айтуынша, былтыр 68 жүктілік тоқтатылса, биыл алты айда 30-ға жуық жүктілік үзілген.

Министрлік өкілдерінің жоғарыдағы жобаны, яғни, жұптарды неке алдында медициналық тексеруден өткізуді қолға алуы жастар мен жасөспірімдер денсаулығының деңгейін көрсетсе керек. Құзырлы орган ұсынған мәліметтен де олардың арасында жұқпалы, сирек кездесетін  аурулар белең алып отырғанын байқаймыз. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да аймақтағы жасөспірімдер арасындағы аурушаңдық жөнінде мәлімет сұратқан едік. Деректерге сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы аурушаңдықтан бірінші орында тыныс алу мүшелерінің сырқаты тұр. 10 мың тұрғынға шаққанда биыл 8011,8 болып, өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Одан кейінгі орында асқазан-ішек жолдарының аурулары. 10 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 2912,5-ке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артқан. Үшінші орында несеп-зәр шығару жүйесінің аурулары тұр. Жасөспірімдер арасында бұл ауру былтырмен салыстырғанда биыл 9,1 пайызға жоғарыласа, балалар арасында да 10 мың балаға шаққанда 403-ті көрсетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға көбейген.

Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік те қоғамдағы медициналық, психологиялық және әлеуметтік өзекті мәселе екені белгілі. Жалпы 18 жасқа дейінгі жүктілік ерте жүктілік деп аталады. Ең жиі кездесетіні 15-17 жас аралығындағыларда. Былтыр ерте жүктілікпен 138 жасөспірім тіркеліп, оның 70-і босанса, 5-уі түсікпен аяқталған. 2021 жылы ерте жүктілік көрсеткіші 141-ді құраған. Ал биылғы алты айда есепке тұрған жасөспірім саны – 63. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі жағдайға артық.

Тиісті орындар ұсынған осындай деректерден кейін  министрлік ұсынып отырған жобаның маңыздылығын ұғына түсетіндейсің. Ал көпшіліктің көңілінен шығар ма екен? Осы орайда бірнеше пікірлерді ұсынып отырмыз.

– Министрлік ұсынып отырған жаңа жобаның  оң жағы да, теріс жағы да бар деп ойлаймын. Бірінші оң жағына тоқталсам, бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес қабылданғалы отыр. Себебі зерттеп қарасам, некелесер алдында жастардың медициналық тексерістен өтуі шетелдерде қолданылып жүрген заң екен. Енді әке ретіндегі пікірім дұрыс, қажет деп ойлаймын. Шынында бұл – көп қауіптің алдын алу. Экологиялық проблема бар, кешегі пандемиядан өткен жағдайымыз бар, онан бөлек, қазіргі кезде бұрын естіп-білмеген сырқат түрлері пайда болып, жиі көрініс беруде. Әсіресе, жұқпалы аурулардың белең алуы қауіпті. Сондықтан адам бойындағы бар кемшілікті, яғни, отбасы болуға кедергі келтіретін, зиянын тигізетін ауруларды алдын ала білген дұрыс. Бұл жерде намыстанатын, ұялатын ештеңе жоқ. Керісінше, үйленуге ниетті жастардың бір-біріне деген сенімі ұлғаяды, араларында күмән болмайды деп ойлаймын.

Бірақ біздің менталитетімізге байланысты қиындау болатын сияқты. Сондықтан мұны қолданысқа енгізбес бұрын кеңінен насихаттап, ақпараттандырып, халыққа жақсылап түсіндіру керек. Ал теріс жағы деп отырғаным, бұл қомақты қаржыны талап ететін секілді. Сондықтан ол анализдерді тапсыру, яғни, медициналық тексеру тегін, яғни, ақысыз негізде болуы керек шығар. Негізінен қолдайтын бастама, – дейді облыстық дарынды балаларға арналған білім-инновация лицейінің әкелер кеңесінің төрағасы Еркебұлан Есенбаев.

Ал көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Алтынкүл Дәрібаева отандық медицина енгізгелі отырған «жаңалықтың» халқымызда бұрыннан бар екенін, әйтсе де жастарды некелесер алдында медициналық тексеруден өткізу туралы бастаманың дер кезінде көтеріліп отырғанын айтады.

– Біздің халқымыз қан тазалығы деген мәселеге ерте заманнан-ақ ерекше мән берген. Сондықтан жас ұрпаққа жеті атаға дейін үйленбеу керектігін айтып, құлаққа құйып отырған. Бүгінде  медицина, технология, жалпы заман дамып жатыр ғой. Ұлттық құндылықтарымыз, болмысымыз соның көлеңкесінде қалып бара жатыр ма деп те ойлайсың. Оның үстіне ауру  жас талғамайды. Қазіргі жастар әлжуаз. Отау құрған жұптар арасында сәби сүйе алмау мәселесі де жиі айтылып жүр. Осындай жайттарды ескере келе мұндай мәселенің көтерілуі дұрыс деп ойлаймын, яғни, жастарды некелесер алдында медициналық тексеруден өткізгеннің артықтығы жоқ. Өз басым мұны жақсы қабылдаймын, – дейді ол. 

– Кез келген жаңа отау құрған отбасы балалы болмас бұрын дәрігерге қаралуға, ақыл-кеңес алуға тиіс. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың бірінде немесе жақын туыстарында тұқым қуалайтын сырқаттары болса, жұптар өзара жақын туыс болып келсе, әйелдің жасы 35-тен, ердің жасы 45-тен асқан болса, онда олар генетикалық тексеруден өтуге міндетті. Әр ата-ана балалы болуды алдын ала жоспарлағаны дұрыс. Егер елімізде шетелдердегі секілді жұптарды некелесу алдында дәрігерлік тексеруден өтуге міндеттесе тіпті жақсы болар еді. Өйткені ол жұптар үшін, болашақ өмірге келер ұрпақ үшін маңызды, – дейді генетик-дәрігер Рима  Махамбетова.

Жоғарыда тоқталғанымыздай, дәрігерлер бірқатар қауіпті әрі жұқпалы аурулардың жасарып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұл бейжай қарайтын нәрсе емес. Өйткені болашақ дені сау ұрпақпен ғана жарқын, құнды. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, бала кезде болмаса жасөспірім шақта жабысқан ауру ересек кезде өз «ізін» қалдырмай қоймайды. Сол секілді тұқымында бар сырқат та әйтеуір бір көрініс табатыны сөзсіз. Онан бөлек, қазіргі уақытта жастардың өмір салты, киіну әдебі мүлдем өзгерді десек болады. Біздің балалық шағымызда күн суытса ұзын қоныш етік, ұзын етек пальто кию қалыпты болса, бүгінгі жастар үшін бұл ерсі. Сенбесеңіз көшеге шыққанда айналаңызға зер салып қараңызшы. Қыстың қатулы күндерінің өзінде аяқта жеңіл красовка, жалаңбас, үстінде белін әзер жабатын куртка. Қысқа шұлықтан тобығы жылтырап жүргендері. Ұлдың да, қыздың да киім киісі осы. Жас күнімізде әжелеріміз «табаннан өткен ыза тұла бойыңды тоңдырады, суық шалады» деп отыратын. Бүгінде жастардың ауруға бейім болуының басты себебі бәлкім, осы шығар?  Қалай десек те мамандардың некелесу алдында жұптарды медициналық тексеруден өтуді міндеттеу жөніндегі жобасы дер шағында көтеріліп отыр ма дерсіз. Ал жастардың өзі бұған қалай қарайды екен? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<